Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалған визамен қажылыққа барып, қамауға алынған 300-ден астам қазақстандық жағдайы не болды - Министрлік жауап берді

Қажылыққа барған жүздеген қазақстандық қамауға алынды, оның себебі виза жарамсыз болған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жидда қаласына барған қазақстандықтар бас консулға хабарласып, полицияда отырғанын айтқан.

Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, ұсталған жерлестеріміздің қолында қажылыққа рұқсат беретін виза болмаған. Барлығы бір компанияға алданып, туристік визамен барған. Онымен қажылық жасауға болмайды.

"Бас консул өз әріптестерімен бірге полиция учаскесіне барып, қазақстандықтарды қонақ үйге босатуға ықпал еткен. Кейбір мәліметтерге сәйкес, ол компания Сауд Арабиясына 300-ден астам қазақстандықты туристік визамен алып келген. Полицияда жүзден астам адам болды", - деді Смадияров бүгінгі брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, қазақстандықтарды полиция учаскесінен бірнеше автобуспен қонақ үйге алып барған. Түсіндіру жұмыстарынан кейін бір бөлігі заңға бағынып, қажылықты тоқтатуға келісті. Тіпті, өз ақшасына қайтып кеткендер бар. Алайда заңға бағынбайтындар да табылды. Олар полициядан шыққаннан кейін автобусты тоқтатып, белгісіз бағытта кетіп қалған.

"Біз олардың қайда жүргенін білмейміз. Қажылықты жалғастырып жатқан шығар", - деп атап өтті Смадияров.

Туристік компанияның басшысы да Сауд Арабиясында жүр. Олар 7-8 маусымға дейін 306 адамды елге қайтаруды жоспарлап отыр.

"Бүгінгі дерек бойынша (3 шілде) Мединада 2 топ қазақстандық бар. Олардың 18-і егде жаста. 5 шілдеде олар Қазақстанға оралады. Олар виза бойынша алдаған туристік компанияны сотқа бере алады. Туристік виза бойынша 306 қазақстандықты қажылыққа жіберген туркомпанияның өкілі Сауд Арабиясында орналасқан және қазақстандықтарға көмек көрсетіп жатыр", - деді Айбек Смадияров ведомствода өткен баспасөз мәслихатынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Еске салсақ, осыдан бірер күн бұрын қажылыққа барған қазақстандықтардың жалған визамен ұсталып, қамауға алынғаны туралы хабар тараған еді. 

Талқылау