Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалаңаштар бассейні: Алматыдағы “Арасан” моншасы мұсылмандарға арналмаған ба?

«Қамшы» порталы редакциясына «Арасан» моншасына қатысты шағым айтып бір оқырман хабарласты. Алматы тұрғынының айтуынша, «қала ортасындағы шипажай» деп өздерін жарнамалайтын «Арасандықтар» жаға ұстатарлық жаңалық ойлап тауып, соны қолданысқа енгізіпті. Әңгіме үстіңгі қабатта орналасқан бассейн хақында болмақ.

451-img_7874

Бассейнге суға түсемін деушілер міндетті түрде тырдай жалаңаш болулары керек екен. Бұл жаңалық сексендегі шалға да, сегіздегі балаға да қатысты. Өкінішке қарай. «Қамшы» оқырманның жан айқайына құлақ аспай қоймады. Мәселенің анық-қанығын білу үшін «Арасанның» ресми сайтында көрсетілген нөмірге қоңырау шалып, оператормен тілдестік. Өзін таныстыруды жөн санамаған оператор журналист екенімізді естіген соң нақты жауап беруден қорқып, ат тонын ала қашты. «Бізде шынымен де сондай ішкі ереже бар. Бұл гигиенаға, тазалыққа байланысты. Басқа процедураларын қабылдау барысында келген адамдар шомылу киімімен жүре береді, алайда, бассейнге келген соң оны шешіп кірулері тиіс. Себебі, моншаның іші ыстық, шомылу киімімен жүрген адамдар терлейді. Егер, олар бассейнге сол киіммен кірсе, тазалық сақталмайды, себебі үстіндегі киімге адамның тері сіңіп қалады да, ол бассейндегі суға түседі», – деп жауап берді.

Ең қызығы сол, дененің бір ғана кішкентай бөлігін жауып тұратын суға түсуге арналған киімнен адам терлейді, тазалықты құртады екен, ал, бірнеше адам бір бассейнге ешбір киімсіз, тыржалаңаш суға түскен жағдайда гигиена сақталады екен. «Бірақ ережені енгізуші кім деген сұраққа мен жауап бере алмаймын. Сіз журналист екеніңізді растайтын қызметтік куәлігіңізді өзіңізбен бірге алып, жұма-сенбі күндері бастыққа кіре аласыз. Сол кезде бастық барлық сұрақтарыңызға жауап береді» деп қысқа қайырды. Моншаға келген немесе баруға ниет білдірген адамдар мұндай сұрақ қойса, демек, барлығы да басшылықпен кездесіп, солардан жауап алу керек екен. Иә, ақылға сыймайды.

«Арасанның» оңай шағылатын жаңғақ емес екендігін түсінген біз мекемеге қайта қоңырау шалып, қоғаммен байланыс немесе БАҚ-пен жұмыс бөлімін сұрастырдық. Олар болса маркетинг бөлімімен бізді байланыстырып берді. Маркетинг бөлімінің қызметкері Ярослав ағынан жарылып, мынандай ақпарат берді: «Жерден жеті қоян тауып жүрген біз («Арасан» моншасы) емес, әкімият. Бұл солардың талабы. Біз болсақ талапты орындаушымыз. Наталья Борисовна сонымен айналысқан болатын. Бірақ қазір ол жоқ». Ярославтан Наталья Борисовнаның ұялысын алып, байланысқа түстік. Өкінішке қарай, ол тұтқаны көтермеді. Одан кейін Алматы қаласының әкімиятына ұзақ қоңырау шалдық. Алғашында біреу тұтқаны көтерді, қазақша амандасқанға сасып, «не слышно», «не слышно» деп тұтқаны қоя салды. Одан кейін әкімшіліктің баспасөз қызметіне жиырма рет қоңырау шалсақ та желі босай қоймады. Әкімияттан үміт үзіп, соларға қарасты Денсаулық сақтау басқармасымен байланысқа түсуді жөн санадық. Нұржан Аманкелдіұлы «Арасан» моншасы ем-дом шарасымен айналыспағандықтан, тек профилактикалық шара қолданатындықтан аталмыш басқармаға қарасты мекеме еместігін түсіндірді. Бұл сұрақ бойынша Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне (келесіде департамент – ред.) хабарласуға кеңес берді. Департаменттің баспасөз қызметі бөлімінің қызметкері Шынар «Арасанда» енгізілген жаңа тәртіп жайлы естімегенін, ондай бұйрық ресми сайт бетінде жарияланбағандығын атап өтті. Ескере кетер бір жайт, редакция тілшісі «Арасанның» ресми сайтының консультантына бірнеше сұрақ қойып, хат жазған болатын. «Мұның бәрі гигиенаны, тазалықты сақтау үшін жасалып жатқан шаралар» делінген жауап та алдық. Моншаға үшінші рет қоңырау шалып, «жалаңаш жүрудің гигиенаға қандай қатысы бар? Сіздер айтқан департамент те, әкімиятта та «жалаңаш жүру тәртібінен хабарсыз. Ендеше идея авторы кім?» деген сұрақты алға тарттық. Олар болса администратордың жеке ұялы телефонын берді. «Арасанның» администраторы біз алғашында сөйлескен оператор болып шықты. Себебі қайда, қашан хабарласқанымызды біліп отыр. Есімдерімізді де жатқа біліп алған. «Жалаңаш жүру тәртібіне әкімдіктің де, департаменттің де қатысы жоқ. Бұл ережені өзіміз енгізіп отырмыз. Біз жеке меншік мекемеміз ғой. Ішкі ережені өзгерте аламыз. Мұның бәрі келушілердің тазалық мәселесін қорғау үшін жасалып жатқан дүниелер. Еңбек және қауіпсіздік мәселелері бойынша бөлімнің инженері Наталья Борисовна гигиена мәселесін егжей-тегжейлі түсіндіріп береді. Бірақ ол кісінің жұмыс күні тек түскі екіге дейін ғана. Сондықтан ертең түске шейін хабарласыңыз» деді Назкен. Сеңнің қозғалғанына шүкірлік еткен «Қамшы» келесі күні Наталья Борисовнаның соңына шам алып түсті. Орнында отырмайтын Наталья ақыр аяғында ұялы телефонын көтерді. Ол кісі жолда келе жатқаннан кейін 10 минут ішінде жұмыс телефонына хабарласамыз деп шештік. Мухина Натальямен болған арамыздағы диалог:

«Қамшы»: Сізді іздегенімізге екі күн болды. Бассейнге түсу тәртібі бойынша сұрақ қойғымыз келеді. Журналист ретінде ғана емес, қарапайым клиент ретінде қабылдасаңыз. Не үшін жалаңаштануым қажет?

Мухина Н.Б.: Мен Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінен келе жатырмын. Соларға осы мәселе бойынша хат жазған едім. Әзірге жауап жоқ. Сіз бір нәрсені түсініңіз – мұның барлығы тазалықты сақтау үшін. Біздікі құр бассейн емес, спа-монша сияқты бірнеше қызметтен тұратын үлкен кешен. Адам буға кіреді, душ қабылдайды. Кірі езіледі, терісі жаңаланады. Душқа кіргенде жуынғанмен, іш киімдегі кір қалып қояды. Ол сол кір жиналған киіммен сосын бассейнге түседі. Бұл гигиенаға жатпайды. Басына жүзуге арналған бас киім кисін, аяғына тәпішкесі болсын, бірақ жалаңаш түсуін талап етеміз. Немесе сол жерде бір реттік ішкиім сатылады.

-Бағасы қанша?

Мухина Н.Б.: Бағасы, қателеспесем, 200 тг. Соны сатып алып, кисе рұқсат.

– Әйел адамдар омырау тұсын қайтпек. Оны немен жабады? Оған да арнайы бір нәрсе ойластырдыңыздар ма?

Мухина Н.Б.: Ештеңемен жаппайды. Солай түсе береді. Жалпы, неге шулап жатырсыздар? Адамдар кезінде өзен-көлдерге де жалаңаш түсуші еді ғой.

– Адамдар кезінде жалпы киіну дегенді білмей, жалаңаш жүрген. Өйткені, адам жабайы болды. Сонда қазір де ұятты ысырып қойып, өткен өмірге оралайық па? Көшеде де жалаңаш жүрейік пе? Бұл этикаға да жатпайды.

Мухина Н.Б.: Мен де осылай әдемі сөйлей аламын.

– Мен сізге публицистикадан сабақ беріп жатқан жоқпын. Бұл клиенттеріңіздің шағымы. Соны жеткізіп жатырмын. Өз басым да наразымын. Ауызбен орақ ору жайлы ескертпеңіз орынсыз.

Мухина Н.Б.: Біз бірінші кезекте клиенттеріміздің қауіпсіздігі мен тазалық мәселесін ойлаймыз. Департамент бізге бассейнге түсу ережесінде бас киім мен тәпішке деп белгілеп берген. Бірақ резеңкелі тәпішке нақты қандай болуы қажет нақтыламаған. Бір бармаққа киілетіні бар, және кәдімгі резеңкелі тәпішке бар. Бір бармаққа киілетіні құмға арналған негізі. Кейбір клиенттер сондайды киіп келеді де шалынып құлап, аяқтарын сындырып алады. «Жедел жәрдем» шақыртумен әлек боламыз. Сол сияқты ішкиімсіз түсудің гигиена сақтауда пайдалы екендігін де өзіміз зерттеп, анықтадық. Ұсынысымызды аталмыш департаментке жібердік.

– Демек, олар рұқсат етпесе, бұл тәртіп алынып тасталады ғой?

Мухина Н.Б.: Енді елді шулатып жүрсіздер. Сіздердің, департаменттің қалауы сол болса, солай болсын, не дейміз?!

– Қалауымыз сол. Адамның психологиясы бұзылғандығын қаламаймыз.

Дінмұхамед Қонаев атамыз салдыртқан «Арасан» тазалық деп ұрандап мұндай әрекетке барғандары көңілге кірбің түсірмей қоймады. «Арасанның» басшылығы өздерінің қандай мемлекетте өмір сүріп жатқандарынан бейхабар сияқты. 130 ұлт пен ұлыстан тұрамыз деп көк жәшік көпірсе де Қазақстанда тұратындардың 70%-ы қазақтар. Қазақ болса әдет пен әдептен ешқашан аспайтын, ұрпағын «ұят болады» деп тәрбиелейтін мұсылман халық. «Арасанда» мұндай ереженің енгізілуі мұсылмандардың құқығын таптау болып есептелінеді. Ислам мәдениетінде ғана емес, жалпы адамзат танымында әурет жерді көрсету ұят және әдепсіздік болып табылады. Еуропа жақсы көретін этика мен эстетикаға да түбегейлі қайшы. Бұл адамды азғындау, оны малға теңеумен бірдей. Еңбектеген бала да, еңкейген шал да бассейнде жүзеді. Бұл бала психологиясының бұзылуына әкеліп соқтырады. Әкімшілік «Арасанға» келген әрбір клиентке егер де ол бассейнге барғысы келсе, «жалаңаштану» деген ереже барын алдын-ала ескертулері шарт. Адам ақша төлеп, ішке кіреді де сосын бармақ тістеп қалады. Бассейннің есігіне де «Мұсылмандарға арналмаған» деп жазып, тақтайша іліп қойсын. Алматы қаласының Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті жаңалық ашқыштарға тиісті жауап беріп, өз міндеттерін толыққанды атқарады деген үміттеміз.

«Арасандағы» тағы бір жаға ұстатарлық жағдай – киім ауыстыратын орындарына қойылған бейнебақылау камералары. Оған шағымданған клиенттер де баршылық. Мұның себебін адамның жеке заттары жоғалмауы үшін деп түсіндірген қызметкерлер ол жердегі бейнебақылауға түскен видеолар интернетке таралып кетуі мүмкін дегенді ескермеген. Бұл енді басқа әңгіме…

Жіберіп алмаңыз:

Қазақстандық отбасы жетімдер үйінен бала асырап алды, бірақ туған анасы сәбиін қайтып алмақ болып шешті

Есей Жеңісұлы: Тұрсынбектің «Әзіл әлемінен» бастап, ірілі- ұсақты театрлардың бәрі орысша жаргондарға әуес

Депутаттар зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын алуды ұсынды

Талқылау