Жаңа жыл түні мейрамханадағы өрттен адамдарды құтқарған екі қазақстандық марапатталды

Жамбыл облысында биыл 1 қаңтар күні Тараз қаласында болған өрт кезінде батылдық мен жанқиярлық көрсеткен қазақстандықтарды марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы тау қорықшылары полкінің жауынгері, сержант Ерғали Кенжебаев "Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін" медалімен марапатталды. Сонымен қатар адамдарды эвакуациялауға қатысқан Тараз қаласының тұрғыны Таймырза Сейітханға да алғыс хат табысталды.
Фото: gov.kz/(Ерғали Кенжебаев)
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жаңа жыл түні сержант Ерғали Кенжебаев жанармай құю бекетіне келгенде Жамбыл даңғылының бойындағы мейрамханадан қою түтін шығып жатқанын байқайған.
Дереу оқиға орнына барған әскери қызметкер өрттің мейрамхананың жазғы қосымша құрылысын шығып жатқанын көрген. Ғимараттың кіреберісін қалың түтін жауып, жағдайды қиындатқан.
Ерғали Кенжебаев төтенше жағдай қызметкерлерін күтпей, өз өміріне қауіпті екеніне қарамастан түтінге оранған жертөледен баланы таза ауаға алып шыққан. Кейін қайта оралып қалған адамдарды қауіпсіз жерге шығаруға көмектескен.
“Мұндай істер азаматтық жауапкершілік, жанашырлық пен қиын сәтте қол ұшын созуға әзір тұрудың айқын үлгісі. Марапатталғандардың батылдығы мен жанқиярлығы шынайы құрмет пен бағалауға тұрарлық”, – деді Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Тоқанов.
Министрлік екі азаматтың әрекеттерінің арқасында адамдар дер кезінде эвакуацияланып, ауыр зардаптардың алды алынғанын атап өтті.
Еске салсақ, Таразда Жаңа жыл түні екі ірі өрт шығып мейрамхана мен тұрғын үйден адамдар эвакуацияланғаны туралы жазған едік.
Алматыда оқу ақысы 5 миллион теңге болатын элиталық мектепте оқушыларға шикі тамақ берілген