Қазақстанда жаңа облыстар қашан құрылады: Министр жауап берді
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жаңа облыстарды құру туралы құжаттар қай кезде рәсімделетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Президент нақты тапсырма берді, бірінші жартыжылдық аяқталғанша жасау керек. Қазір ұйымдастару шаралары басталып кетті. Іс-қимыл алгоритмі де бар. Қайта құрылатын облыстардың өкілдері ұлттық экономика министрлігіне келді. Дәл қазір біз бірлесіп аумақтық бөлу мәселесін талқылап жатырмыз", - деді Қуантыров журналистерге берген сұхбатында.
Министрдің айтуынша, ең соңында президенттің арнайы қаулысы әзірленеді. Осылайша, маусым айы аяқталғанға дейін барлық ұйымдастырушылық жұмыс аяқталады деген жоспар бар.
"Демек, жаңа облыстар жартыжылдықтың соңында құрыла ма?", - деп сұрады журналистер.
"Иә, солай деп айтуға болады. Қаулының жобалары дайын болады. Кейін президент шешімі қабылданады", - деп атап көрсетті Қуантыров.
Сондай-ақ ведомство басшысының айтуынша, қазір жаңа облыстарды құруға қажет қаражат есептеліп жатыр.
"Қажетті ақша көлемі қазір есептеліп жатыр. Бізде оған қажетті резерв бар. Қазіргі бюджеттің көлеміне сыйғызуға тырысамыз. Бірақ қажет болса, қосымша ақша бөлінеді. Өйткені жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктер пайда болады. Әкімдіктер, аудандар құрылып, штаттар саны бекітіледі. Оның бәріне резервіміз бар. Орталықтың, нақты айтқанда Мемлекет басшысының бастамасы болғандықтан, қажет болса республикалық бюджеттен қосымша ақша бөлінеді", - деді Әлібек Қуантыров.
Еске сала кетсек, 16 наурызда жолдау барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш жаңа облыс құрылатынын айтты. Семей аймағында Абай облысы, бұрынғы Жезқазған облысының аймағында Ұлытау облысы құрылады. Сондай-ақ Алматы облысының қазіргі территориясы екіге бөлініп, екі облыс болмақ.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
