Жамбыл облысында дәрігерлер науқастың асқазанынан ұзындығы 30 см-ден асатын шаш түйінін алып тастады
Фото: Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының хирургтері науқастың асқазанынан ұзындығы 30 см-ден асатын шаш түйінін алып тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сирек кездесетін бұл диагноз дер кезінде қойылып, дәрігерлердің үйлесімді жұмысының арқасында хирургиялық жолмен жойылды. Қабылдау бөліміне ішінің ауруына, созылмалы жүрек айнуына және тәбеттің жоғалуына шағымданған 18 жастағы қыз жеткізілген. Қарау барысында және іш қуысы ағзаларының УДЗ зерттеуінде асқазанда бөгде затқа тән белгілер анықталған. Диагноз – трихобезоар – гастроскопия мен компьютерлік томография нәтижесінде нақтыланды.
Айта кетейік, трихобезоар бұл трихотилломания деп аталатын психикалық бұзылысы бар адамдарда кездесетін, асқазанда жиналған шаштың тығыз массасы. Бұл дертке шалдыққандар шашты жұлып, оны жейтін әдетке ие болады. Шаш асқазанда қорытылмай, жиналып, көлемі ұлғайып, уақыт өте келе асқазан не ішектің бітелуіне, анемияға, ағзаның жалпы әлсіреуіне, ауыр жағдайларда асқазан қабырғасының тесіліп кетуіне себеп болуы мүмкін.
Науқасқа жалпы анестезиямен лапаротомия жасалып, асқазан қуысынан ұзындығы 30 сантиметрден асатын, дерлік бүкіл көлемін алған тығыз шаш түйіні алынды.
Операцияны хирургия бөлімінің меңгерушісі Ержан Есимов жетекшілік еткен хирургтер бригадасы, анестезиолог, операциялық медбике және операциядан кейінгі бақылау тобы бірлесе жүргізді.
Ота сәтті өтті, ешқандай асқыну тіркелмеді. Екінші күні науқас сұйық тағам ішсе, бесінші күні тиісті ұсыныстармен үйіне шығарылды.
Ер адам 12 жасында жұтып қойған тіс щеткасын асқазанынан 52 жылдан кейін ғана алды
Алматыда сегіз саусақпен дүниеге келген бүлдіршінге ота жасап, артық саусақтарын алып тастады
Еске салайық, бұған дейін Алматыда дәрігерлер 14 жастағы қыздың асқазанынан бір жарым келі шаш алып шықты. Жасөспірімнің іші ауырып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Әлсіздік сезінген мектеп оқушысына шұғыл ота жасалды. Қыздың асқазанының көп бөлігінде және аш ішегінде шаш жиналып қалған. Салдарынан ойық жара пайда болып, перитонит туындады.