Жаңа бас бапкер Нұржан Насанов бастаған ұлттық құрама боксшылары Испанияға аттанды

Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы жаңа бас бапкер Нұржан Насановтың жетекшілігімен Испанияға аттанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін ерлер құрамасы 2026 жылдың алғашқы оқу-жаттығу жиынын Түркістан облысында өткізді.
“Түркістан облысында өткен алғашқы оқу-жаттығу жиынын аяқтап, Испанияға жол тарттық. Онда бірлескен жаттығу жиынына қатысып, кейін Boxam Elite халықаралық турнирінде бақ сынаймыз. Жарысқа шамамен жиырма команда келеді деп күтілуде”, – деді бас бапкер.
Нұржан Насанов боксшылардың біраз уақыт жарысқа шықпағанын ескере отырып, оларға тәжірибе қажет екенін айтты.
“Жылдың басы болғандықтан, боксшылар біраз уақыт шаршы алаңға шықпай қалды, сондықтан қазіргі уақытта жарыс тәжірибесі аса маңызды. Испаниядағы турнирге екі құрам аттанды”, – деді бапкер.
Бас бапкер Испаниядан кейін ақпан айында Алматыда тағы бір оқу-жаттығу жиыны өткізіп, екі құрамды “Странджа” турниріне қатыстыруды жоспарлап отыр. Дайындық барысында жастар құрамасында шақырып, бақылап көру мүмкіндігін бермек.
“Ақпан айында Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, тағы екі құраммен Болгариядағы Странджа халықаралық турнирінде бақ сынаймыз. Осы аралықта барлық боксшылардың дайындығын бағалаймыз. Сонымен қатар, алдағы дайындық кезеңінде жастар құрамасын да шақырамыз. Бұл бізге резервті бақылап көру мүмкіндігі береді”, – деді Нұржан Насанов.
Бас бапкер тағайындалғанына аз ғана уақыт болса да, боксшылармен тез тіл табысқанын және ауызбіршілік орнатқанын атап өтті.
“Бас жаттықтырушы болып тағайындалғаныма аз уақыт болса да, боксшылармен өзара түсіністік орнаттық. Басты ұстаным тәртіп пен ауызбіршілік. Қалыптасқан шеберлік мектебін бұзбай, жаңа элементтер енгізуге тырысамыз”, – деді Нұржан Насанов.
Испанияға аттанған құрам:
- 50 кг: Санжар Тәшкенбай, Нұрзат Оңғаров
- 55 кг: Махмұд Сабырхан, Бексұлтан Боранбек
- 60 кг: Серік Теміржанов, Дәулет Молдашев
- 65 кг: Санатәлі Төлтаев
- 70 кг: Төрехан Сабырхан, Нұрбек Мурсал
- 75 кг: Тимур Нұрсейітов, Аман Қонысбеков
- 80 кг: Ерасыл Жақпеков, Азамат Бектас
- 85 кг: Нұрбек Оралбай
- 90 кг: Сағындық Тоғамбай, Оңталап Рахманов
- +90 кг: Айбек Оралбай, Нұрасыл Асылхан.
"Қолымнан айырылып қалу алдында тұрмын": МӘМС арқылы уақытылы көмек ала алмаған қазақстандық ота кезегінің ұзаққа созылғанына наразы