Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жаңа салмаққа әлі толық бейімделмедім": Ризабек Айтмұқан Азия чемпионатындағы нәтижесі туралы

Еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан Қырғызстанда өтіп жатқан Азия чемпионатындағы нәтижесі туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне ой бөлісіп, чемпион атануға не жетпей қалғаны туралы пікір білдірді.

Фото: Олимпиада комитеті

Финалда Ахмед Тажудиновтен 2:4 есебімен ұтылып қалған спортшы финалда физикалық тұрғыдан шамасы жетпей қалғанын айтты. 

“Жаңа салмаққа әлі толық бейімделген жоқпын. Салмағым да әлі 97 келіге жетпейді. Физикалық тұрғыдан да 97 келіге күш-қуатым толық жетпей жатыр. Салмақтан салмаққа ауысып, әлемдік деңгейде мықты өнер көрсету өте қиын. Ахмедке физикалық тұрғыдан аздап шамам жетпей қалды. Одан бөлек, өзім де кішігірім қателікке бой алдырып, сол қателік белдесудің тағдырын шешіп кетті”, – дейді қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. 

Айта кетейік, Ризабектің бұл жаңа салмақтағы үшінші жарысы. Әуелі 97 келіде Қазақстан чемпионатына қатысып, финалда Әлішер Ерғалиға ұтылса, екінші рет Түркиядағы Яшар Догу және Вехби Эмре халықаралық турнирінде қола жүлдегер атанған еді. Сол кезде де Тәжудиновқа есе жіберген Ризабек Азия чемпионатының финалында да бахрейндік балуаннан ұтылды. 

Талқылау