Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұрт ұшақ апатынан мерт болған Талғат Патсаевты ақтық сапарға шығарып салды

Алматыда ұшақ апатынан көз жұмған дәрігер Талғат Патсаев туған жері Шымкент қаласын жерленді, деп хабарлайды Қазақпарат.

 Марқұм дәрігерді туған-туыстары мен жора-жолдастары, әріптестері ақтық сапарға шығарып, жер қойнына тапсырды.

Талғат Патсаев 46 жасында дүниеден өтті. Ол «Акушерлік және гинекология» бойынша медицина ғылымдарының докторы болатын. Үш тілді еркін меңгерген өз ісінің білікті маманы еді.

Жұбайы Нұржамал Жардемалиевамен екі ұл тәрбиелеп, өсірген.

«Біз Талғат Патсаевпен 20 жылдай бірге жұмыс істедік. Ол кандидаттығын қорғады, кейіннен докторлығын да қорғап шықты. Шапшаң қимылдайтын әрі талантты дәрігер болатын. Сонымен қатар ұжымдастарының алдында да тамаша адам еді. Кез-келген уақыққа қол ұшын беруге дайын тұратын. Алматыда жүрсе де Шымкенттегі әріптестеріне жоқ деп айтпайтын, қай уақытта болмасын ақыл кеңестерін беріп, айына екі рет келіп жүретін.  Балалары әлі жас. Кім біледі, болашақта олар да әке жолын қуып, оның ісін жалғастырар дәрігер болатын шығар», – дейді әріптес досы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Талғат Құдайбергенов.

«Талғат Патсаевты  туа біткен дәрігер десе де болады. Жұмысын өте жақсы көретін. Өзгелерді де үйретіп, өзі де үйренуден жалыққан емес. Қай кезде болмасын ол азаматтан көмек те, қолдау да күтуге болатын. Дәрігер арасында да өте беделді, сыйлы жан еді. Әрине, апат айтып келмейді, бірақ сондай азаматты жоғалтып алу бәрімізге де ауыр тиді, қабырғамызды қайыстырып кетті десе де болады. Не дейміз, енді иманы өзіне жолдас болсын, қазаның арты қайырлы болсын»,- дейді марқұмның жолдасы әрі әріптесі Ерлан Тәжібаев.

Марқұмның жаназасын шығаруға халық көп жиналды. Құран бағышталып болған соң, оның денесі бүгін Шымкенттегі зираттардың біріне жер қойнына тапсырылды.

Еске сала кетейік, 3 қазан күні Алматы облысы, Іле ауданы, Междуречинск ауылына жақын маңда АН-28 ұшағы құлап, артынша өртеніп кетті. Әуе көлігінде болған дәрігерлер жаңа босанған анаға көмек көрсету үшін Алматыдан Шымкентке бет алған еді. Ал жаңа босанған әйел Шымкентке Түркістаннан 2 қазан күні жеткізілген.

Тағы да оқыңыз:

Сәби өмірге келгеннен кейін қандай діни жоралғылар жасалады

Алматы бекеттерінде АИ-92 бензині таусылып қалды

Алматыда полицей өзі жараланғанына қарамастан қашып жүрген қарулы қылмыскерді қолға түсірді

Талқылау