Жаңа Еңбек министрі Қазақстан халқына ант беру кезінде қобалжып, сөзінен жаңылды (видео)

Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласының жаңа министрі Конституцияға қол қойып, Қазақстан халқына ант берді. Ант беру кезінде ол толқып, сөз арасында кідіріп, соңында мәтінге қарап оқыды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа министр Асқарбек Ертаев ант беру кезінде толқып тұрды.
“Қазақстан республикасының президенті мен халқына ант етемін: өз мемлекетім – Қазақстанның экономикалық және рухани дамуына бар күш-жігерім мен құзыретімді жұмсауға, Конституция мен заңдарды қатаң сақтауға, барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділдік қағидаттарын, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді басшылыққа алуға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, еліміздің мемлекеттілігі мен халықаралық беделін нығайтуға ант етемін”, – деді жаңа министр Асқарбек Ертаев.
Ертаев бұл қызметке қаңтар айының соңында тағайындалды. Алайда оның ант мәтінін жаттап алуға уақыты болмағаны сыңайлы.
Жаңа министр туралы не белгілі?
Асқарбек Ертаев 1977 жылы Ақтөбе қаласында туған. "Нұр" Ақтөбе менеджмент, бизнес және құқық институтын, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімдігі аппаратында маман болып бастаған. 2000–2014 жылдары банк саласында еңбек еткен.
2014 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Сауда комитетінде бас сарапшының міндетін атқарушы қызметін атқарды. 2014–2021 жылдары Ұлттық экономика министрлігінде бас сарапшыдан департамент директоры лауазымына дейін көтерілді.
2021–2022 жылдары президент әкімшілігінің Қауіпсіздік кеңесінің аналитикалық бөлімін басқарды. 2022–2023 жылдары ҚР Үкімет аппараьы – Премьер-министр кеңсесінің экономика бөлімінің меңгерушісі болды.
2023–2024 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2024–2025 жылдары – вице-министр. 2025 жылы 9 маусымнан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары болды.
Айта кетейік, бұған дейін Су жаңа Туризм және спорт министрі ант бергені туралы жазған едік.
"18 жыл бойы несиесін өзім төледім": Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер жалғыз ұлымен үйді бөлісе алмай жүр