"Орыс тілінің ықпалынан шыға алмаған": "Ойжұмбақ 2" мультфильмінің қазақша аудармасы сынға қалды
13 маусымнан бастап “Ойжұмбақ 2” мультфильмі Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіле бастады. Ал 14 маусымда тура бір күнде фильмнің қазақша нұсқасы 10 миллион теңге қаржы жинады. Бұл – қазақша дубляждың “Аватар. Су жолы” фильмінен кейінгі рекорды. Дегенмен қате жоқ емес. Біраз тіл маманы мультфильм жақсы дубляждалғанымен, мәтінде қате көп дейді. Олар кейбір сөздердің аудармасына көңілі толмай, дұрыс нұсқасын ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixar
Бұл жолы туындыны қазақша дубляждауға Disney компаниясы қолдау білдірген. “Ойжұмбақ 2” әлемде 30 тілге аударылса, соның ішінде қазақ тілі де бар. Осындай жаңалықты дубляж авторлары мен тіл мамандары алдын ала жарыса хабарлап, халықты мультфильмнің қазақша нұсқасын қолдауға шақырды. Нәтиже жоқ емес. Көбі мультхикаяны қазақша көргенін жазып, өзгелерді де қазақша нұсқасын қолдауға шақырып жүр.
Дегенмен тіл мамандарының құлағына түрпідей тиетіні – фильмдегі қазақшаға тікелей аударылған сөздер. Мысалы, “немен айналысамыз”, “бәрі дұрыс па”, “мұнда жаттығу”, “парасаттылық” сөздері.
“Қазақшаның уызына тоймағандық”
Тілмаш, “Аударгазм” Telegram-арнасының авторы Асқар Базарбай атау ретінде ең нашар нұсқа таңдалған дейді. Дегенмен ол дубляж тобына ризалығын білдіріп, аударма мәтініне тоқталды.
“Білмейм", "бармайт", "келмейт", "айтад”. Ара-тұра "жаныңа батад" деген бірлі-жарым аудармашылық біліктің жарқ еткен тұсы болмаса, сол баяғы орысша сөйлемдер, орысша одағайлар, сөздік.kz-пен жасалған аударма. "Не-ме-не?" дейтін жерде "Не-е-е?" дейді. Фильм соңына дейін "Не?" дегеннен құлақ тұнады. "Же!" дегің келеді. Қазақ "не?" деп қай кезде айтатынын аудармашы білмейтініне күмәнім бар. Қазақшаның уызына тоймағандық. Қиялсыздық. Сол баяғы: "О жоқ!", "Тіс сауыты". "Басылып тасталған эмоциямыз". "Тұтығып, тұншығып жатқан" не "іштен тынған" деп қазақша айтса, несі кетер еді деймін. Басы артық есімдіктер, көркемдік жоқ. Одағайлар – бөлек мәселе. Нақты бұл фильм емес, қазіргі дубляждардың ортақ күнәсі. Сонша күткен фильм еді”, – деді ол.
- "Баптағаны нес?" дейтін жерде "Қандай баптау?" дейді. Уффф. "Неғылған баптау?", "Қайдағы баптау" десе ең құрығанда.
- "Қарадым/айттым тек" дейтін жерде "жай ғана қарадым/жай ғана айттым".
- "Ал енді не істейміз?" дейтін жерде "СонЫМЕН, неМЕН айналысамыз?" дейді.
- "Тыныштық па?" дейтін жерде "Бәрі дұрыс па?",
- "Құдайым,-ау" дейтін жерде "О, құдайым" дейді.
- "Ауырған жоқ па бір жерің?" дегенді "Бәрі дұрыс па?" дейді.
- Етістіксіз сөйлем: "Мұнда жаттығу!" Таза механикалық, меңіреу аударма”, – деп жазды аудармашы Асқар Базарбай.
“Құсық емес, бірақ "Бәрі дұрыс па?" деп кейіпкерді қайта-қайта зар қақтырған фильмнің сұрағына, "Жоқ, қате тұстары да жетеді!" деуге тура кеп тұр. Тәжірибе жетіспейді. Тәуір деңгейге жету үшін 15 жыл аз ба сіздерше? "Батыл жүрек" кейсін зерттеп, зерделеп, жақсысын алуға бола ма? "Сенде бәрі дұрыс па?" деген сұрақты қазақ тест тапсырған соң қояды, ал мұнда ол "У тебя все в порядке?" дегеннің тікелей калькасы. Ал орысшасы ағылшыншадан калька "Are you ok/alright?". Орыстар бұл контекстіде "Ты цел?" деуші еді. Қазақтар да тиісінше "Қол-аяғың аман ба?" дегендей болар еді”, – деді Асқар Базарбай.
“Парасаттылық” емес, “түйсік”
Ал “Калькасыз қазақ тілі” Telegram каналының авторы, редактор Назгүл Қожабек фильмдегі “парасаттылық” сөзіне тоқталды. Оның сөзінше, бұл сөзді тіпті “парасат” демей, “түйсік” деуге болар еді.
"Ойжұмбақ 2" мультфильмін жаңалықПЕН бөлісетін кісі аударған екен. Бұл фильмнің аудармасы қазақ тіліндегі терминологияның бар проблемасын көрсетіп берді. Бір-ақ сөзді мысал қылсам деймін. Self-awarennes – самоосознание. Cоны "Парасаттылық" дейді. Біріншіден, парасаттылық деген – жасанды сөз, жай ғана парасат деуге болады. Екіншіден, жасөспірім қыз қайда, парасат қайда? Фильмде айтылған нәрсені, ағылшын тіліндегі, орыс тіліндегі мағынасын беретін қазақ тіліндегі сөз – түйсік, түйсіну. Қазақ тіліндегі осы бір сөзді біресе "инстинкт", біресе "интуиция" терминдеріне балап, ары тартып, бері тартып, негізгі мағынасынан айырып жібердік. Шындағанда, түйсік - адамның жақсы мен жаманды айыра білу қабілеті. Түйсік – адамның қай әрекеті орынды, қай әрекеті орынсыз екенін сезе білу қабілеті. "Түйсіксіз" деген сөзде интуиция не инстинкт жоқ деген мағына тұрған жоқ, адамның ішкі жақсы-жаманды айыратын фильтрі жоқ деген айтылып тұр. Ал біз сөз таппаймыз да, соны біресе сана дедік, енді келіп парасат дейміз”, – деп пікір білдірді Назгүл Қожабек.
“Естеліктердің теріс әсер етуін қалай тоқтатамыз?”
Журналист, редактор Баян Хасанова “аудармашылар орыс тілінің ықпалынан шыға алмаған” деп баға берді.
“Ойжұмбақ 2-ні” көріп біткенше жүйке де бітті! Тегін аударып береміз! Ағылшын тілінен тікелей аударма жасаса да, орыс тілінің ықпалынан шыға алмаған. Әрбір диалогта бір “бұзылған” тіркес жүр. Хоккей алаңында құлап жатқан қызға ең болмағанда “Жазым болмадың ба?”, “Бір жерің ауырып қалған жоқ па?” демейді, жауыр болған “Бәрі дұрыс па?” деп сұрайды. Сосын “парасаттылық” (сана-сезім ғой), “бас бөлімі” (бастың іші) деп құлағымды қырып жіберді. Не айтқысы келетінін сәлден соң түсіндім”, – деп пікір білдірді редактор өзінің Facebook парақшасында.
Баян Хасанова “Біреу сұрақ қойса, “мен білмеймін”, “мен көрмедім” деп жауап бермейміз, “Білмеймін, көрмедім дейміз, бітті!” деп мысал келтірді.
“Ол енді “укладка” үшін керек болса да, редакторлар басқа бір амалын ойлап табуға тиіс еді. Ең ауыр нүктені “Естеліктердің теріс әсер етуін қалай тоқтатамыз?” деген сөйлем қойды. Күлейін бе, жылайын ба? Фильмді кім аударды, редакторы кім? Дыбыстаған кімдер? Неге жазылмайды? Дубляж әдеттегідей сәтті шыққан. Мазмұнды фильм, түсінгенге. Әттең, соны бірден түсінуге аударма кедергі болды. Атауының өзі “Inside out” бірдеңенің өңін айналдыру. Фильмде жасөспірім Райлидің ішкі сезімдері шайқасады. Санасы сарсаңға түсіп, іштей арпалысады. Бұрынғы эмоциялардың орнын жаңа эмоциялар басып, онысы әрекеттерінен көрінеді. Атаудан ауытқымау керек болса, “Сергелдең”, “Тоң-теріс” деген сияқты аттар ұсынар едім. Бірақ мұның өзі аша ма, белгісіз. Оны енді ұзақ ойланып, “бастармен” ақылдасу керек. Балаларға жаным ашыды. Формализммен, цифр қуумен емес, сапалы өнім берумен айналысатын уақыт жетті ғой”, – деп күйінді редактор.
Айта кетейік, биыл Disney киностудиясының 3 бірдей – “Ойжұмбақ 2”, “Моана 2” және “Муфаса: Арыстан патша” мультфильмдері қазақ тілінде прокатқа шығатыны хабарланған.