Зейнеткер Перизат Қайраттан су тасқыны кезінде аударған 1 миллион теңгесін қайтарып беруді талап етті
Фото: instagram.com/01pk
Астанада Перизат Қайрат ісіндегі көктемгі су тасқыны кезіндегі қайырымдылық көмекке қатысты эпизод бойынша куәгерлер мен жәбірленушілерден жауап алынып жатыр. Сотта зейнеткер айыпталушыдан тасқын кезінде қайырымдылыққа аударған 1 млн теңгесін қайтарып беруді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2024 жылғы сәуір айында зейнеткер Әмина Аймағамбетова Перизат Қайрат басқаратын Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық қорына банк қосымшасы арқылы 1 миллион теңге аударған.
"Көп жарнама шықты. Бірақ неге екені белгісіз, Biz Birgemiz атауы бізге сенімді болып көрінді. Діттеген жеріне жететін шығар деп ақша аудардық. Зейнеткерлерге мұндай ақша артық болмайды", – деді ол.
Зейнеткер бұрын-соңды Перизат Қайратпен де, анасымен де таныс болмағанын айтты.
Еске салсақ, Астанада қайырымдылыққа жиналған ақшаны жымқырған деп айыпталған Перизат Қайрат ісі бойынша басты сот отырысы өтіп жатыр.
16 шілдеде өткен сот отырысында Назарбаев зияткерлік мектебінің ата-аналары Перизат Қайраттан қайырымдылыққа аударған ақшасын қайтарып беруді талап етті. Ата-аналар ол ақшаны ауыр дертке шалдыққан мұғалімге аударғысы келетінін айтты.
Сондай-ақ Астанадағы Перизат Қайраттың сотында "Асар-Үме" қорының президенті Асхат Нұрмашев куәлік берді. Ол 2023 жылы Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде Перизат Қайрат басқаратын BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қорына 200 миллион теңге аударғанын растады. Ақша Газаға көмек ретінде жіберілгенімен, нақты есеп пен құжаттар ұсынылмаған. Перизат Қайрат тарапынан тек ауызша уәделер болған. Нұрмашев кейін бұл мәліметтердің жалған екенін түсінгенін айтты.

“Газ плитасы, күннен қуат алатын панельдер алып дайындаламыз”: Алакөлде шатырда қонып жүрген қазақстандық отбасы жабайы демалысты дәстүрге айналдырған
