"Жалғандық детекторымен қинады және дүние-мүлкіңді сат деді: Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сотта үшінші жәбірленуші сөз сөйледі
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында кәсіпкер, Гүлмира Сатыбалдының күйеубаласы Абай Жүнісовтің тағы бір ағасы Қасым Жүнісов сөйледі. Ол Гүлмира Сатыбалдының “бүкіл дүниемүліктеріңді өткізсеңдер, інілеріңді шығарып аласыңдар” дегенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
“Гүлмира айқайлап, жүгіріп жүрді”
Қасым Жүнісов – жәбірленуші, кәсіпкер Абай Жүнісовтың ағасы. Ол сотта 2019 жылы 13 ақпаннан басталған оқиғаларды айтып берді. Гүлмира Сатыбалды ағайындыларды шақырып, 5 млрд алғанын растауды талап еткен.
“13 ақпанда Baur Kazakhstan офис менеджері хабарласып, Гүлмира Сатыбалды келсін деп жатыр деді. Мен келіп, 2-қабатқа көтеріліп, Сатыбалдының кабинетіне бардым. Екі минуттан соң ішке кірдім, бергі жағында Нүкешова, Қабенов, Айбатыр сосын Абай отырды. Сосын қаржымен айналысатын Ғани Бекбосынов отырды. Ол жерде Гүлмира түрегеліп тұрды. Мені Абайдың қасына отыр деді, отырдым. Гүлмира қатты айқайлап, жүгіріп жүрді. Абайға қатты айқалады, қатты жаман сөздер айтты, мен ондайды естіген емеспін. 5 млрд қарызсың деді. Абай басын төмен салып отырды. Бұл маған тікелей қатысты болмаса да, мен қатты шок болдым, мүмкін емес енді. Қабенов пен Ғани Бекбосыновқа, сосын маған Абайдың 5 млрд алғанын растап беріңдер, қол қойыңдар деді. Мен ондай ақша алған жоқ, қол қоймаймын дедім. Ол айқайлады. Гүлмира адамына құжат дайындауды тапсырды”, – деді Қасым Жүнісов.
Кейін Гүлмира Сатыбалды оларды кабинетке қайта шақырған. Бірақ жағдай өзі ойлағандай болмай, қайта қуып шыққан.
“Біз кабинетке қайта кірдік. Сол жерде Гүлмира Сатыбалды растайтын құжаттар дайын ба деді, ол дайын емес, растау үшін бір апта керек деді. Сол кезде Гүлмира қатты ашуланып, айқайлап кетті. Олай болса, Абайды қазір осы жердегі бандит балдарға ұрғызамын деді. Бізге шығыңдар деді, шығып кеттік. 20-25 минуттан соң кабинеттен Абайды алып шықты, сол қабатта түпкі бір кабинет бар еді, оның темір есігі бар. Соған Абайды кіргізді, біз бергі жағында отырып қалдық. 5-7 минуттан соң Гүлмира тағы келді, Абайды шығарды. Сосын мені тоқтатып, “Бар кет үйіңе, не істеп тұрсың?” деп айқайлады. Мені қуды. Мен шығып, машинамда күттім. Күтіп, таңғы 5.00-дерде бірінші Мәди, сосын Айбатыр Абай, Гүлмира шықты. Гүлмираның ақ түсті көлігіне мініп кетіп қалды. Қайда кеткенін білмедік”, – дейді жәбірленуші.
“Абайды шығарғыларың келсе, дүние мүліктеріңді, бүкіл мүліктеріңді сатыңдар”
Кейін ағайындылар 15 ақпан күні анасымен бірге Абайды іздеп барған. Бірақ бұларды кіргізбеген. Кейін жұмысқа барғанда Гүлмира Сатыбалды Қасым Жүнісовке “Бүкіл дүниеүліктеріңді сатыңдар” деген.
“Алтай ағам, анам, мен – үшеуіміз Кенесары хан көшесі, 183-үйге Абайдың үйіне бардық, күзет бізді кіргізген жоқ. Мен сонда Мәди рұқсат бермеді дегенді естідім. Сосын мамам мен Алтай үйге кетті, ал мен жұмысыма офиске келдім. Офисте келіп қала ма екен деп, Гүлмираны күттім. Бауырымды осындай жағдайда қалдырып алаңсыз жұмыс істемеймін ғой. Гүлмира келді де, "Абайды шығарғыларың келсе, дүние мүліктеріңді, бүкіл мүліктеріңді сатыңдар, туыстарыңа осыны айт" деді. Мен туыстарыма бірден айттым. Осыны қалай айтты, заңгер жігіт Дінмұхамед Жұмаділда бірден маған рэкетир сияқты хабарласып, дүниемүліктеріңді сатыңдар дей бастады. Менің, Абайдың, ағамның үш үйі құжаттарын сұрады. Бұл Гүлмираның талабы деді”, – деп айтып берді Қасым Жүнісов.
17 ақпан күні түскі уақытта өзін Валентин Каземиров деп таныстырған жігі келіп, жәбірленушінің үйін қарап, бағалаған.
“Мен оны кіргіздім, үйдің сыртын, ішін – бәрін фотоға түсіріп алды да маған айтпай үйден шығып кетті. Кейін 1-2 сағаттан соң тағы бір әйел келіп, жатын бөлмені, асүйді түсірді, ол да үндемей кетіп қалды. Сосын мен олардың бағалаушы екен дедім. Бірақ олар үшінші тарап па әлде шынымен жай бағалаушылар ма, білмедім”, – дейді ол.
Ал 18 ақпан күні Гүлмира Сатыбалды Қасымның жеке нөміріне хабарласып, мініп жүрген 007 деген Land Cruiser машинасын алып келуді сұраған.
“Мен оны өзім апармадым, күйеубалам Мұрат арқылы жібердім. Мен оларды көргім келген жоқ. Ол апарып өткізді. Әрі қарай олар рәсімдеу туралы айтты. 18 күні мені кабинетіме кіргізген жоқ. Сол күні түстен кейін маған заңгер Жұмаділда хабарласып, кеңсеге шақырды. Жұмаділда сату-сатып алу келісімшартын әкелді, қолхат жаздырды. Мен өзімнің көлігімді Baur Kazakhstan компаниясына сатып, қолма-қол 22 миллион теңге алдым деп қол қоюымды талап етті. Мені осылай деп қол қоюға мәжбүрледі. 19 ақпан күні маған Дінмұхамед Жұмаділда хабарласып, үйімді 180 мың доллар деді. Ал мен теңгеге шаққанда 68 166 000 мың деп бағаладым. Жұмаділда рәсімдейтін уақытын өзім айтам деді. 22 ақпан күні нотариусқа шақырды, олар күтіп алды. Жолдасыммен бардық. Сату-сатып алу және қарыз алу келісімшартын сол жерде дайындап қойыпты. Сол жерге құдамның досы Молдақұлов Нұржан келді. Ол менің көзімше Жұмаділда мен Қабеновтың қолына доллар күйінде санап, ақшаны берді. Қабеновтен бұл ақшаны қайда апарасың деп сұрағанда ол "Гүлмираға апарамын, ол Нұрбанкте отыр" деді”, – дейді жәбірленуші.
Сонымен қатар 28 ақпан күні "Ария-Жаңа Астана" компаниясының бас инженері Ермахан Талант хабарласып, арнайы техникаңызды жоғарғы жақтан бастықтар сұрап жатқанын айтқан. Қасым Жүнісов техника қайда тұрғанын айтып, сенімхат жазып берген. Олар техниканы алып кеткен.
“Інімді көріп, танымай қалдым”
Қасым Жүнісов інісін көруге барып, оны танымай қалған. Сонда Абай Жүнісов “Дүниені сатқаннан пайда жоқ” деген.
“Біз Гүлмираның айтуымен бүкіл дүниемізді өткіздік. Басында бізге бәрін берсеңдер босатамын деген. Кейін олар бізге кездесуге рұқсат берді. Біз 2 наурыз күні үйге бардық, алдымыздан күзетшілер шықты, түрлерін таныған жоқпыз. Біз 7-10 минуттай күтіп тұрдық та, Абайға кірдік. Ол жатын бөлмеде жатыр екен, бөлмеде жарық болмады. Абайдың да көңілі жоқ екен, анам да уайымдап қалды. Ұзақ сөйлесуге де мүмкіндік болмады. Абай маған "Сендер өз көмектеріңмен көмектесе алмайсыңдар, ол сендерге көмектесіңдер дегенмен одан маған пайда жоқ. Керісінше қысым болады. Біреуге жалынып, бірнәрсе істеп жүрмеңдер" деді”, – дейді жәбірленуші.
Ағайындының анасы үйде жылап, баласын уайымдап, солай жатып өліп қала ма деп алаңдаған. Содан Қайраттың анасы Назарбаева Светлана Мырзахметқызына барып, көмек сұраған. Қасым Жүнісов анасын Дәуір АҚ-ға апарған. Қабылдапты, сөйлесіпті, бірақ салқын болыпты. “Сөйлесіп көремін, еш уәде бермеймін, бір жеті көлемінде хабарын айтамын” депті. Еш хабар болмаған соң 10 күн өткенде анасы қайтадан Светланаға барған. Бірақ сол жолы ол сөйлеспеген.
“4-5 күннен соң Алтай маған Қайрат Сатыбалды өзі Абайдың атындағы бүкіл компанияны аудит жасайды дегенді айтты. Біз ағайынды шақырып, құран оқытып жатқанда Жұмаділда маған хабарласып, қасымда Мади Батыршаев және Гүлмираның адамдары бар, келе жатырмыз деді. Нұрбанктің қағаздарын, сосын Baur Kazakhstan-ға директор болатыным туралы қағаздар әкеле жатырмын деді. Бірақ айта кету керек, олар алдында мені жұмыстан шығарған. Сосын мен ештеңеге қол қоймаймын, келмеңдер дедім. Сосын Батыршаев телефонды алып, "Мені тыңда, ісім сенімен болады" дей бастады, мен қойып тастадым. Үйдің қоңырауын қайта-қайта баса берді, сосын ашып едім, анам да көріп, "1937 жыл ма, не бұл? Заң қайда, не істеп жатсыңдар?" деді”, – деп куәлік берді Қасым Жүнісов.
“Жалғандық детекторын қосып, үш сағат бойы бір сұрақты қойды”
Сол жылы мамыр айының аяғында Дмитрий деген жігіт хабарласып, Гүлмираның адамы екенін айтқан. Есентай сауда үйіне артынан кіргенде екінші қабатынан Sigma компаниясына кел деген.
“Бардым, мен бергі жағында отырғанда арғы бетте үш адам отырды. Оның біреуі Абай болды. Бірақ сақал мұрты өсіп кеткен, өзін әрең таныдым, құшақтастық. Дмитрийден "Мүмкіндік болса, Абайды мамасына шамалы күнге жіберші" деп сұрадым. Ол ештеңе демеді. Сол кезде Абай да “мен әлі босаған жоқпын ғой, каридорда мені басқа адамдар күтіп тұр” деді. Дмитрий арғы жағындағы бір бөлмеге кіргізді, пердесі қалың, іші қараңғы болып тұрды. Басыма шлем кигізді де, екі қолым мен аяғыма тоқ қойып, Жалғандық детекторын қосты. Сосын "Абайдың шетелде шоты бар ма, мүлкі бар ма, тыққан ақшасы бар ма?" деп 3 сағат бойы бір сұрақты қоя берді”, – деді Жүнісов.
Әрі қарай прокурор сұрақтар қойып, жауап алды. Прокурордың "Сізге Гүлмира қандай зәбір көрсетті?" деген сұрағына жәбірленуші "Гүлмира маған құртам, түрмеде шірітемін деп қоқан-лоқы көрсетті" деп жауап берді.
Прокурор: Гүлмираның талаптарын орындамауға мүмкіндігіңіз болды ма?
Қасым Жүнісов: Ол кезде орындамау мен үшін мүмкін емес еді.
Прокурор: Сіз қоқан-лоқыны қалай қабылдадыңыз? Ол кәдімгідей болды ма?
Қасым Жүнісов: Өте қатты реалды болды. Мен ондай нәрсе көрген емеспін, маған боқтық сөздері, айтқан жалалары қатты өтті. Телефон соқса, қорқып отыратын жағдайға жеткізді.
- Айта кетейік, Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айып тағылып отыр.
- Онымен бірге Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.