Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде жүкті әйел мен құрсақтағы сәбиді көліктегі фельдшер жігіт аман алып қалды

Жол апатына ұшыраған жедел-жәрдем көлігіндегі жүкті әйел мен құрсақтағы сәбиді фельдшер жігіт аман алып қалды.

Безымянный

Бұл туралы Евразия бірінші арнасы хабарлайды.

Тар бесігі  – кең жаһан тарылмаған, Біреуге бар, біреуге табылмаған. Мына өмірден хабарсыз, жаңа туған сәбидің бар уайымы тәтті ұйқы, қарны ашса анасының уызын іздейді. Ал, 20 жастағы фельдшер жігіт болмағанда, бұл баланың іңкәләған үнін есту ата-анасына бұйырар ма еді, кім білген.

Әттегідей, жедел жәрдем қызметіне хабарласатын сансыз қоңыраулардың ішінде бір келіншекті толғақ қысып жатыр деген шақырту түсті. Бригада уақыт созбастан тиісті мекен жайға барып, жүкті келіншекті перзентханаға алып шығады. Бірақ жедел-жәрдем жедел жете алмады.  Жол апатына ұшырады. Қарсы бағытқа шығып кеткен Нива медициналық көлікке  келіп соқтығысқан.

«Біздің көлік Нивамен соқтығысқанда мен бірден жүкті әйелге қарадым. Оның маған қарай құлап келе жатқанын байқадым. Бірден есімді жиып, ол кісіні ұстап қалдым. Өзімнің адам өміріне жауапты екенімді сезініп, құлап бара жатқан  келіншекті тұтас денеммен жауып қалдым» – фельдшер Әсет Ерланов.

Бар жоғы 3 ай ғана жұмыс істеген жас маман жүкті әйелді аман алып қаламын деп басын қауіпке тіккен. Жол апаты кезінде Әсеттің өзі қатты соққы алып, бас-сүйегі жарақаттанды. Сонда да толғақ қысқан ана мен баланың аман қалғанына қуанды ол.

«Оқиға болған кезде бізге көшедегі адамдар, көлік жүргізушілері көмектесті. Жүкті әйелді басқа көлікке отырғызуға тура келді. Ар жағында не болғанын өзімде білмеймін» – фельдшер Әсет Ерланов.

Осындай шым-шытырық оқиғамен перзентхана жеткізілген Гүлназ Смағұлбекова шекесі торсықтай ұл тапты. Салмағы 3,5 келі. Денсаулығында кінәрат жоқ, ұйқысы да тыныш, тәбеті де жақсы. Әлижан есімді нәресте бұл отбасының үшінші баласы. Алдында 7 жастағы ағасы мен 6 жасар әпкесі бар.

«Бәрі қаспен көздің арасында болды, бәрі жақсы» – дейді Гүлназ Смағұлбекова.

Жүкті әйел мен құрсақтағы сәбиді аман алып қалған семейлік фельдшер жігіт қазір емделуде. Бірақ Әсет өзінің бұл ісін ерлік емес, қызметтік міндетім деп есептейді. Жас маман жап-жаңа жедел жәрдем көлігінің жарамсыз болып қалғанына да қынжылады. Өйткені медицина саласындағы алғашқы жұмыс күні  осы көлікпен басталып еді.

Темірдің орны толар.  Ең бастысы ана мен бала аман. Ал, Әсеттің көзсіз ерлігі мен өз кәсібіне деген адалдығы антына берік ақ халаттылардың абыройын бір көтеріп тастады.

Жіберіп алмаңыз:

Өлер алдында хат жазып кеткен Айгүлдің ата-анасы қызының қалай қаза болғанын айтты

Алматы облысының тұрғыны итінің арқасында жаңа “Лексусты” тізгіндеді (видео)

Қайрат Нұртас: Мені аман алып қалған Аллаға сансыз шүкір

Талқылау