Жақындары Мұхтар Зимановты мерзімінен бұрын босатуды сұрады
Мұхтар Зимановты мерзімінен бұрын босатуды сұрайды. Академик-заңгер Салық Зимановтың ұлы қатаң тәртіптегі колонияда алты жылдан бері отыр. Ол атышулы «Қорғас ісіне» қатысы бар деп айыпталған еді. Тергеу мәліметтері бойынша, Мұхтар Зиманов кеден бекетінде сыбайлас жемқорлық үшін ұсталған Талғат Қайырбаевты түрмеден шығаруға уәде берген.
Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Конституция авторларының бірі, академик Салық Зимановтың үйінде бүгін адам толы. Онда журналистерді Мұхтар Зимановтың қорғаушысы мен жұбайы шақырған. Белгілі заңгердің ұлы Астана шетіндегі қатаң тәртіптегі колонияда міне, алтыншы жыл жазасын өтеп жатыр. Ол алаяқтық пен аса көп мөлшерде пара алуға қатысы бар деп айыпталған еді.
Зиманов пен оның үш сыбайласы «Қорғас ісі» бойынша тұтқындалғандардан 3 миллион 265 мың доллар ақша алған-мыс. Тергеу болжамы бойынша, Мұхтар Зиманов басты айыпталушы Талғат Қайырбаевты 5 миллион долларға босатуға көмектесемін деп уәде беріп, алдын-ала төлем алған. Содан кейін ақшаны алып, ізін жасырған. Алайда Зимановтың әйелі күйеуінің кінәсіз екенін айтып отыр.
“Зимановтың ісінде арыз беруші, сондай-ақ зардап шеккендер болған жоқ. Жеке және заңды тұлғаға немесе мемлекетке тигізген зияны жоқ. Пара тергеу барысында анықталмаған адамға берілді. Міне осындай негізбен сотталды”, – дейді Мұхтар Зимановтың жұбайы Жанат Зиманова.
Қаржы полициясының қызметкерлері Мұхтар Зимановты 2012 жылдың 25 қаңтарында ұстады. Бірінші инстанция соты оны 13 жылға бас бостандығынан айырды. Жоғарғы сот бұл кезеңді бір жылға қысқартты. Мұхтар Зимановтың кешірім жасау туралы өтінішін Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы комиссиясы қарады. Оның жазасы тоғыз жылға дейін қысқарды. Қазір Мұхтар Зиманов жазаның үштен екісін өтеді және мерзімінен бұрын босатылуға мүмкіндік ала алады. Бірақ бірінші және екінші сот инстанциясы оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты, дейді қорғаушы.
“Ол сөзсіз босатылуы керек еді. Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы бар. Сот Зимановты әлі де әлеуметтік түрде қауіп төндіруші деп басқа негіз ойлап тауып отыр . Сондықтан, ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатыла алмайды”, – дейді М.Зимановтың қорғаушысы Тагир Сисинбаев.
Зимановтың қорғаушысы сотқа қайта шағым түсірді. Туыстары 67 жастағы Мұхтар қант диабетінің ауыр түрінен зардап шегетінін, сондай-ақ көзінің көру қабілеті -11 дейін нашарлағанын айтып отыр. Олар басқа қазақстандықтардың осындай қылмыстары үшін неліктен еркіндікте жүргенін түсінбейді. Мысалы, біреудің мүлігін иемденіп, билікті асыра пайдаланғаны үшін сотталған бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов 8 жыл отырудың орнына тек бір жыл, 7 ай ғана жазасын өтеді. Зимановқа келетін болсақ, іс бойынша алдын ала қарау ертең Астана қаласының сотында өтеді.
Жіберіп алмаңыз:
СҚО-да ер адам өз үйінде жатып үсіп қала жаздады
Өзбекстан билігі Ақтөбедегі автобус өртінің себептерін атады
Шоқыну мерекесін православие қауымынан асып тойлайтын қазақтар елді ашуландырды
Астана мектептерінің бірінде жыныстық қатынасқа түсу жолдарын үйрететін парақшалар таратылған