Жамбыл облысының әкімдігі Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлестіктеріне 5 миллион теңгені үлестіріп бермек
Жамбыл облысында “Жыл қорытындысы” атты байқауды өткізу үшін 5,5 миллион теңгелік теңдер жарияланған. Алайда байқау өтетіні туралы еш жерде ақпарат тарамады. Stan.kz тілшісі әкімдіктен бұл не шара екенін және не себепті осындай сома ұсынылғанын сұрап білді.
Фото: Pixabay.com
21 қазанда Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктері арасында өтетін "Жыл қорытындысы" байқауына тендер жарияланған. Тапсырыс беруші – Жамбыл облыстық әкімдігінің ақпараттық және әлеуметтік даму басқармасының "Қоғамдық келісім" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
Онда жеңімпаздарға берілетін жүлденің жалпы сомасы 4 800 000 теңге делінген.
Алайда редакциямызды мұндай байқау туралы желіде мүлдем ақпарат болмағаны алаңдатты. Жамбыл облыстық әкімдігі ақпарат және даму басқармасының мәлімдеуінше, “Жыл қорытындысы” байқауы туралы ақпарат енді шыға бастайды. Сондай-ақ ол Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы этномәдени бірлестіктері арасында өткізіледі дейді. Яғни әртүрлі ұлттардың бірлестіктерінің мүшелерінің арасынан үздіктер таңдалады.
“Үздіктерді таңдау барысында олардың осыған дейін Ассамблея ұйымдастырған іс-шараларға, қоғамдық істерге қатысқаны, әлеуметтік желідегі белсенділігі, түрлі жетістіктері сараланады. Әр критерий бойынша қатысушыларға баға беріп, ең үздігін таңдаймыз”, – деп мәлімдеді Жамбыл облыстық әкімдігі.
Олар жеңімпаздарды анықтауға көмектесетін 14 критерийді ұсынды:
- Қоғамдық маңызы бар іс-шараларға қатысуы;
- Қайырымдылық шараларына атсалысуы;
- Облыстағы этносаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатындағы іс-шаралардағы рөлі;
- Ассамблеяның мәдени іс-шараларына қатысу;
- Салауатты өмір салтын қалыптастыру және спортты дамытуға бағытталған іс-шараларға қатысу және ұйымдастыру;
- Мемлекеттік тілді насихаттау шараларына қатысу және өткізу;
- Түрлі деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерге қатысу;
- Этномәдени бірлестіктердің жастар қанатының жұмысы;
- Этномәдени бірлестіктердің аналар кеңесінің жұмысы;
- Этномәдени бірлестіктердің ақсақалдар кеңесінің жұмысы;
- Шығармашылық ұжымдардың құрамында болуы;
- Этномәдени бірлестіктердің өкілдерінің бұқаралық-ақпарат құралдарында сұхбат беруі;
- Әлеуметтік желілердегі белсенділігі;
- Ассамблеяның әртүрлі тақырыптағы түсірілімдеріне қатысуы.
Әкімдіктің мәлімдеуінше, жеңімпаздар мен жүлдегерлер саны арнайы құрылған комиссия шешімімен анықталады. Сондай-ақ әр жеңімпазға берілетін сыйлық мөлшері де соған байланысты шешіледі дейді.
Еске салсақ, Жетісу облысында көпбалалы отбасыларға екі жыл бұрын ғана берілген үйлерді қайта жөндеу үшін 143 миллион теңге конкурс жарияланған еді.
Бұған дейін Тоқаев су тасқынынан кейін Қазақстанда мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимін енгізді.