"Жабайы түрде мәселе көтергені керек емес": Өнербаевтың қазақ тілін білмейтіндерге айыппұл салу ұсынысына өнер өкілдері пікір білдірді
Танымал мәдениет қайраткері, әнші Нұрлан Өнербаев қазақ тілі мәселесін көтеріп, ұсыныс тастағаны қоғамды шулатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Айта кетейік, өнер иесінің қазақ тілін білмейтіндерге 40 мың теңге көлемінде айыппұл салу ұсынысы қызу талқыға түсті.
“Күнде бір айыппұл түрін шығарасыңдар! Бір айыппұл түрін халық өзіміз ұсынайық. Қазақ тілінде сөйлемейтіндерге 39 320 теңге айыппұл салынсын", –деп жазды мәдениет қайраткері.
Алайда қоғам пікірі екіге бөлініп, өнер иесінің жазбасы көпшілікті шулатты. Әншінің өзіне бірнеше рет хабарласып, жауап ала алмадық.
Одан кейін өскемендік заңгер Александр Круглов әншінің ұсынысын “ұлтаралық араздық тудырды” деп айыптады.
"Нұрлан Өнербаев деген біреу, әнші және қоғам қайраткері қазақ тілін білмейтіндерге 39 320 теңге көлемінде айыппұл салуды ұсыныпты. Бұл орынсыз әзіл ме әлде қылмыстық кодекстің 174-бабына қарсы шығу ма?" — деп жазды заңгер.
Фото: Жеке парақшадан алынды
Stan.kz тілшісі әншінің үзеңгілес әріптестеріне хабарласып, пікір сұрады. Танымал композитор Қалдыбек Құрманәлі ұсыныстың орынды екенін, алайда мәселенің шешімі емес екенін алға тартты.
“Мәселесі жазылған жерде қалды”
“Өнербаев – талантты әнші, мәдениет қайраткері. Кезінде мәжіліс депутаты да болды. Бізден гөрі заң шығару аясында жұмыс істеген тәжірибесі бар. Бірақ мынадай әлеуметтік желіде, жабайы түрде мәселе көтергені керек емес. Қазақ халқы ауызбен айтқанды жақсы көреді. Ешкімнің қағазға жазып, заңды түрде жұмыс істегісі келмейді. Ондай жұмысқа жалқаумыз. Егер өтінішті қағазға жазып, қол жинап бастама көтерсе, әңгіме басқа. Жеке парақшасына жазды, халық неше түрлі пікір айтты. Ол мәселе жазылған жерінде қалды. Тұтас ұлт мәселесі болғандықтан, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығуы керек. Өнербаевтың ұлт жанашыры, қоғам қайраткері, жеке тұлға ретінде көтерген ұсынысы – орынды. Әркімнің жеке көзқарасы болуы керек. Мен айтар едім, тілге деген құрметті өзіңнен баста. Біздің тілге деген құрметіміз қоғамдық орында бұзылатыны өтірік емес. Тіл төңірегіндегі мәселенің бәрі қоғамдық-демалыс орындарында болып жатыр. Қызмет көрсету орнына барсаң: “Қазақ тіліндегі нұсқасы” деп сұрама, мемлекеттік тілде жазылған нұсқасын бересіз бе?” деп сұрау керек. Мемлекеттік тілде қызмет көрсету заңда жазылған. Сондықтан тілге деген құрметті өзімізден бастайық”, – деді композитор.
“Адамның ішкі жан-айқайы”
Одан кейін ҚР еңбек сіңірген әншісі, ұстаз Жеңіс Ысқақоваға хабарластық. Өнер иесі әріптесінің ұсынысының тамыры тереңде екенін айтты.
“Нұрланның бастамасын, айтқысы келген ойын түсінемін. Маған адамның ішкі жан-айқайы, эмоциялық ашуы секілді көрінді. Бірақ айыппұл салуды – соңғы нұсқа ретінде қарастыру керек. Өзгертуді түп-тамырдан бастайықшы. Біз басқа ұлт өкілдерін қазақша сөйлетпек түгілі, әуелі өзіміздің жастарымызды қазақша сөйлетіп алайықшы. Ең маңызды мәселе – осы. Алдымен бала бақшадағы бағдарламаны түгел қазақшаға көшіру керек. Онда тәрбиеленген басқа ұлт-өкілдерінің бәріне қазақ тілінде білім мен тәрбие берілсін. Айтатын әніміз де қазақ тілінде шырқалсын. Ата-бабаларымыздың тарихын айтуымыз керек. Балалардың рухын оятып, тілге деген махаббатын арттырамыз. Көшеден ұстап алып, бәріне айыппұл салу ақылға қонбайды. Біздің елде одан басқа мәселе жоқ па?!” – деді әнші.
Тағы да пікір алмақ болып біраз әншіге хабарласып көрдік. Майра Ілиясова: “Нұрлан ең жақын досым, араласып отырған адамым, ештеңе айта алмаймын” десе, “Абай Бегей: “Басқа мәселеге пікір берейін, тек мына саяси мәселеде мазаламаңыз” деді.