Жамбыл облысында атасы кәмелет жасына толмаған немересін зорлады деген ақпарат тарады
Фото: Pixabay.com
Жамбыл облысында атасы 13 жастағы немересіне жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен. Жәбірленушінің анасы полицияға e-Otinish порталы арқылы шағым білдірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, оқиға 2024 жылы 20 сәуірде Меркі ауылында болған. Әйелдің қайын атасы үйге заңсыз кіріп, жасөспірімді зорламақ болған. Келесі күні, 21 сәуірде анасы учаскелік полиция қызметкеріне хабарласқан.
“Полиция қызметкері бұл істің қылмыстық кодекске жатпайтынын айтып, мән бермеді. Әкімшілік құқық бұзушылық ретінде жіктелуі мүмкін дейді. Қызым қатты психологиялық күйзеліске ұшыраған. Ол тамырын кесіп, бірнеше рет өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Биыл ақпанда қызымды асылып қалу әрекетінен аман алып қалдым”, – дейді әйел. Фото: e-Otinish скрин
Кейінірек әйел e-Otinish порталы арқылы Тараз қалалық полиция департаментіне жүгінген. Осылайша Қылмыстық кодекстің 124-бабы (Он алты жасқа толмаған адамдарды азғындық жолға түсіру) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Дегенмен, ер адам әзірге бостандықта жүр екен. Әйел қайын атасының отбасына қоқан-лоқы көрсетіп жатқанын айтты. Меркі аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі жәбірленушілердің айғақтары мен өтініштері болғанына қарамастан, қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарған.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Жамбыл облыстық полиция департаментінен мән-жайды сұрап білді.
Олардың мәліметінше, қыздың денесінде жарақат болмауына байланысты іс тоқтатылды.
“Аталған факті бойынша Қылмыстық кодексітің 124-бабы 1-бөлігі (Он алты жасқа толмаған адамға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жауап алынды. Сараптамалар тағайындалып, беттестіру жүргізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің денесінде ешқандай жарақат жоқ. 2025 жылы 16 сәуірде Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабының 1-бөлігі 2-тармағының (Іс бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауынан) негізінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада 7 жасар қызды туған атасы зорлады деген күдікке ілінгені туралы жазған едік.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
