Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жан Шуақ" сыйлығын иеленген әр лауреатқа 1 миллион теңгеден табысталды

Фото: "AMANAT" партиясы

Астанада Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында "AMANAT" партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVIІI "Жан Шуақ" қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл сыйлық жыл сайын қоғамдық және кәсіби қызметте айрықша нәтижеге қол жеткізген ерекше қажеттілігі бар азаматтарға беріледі. 

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында мыңға жуық мейман мен рәсімге қатысушылар жиналды.

Сөз басында Мәжіліс Спикері, "AMANAT" партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов партия ерекше қажеттілігі бар адамдарға әрқашан айрықша назар аударатынын, ал "Жан Шуақ" сыйлығын өткізу қадамы өміріміздің ажырамас бөлігіне және тағдыр талқысына тап болған мыңдаған қазақстандыққа жаңа мүмкіндік берген игі дәстүрге айналғанын атап өтті.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен әлеуметтік әділеттілікті нығайту, барлық азаматқа тең мүмкіндік ұсыну бағытында елеулі қадамдар жасалып жатыр. Енді бір реттік шаралардан жүйелі шешімдерге, яғни орнықты, толыққанды, нағыз кедергісіз орта құруға көштік. Әлеуметтік қолдау көрсету тетіктері де жетілді. Цифрлық шешімдер енгізілуде. Ол қызметтерді оңай әрі жылдам алуға жол ашып отыр. Бұдан бөлек, инклюзия орталықтарының желісі кеңейіп, білім алуға, еңбек етуге және қоғам өміріне еркін араласуға мүмкіндік туғызылып жатыр", – деді ол.

Мәжіліс Спикері алдағы уақытта "Жан Шуақ" сыйлығына халықаралық мәртебе берілетінін және оған әртүрлі мемлекеттің көрнекті қоғам қайраткерлері қатыса алатынын айтты. Ол ерекше қажеттілігі бар адамдар күн сайын табандылық танытып, баршаға үлгі болып жүргенін атап өтті. Бүгінде елімізде мүгедектігі бар адамдар өмірдің қиындығын жеңіп қана қоймай, зор жетістікке жеткен оқиғалар да аз емес. Мәселен, жуырда есту қабілеті бұзылған жандардан құралған "Sensitive" би театрының ұжымы Қытайда өткен халықаралық фестивальде Гран-при иеленді. Сондай-ақ 19 жастағы Диана Мырзағалиеваның оқиғасы да талайды таң қалдырды. Ол ауыр дерттен айыққаннан кейін мыңнан астам бала мен волонтер білім алған Инклюзивті академия құрды.

Сондай-ақ партия Төрағасы Парламенттің 20 депутаты бас қосқан "Инклюзивті Парламент" депутаттық тобының жұмысы туралы айтты. Олардың тарапынан атқарылып жатқан ауқымды жұмыс арқылы әрбір әлеуметтік маңызы бар заң мүгедектігі бар адамдарды қолдау жөніндегі нормалармен толықтырылып отырады. Атап айтқанда, бүгінде I топтағы мүгедектің жұбайы да жеке көмекшісі атана алады. Сондай-ақ микротия және атрезияға шалдыққан балалар мүгедектігін растамай-ақ есту аппараттарын жергілікті бюджет есебінен ала алды. Сонымен қатар биыл Маракеш келісімі ратификацияланды. Құжат көру қабілеті бұзылған адамдардың кітапқа қолжетімділігін арттыруға және авторлар мен авторлық құқық иелерінен рұқсат алмай-ақ шығармаларды бейімдеуге мүмкіндік береді.

Мәжілісте ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың тұрмысын жақсартуға және білім сапасын арттыруға арналған "Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы" жаңа заң жобасы бойынша жұмыс басталды. Ал жуырда депутаттар жаңа Құрылыс кодексін қабылдайды. Онда кедергісіз орта мәселесі негізгі басымдық ретінде айқындалады. Осылайша, өнеркәсіп және тұрғын үй нысандарын жобалау кезеңінде қолжетімділік мәселесіне қатысты қойылатын талаптар күшейеді.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов жуырда "AMANAT" партиясының барлық өңірлік филиалдары жанынан республикалық деңгейге ұқсас инклюзия мәселелері бойынша кеңестер құрылатынын айтты. Олар кедергісіз орта құру, инклюзивті қоғам қалыптастыру, мүгедектігі бар қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту бағытындағы өзекті мәселелер шешілетін тиімді қоғамдық алаңға айналады.

Өз кезегінде, Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова "Жан Шуақ" сыйлығын тапсыру рәсімі 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын және осы жылдар аралығында 130-ға жуық адам марапатталғанын атап өтті. Биыл тағы 8 лауреат анықталды.

"Біздің қоғамда әр адам қандай жағдайда болсын, тең мүмкіндік пен құқыққа ие болуы керек. Бұл – осы қағиданы жүзеге асыратын, басқа түскен қиындықты жеңе білетін, табандылық танытатын, баршамызға шалқар шабыт сыйлайтын жандардың ерен еңбегі ескерілетін сыйлық. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдардың тұлға ретінде қалыптасуына қажет жаңа мүмкіндіктер табуына ықпал етеміз. "AMANAT" партиясына тұрақты әрі жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз", – деді ол.

Биыл Қарағандыдан келген қоғам қайраткері Меруерт Жақыпова "Рухының биіктігі мен жеңіске деген талпынысы үшін" сыйлығының иегері атанды. Меруерт церебральды сал ауруы диагнозына қарамастан, инклюзивті білім беру саласында психолог ретінде жүйелі жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ ол азаматтарды ынталандыратын блог жүргізеді және жуырда жеке кәсібін ашты.

"Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін" номинациясы бойынша сыйлықты "Қазақ зағиптар қоғамы" ҚБ Қостанай филиалының төрағасы Хамит Исмұратов иеленді. Ол көру қабілеті бұзылған адамдарды оңалту мәселесімен көп жылдан бері айналысады, бос уақытты тиімді өткізу және оқыту бағдарламаларын дамытады, қолжетімді орта құруға күш салады және зағип жандардың құқығын қорғайды.

Астана қаласының тұрғыны, пара армрестлингтен төрт дүркін әлем чемпионы Никита Ермаков "Спорт саласындағы үздік жетістіктері үшін" номинациясы бойынша лауреат атанды. Никита спорт саласындағы жетістіктерінен бөлек, мүгедектігі бар адамдарға арналған ашық жаттығулар өткізеді.

Елордалық Құрбанәлі Әбуов "Мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін" сыйлығының иегері атанды. Ол 2008 жылдан бері арбада отырып билеумен айналысады, "хип-хоп" номинациясы бойынша әлем чемпионы атанды, ал 2021 жылдан бері "Қанаттылар" инклюзивті театрында ойнайды.

Талдықорғандық азамат Нұрбек Тұрғанов "Игілік жолындағы ерен еңбегі үшін" номинациясы бойынша марапатталды. "Инватакси" қызметінде еңбек жолын бастап, табандылығы арқылы диспетчерден ұйым басшысына дейінгі жолдан өтті.

Өскемендік Юлия Шаршова "Ғылым, білім беру қызметінің дамуына үлес қосқаны үшін, білім алуға талпынысы үшін" номинациясы бойынша сыйлық иеленді. Ол 15 жылдан астам уақыттан бері ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеп келеді, аутизм спектрі бұзылған балаларға бейімделген бастауыш білім беру бағдарламасының авторы саналады.

Астаналық Кенжегүл Кикенова "Өнер саласындағы үздік жетістіктері үшін" номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Ол еңбек терапевті болып жұмыс істейді, мүгедектігі бар адамдарға және ерекше қажеттілігі бар балалардың аналарына бисермен кестелеуді және тоқуды үйретеді. Бұл – ерекше қажеттілігі бар адамдарды әлеуметтік тұрғыда бейімдеу және психологиялық қолдау көрсету жұмысының маңызды бөлігі.

Астана қаласының тұрғыны, жүзуден Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекорд орнатқан азамат Әли Тұрғанбетов спорт саласындағы ерен еңбегі үшін Иран Омарбеков атындағы қордың арнайы сыйлығымен марапатталады.

Әр лауреатқа 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

"Жан Шуақ" қоғамдық сыйлығын табыстау рәсімі қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен түйінделді.

Дана Русланқызы
Жұма, 21 Қараша, 2025 21:07
Талқылау