Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында "Қазфосфат" жұмысшылары ереуілге шықты

Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы "Қазфосфат" ЖШС "Қаратау" тау-кен өңдеу кешенінің қызметкерлері наразылыққа шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

2023 жылдың 13 сәуір күні шамамен түскі сағат 12:30 шамасында жүздеген қызметкер "Қазфосфат" ЖШС "Қаратау" тау-кен өңдеу кешенінің ғимаратында жиналған. Қызметкерлердің айтуынша, инвесторлар фабриканы тонайды. Сондай-ақ жиналғандар қордаланған мәселелерді көтеріп, ғимарат аумағында жан айқайларын жеткізген. 

ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты, Гүлдара Нұрымова жұмысшылардың талап-тілегін тыңдау үшін шұғыл түрде Әулиеата өңіріне жұмыс сапарымен шығатындығын хабарлады. 

"Құрметті жерлестер! Жаңатастағы жағдай бойынша жұмысшылардың талап-тілегін тыңдау міндетім. Сол үшін Сарысу ауданына жолға шығамын. Таңертең жедел түрде Астанадан ұшатын боламын Құдай қаласа", - деп ол өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазба қалдырды. 

Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы Сарысудағы "Қазфосфат" жұмысшыларының наразылыққа шыққанына қатысты түсініктеме берді.

"Сағат 12:30-да Жамбыл облысының Сарысу ауданында "Қазфосфат" ЖШС "Қаратау" тау-кен өңдеу кешенінің ғимаратында "Қазфосфат" ЖШС директорының орынбасары Е.Сариевтің, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен осы кәсіпорын қызметкерлерінің (шамамен 150 адам) жиналысы аяқталды", - деп хабарлады басқарма.

Сонымен қатар, кездесу нәтижесінде ТКӨК жұмысшыларының бұрын ұсынған әлеуметтік тұрмыстық талаптарын шешу үшін татуластыру комиссиясын (әр цехтан 5 өкіл және аудандық мәслихат депутаттары) құру жөнінде жалпы шешім қабылданған. Комиссия төрағасы болып "Қазфосфат" ЖШС директорының орынбасары Е.Сариев сайланған. 

Еңбек инспекциясының басқармасының хабарлауынша, қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. 

Талқылау