Жаңа Салық кодексінен кейін кімдер декларация тапсыратыны белгілі болды
Фото: istockphoto
Мемлекеттік кірістер комитеті жалпыға бірдей декларациялау бойынша Салық кодексіне енгізілген өзгерістерді түсіндірді. 250 және 270 нысан бойынша кімдер декларация тапсыратыны айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы 15 шілдеде "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодекске (Салық кодексіне) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.
Жалпыға бірдей декларациялауды кезең-кезеңімен енгізу шеңберінде салық декларациясын беру рәсімдерін жетілдіруге бағытталған бірқатар өзгерістер енгізілді. 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың 1-3 кезеңіне кірмеген шетелде активтері, мүлкі және банктік шоттары бар тұлғаларды қоспағанда, азаматтардың қалған санаты, яғни зейнеткерлер, жеке құрылымдардың қызметкерлері, студенттер, үй шаруасындағы әйелдер және т. б. міндетті декларациялаудан босатылды. Бұдан басқа, бейрезидент болып саналатын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру міндеттемесі алынып тасталды.
Енгізілген өзгерістен кейін активтер мен міндеттемелер туралы декларациясын (250.00 нысан) ұсынуға міндетті тұлғалар:
- "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдар;
- Қазақстаннан тыс жерде мүлкі бар азаматтар, Қазақстан резиденттері;
- Цифрлық активтері барлар;
- Жеке практикамен айналысатын адамдар.
Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда көрсетілуге жататын мәліметтер тізбесі толықтырылды.
Шетелдегі брокерлік шоттардағы ақша, құны 1000 АЕК-тен асатын басқа мүлікті декларациялау бойынша бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша құны айқындалған мүлікті декларациялауға рұқсат етілген.
Сондай-ақ дебиторлық және кредиторлық берешектің активтері мен міндеттемелері туралы декларацияда көрсету тәртібі қайта қаралды. Сондықтан нотариалды куәландырылған шартпен қатар, енді дебиторлық және кредиторлық берешекті жеке тұлға мен заңды тұлға немесе дара кәсіпкер арасында – салыстыру актісі және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт болған кезде заңды күшіне енген сот шешімімен растауға болады. Бағалы қағаздар бойынша эмитенттері Қазақстанда тіркелген бағалы қағаздар, цифрлық активтер базалық активі болып табылатын туынды бағалы қағаздарды қоспағанда, бағалы қағаздарды көрсетуді көздейтін жаңа редакция баяндалған.
270.00 нысан ұсынуға міндетті тұлғалар:
- "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кірістер мен мүлік туралы декларацияны табыс ету жөніндегі міндет жүктелген тұлғалар;
- Банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушылары, инвестициялық портфельді басқарушылары, сондай-ақ олардың резидент-жұбайлары;
- Коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшыларын қоспағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, акционерлік қоғам акцияларының 10%-дан астамын иеленетін акционерлер, сондай-ақ олардың резидент-жұбайлары;
- Жеке практикамен айналысатын адамдар;
- Кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістерді қоспағанда, есепті салық кезеңінде жеке тұлғаның дербес салық салуға жататын кіріс алған тұлғалар;
- Есепті салық кезеңінің 31 желтоқсандағы жағдай бойынша жиынтығында АЕК 1000 еселенген мөлшерінен асатын сомада Қазақстаннан тыс жердегі шетелдік банктердегі банк шоттарында ақшасы бар тұлғалар;
- Есепті салық кезеңінің 31 желтоқсандағы жағдай бойынша құқықтары және мәмілелері шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлкі бар тұлғалар;
- Есепті салық кезеңінің 31 желтоқсандағы жағдай бойынша меншігінде цифрлық активтері бар тұлғалар;
- Есепті салық кезеңі ішінде Қазақстан немесе одан тыс жерлерде құны АЕК 20 000 еселенген мөлшерінен асатын мүлік сатып алған тұлғалар;
- Салық агентіне алдын-ала салықтық шегерім қолдану туралы өтініш білдірген тұлғалар;
“Декларацияда мүлікті сатып алу және иеліктен шығару туралы, сондай-ақ сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтерді көрсетуге міндетті тұлғалардың санаттары қайта қаралды. Ааталған мәліметтерді "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңына сәйкес осындай міндет жүктелген адамдардан басқа, банктің, сақтандыру ұйымының ірі қатысушылары, инвестициялық басқарушылар және олардың резидент-жұбайлары көрсетуі қажет. Одан бөлек жарғылық капиталдағы үлесінің 10%-нан астамын иеленетін заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, сондай-ақ олардың резидент-жұбайлары, есепті салық кезеңі ішінде ҚР-да және (немесе) одан тыс жерлерде құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлік сатып алған тұлғаларда көрсетуге міндеттелді”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойғаны айтылған еді.

Жапониядағы қазақ дәстүрі: Сырға салудың видеосы желідегілерді таңқалдырды
