Зейнетақы жинағы: болашақта алаңсыз өмір сүру үшін зейнетақы қорына қанша ақша жинау керек?
2050 жылы Қазақстанда зейнеткерлер көбейіп, жастар азаяды. Осының салдарынан зейнетақы жүйесіне түсетін салмақ артады. БҰҰ-ның бұл мәлімдемесінен соң көпшілікті "Жинағым зейнет жасымдағы күнкөріске жете ме?", "Зейнетақыға көбірек ақша салғанның пайдасы бар ма?" деген сұрақтар жиі мазалайтын болды. Stan.kz осы сауалдарға жауап іздеді.
Зейнеткер бұрынғы жалақысының қанша пайызын зейнетақы ретінде алатынын табысты алмастыру коэффициенті арқылы біле алады. Халықаралық еңбек ұйымының дерегі бойынша, әрбір адам жалақысының кемінде 40%-ына тең мөлшерін зейнетақы етіп алса, зейнеттегі күнкөрісіне жеткілікті көрінеді. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш орта есеппен 60% шамасында. Бізде 2024 жылы шамамен 41% болды. Дегенмен қазақстандық салымшылар зейнетақысына көбірек қаражат аударып, болашақтағы өмірін қазірден бастап ойлағаны дұрыс. Оның маңызын мынадай бірнеше фактор көрсетеді.
Неге зейнетақы жинағы қазір бұрынғыдан да маңызды болып отыр?
Біріншіден, еліміздің зейнетақы жүйесіндегі ынтымақты құрамдауыш біртіндеп азайып, әр азаматтың өз болашағы үшін жинайтын жеке жинақтаушы бөліктің маңызы арта түспек. Қазақстанда зейнетақы бірнеше бөліктен тұрады. Біріншісі – мемлекеттен берілетін базалық және ынтымақты зейнетақы. Екіншісі – міндетті және ерікті жарналардан құралған жеке зейнетақы жинақтары. Міндетті зейнетақыны жұмыс беруші қызметкердің жалақысынан төлейді, ал ерікті зейнетақыны адам өзі қалауынша жинайды. Дегенмен мемлекеттен берілетін ынтымақты зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі болған азаматтарға ғана есептеліп беріледі. Яғни шамамен 2040 жылға қарай зейнетке шығатын отандастарымыздың көпшілігінде ынтымақты зейнетақы алатын еңбек өтілі болмайды. Сөйтіп әр азамат тек базалық және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударып отырған міндетті және ерікті жарналары есебінен берілетін зейнетақысына үміт арта алады.
Екіншіден, халықтың қартаюы мен бала туу көрсеткішінің төмендеуі зейнетақы жүйесіне тікелей әсер етеді. Бұл - жаһандық құбылыс. Бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да туу көрсеткіші төмендеп барады. Қазір дүниежүзінде бес жасқа дейінгі балаларға қарағанда 65 жас және одан үлкен адамдар көбірек. Мұндай көрсеткіш бірінші рет орын алып отыр. Жылдан жылға адамдардың өмір сүру жасы ұлғайып барады. БЖЗҚ мен БҰҰ осыны ескеріп, 2050 жылы Қазақстанда халық саны 26,3 миллионға жетеді, орта есеппен оның әрбір бесіншісі 60 жастан асқан азамат болады деп болжап отыр. Елдегі еңбекке қабілетті жастар азайып, зейнеткерлер көбейеді. Салдарынан еңбекке қабілетті халыққа, зейнетақы жүйесіне көп жүк артылып, экономикада және жалпы халықтың күнкөрісінде қиын мәселелер туындауы мүмкін. Сол себепті сарапшылар қазірден бастап зейнетақы қорына көптеп қаражат аударған жөн екенін айтады.
Зейнетақыға көбірек қаражат салғанның пайдасы қандай?
Салымшы зейнетақы шотына қаншалықты көп әрі тұрақты түрде ақша аударса, болашақта зейнетақысының сомасы соншалықты жоғары болады. Мысалы, қазақстандық азамат өзі де, жұмыс берушісі де міндетті жарналарды тұрақты салып отырса, қазіргі жалақысының кемінде 40%-ын зейнетақы ретінде алуға мүмкіндігі бар. Инвестиция зейнетақыны көбейтеді. Салымшының жеке шотына салған әр теңгесі пайда әкеледі. Мысалы, осы жүйені қолданған кейбір елдің зейнетақысының 75%-ы – инвестициялық кірістер. Қазір біздегі зейнетақы активтерінің шамамен 40%-ы осы инвестициялық табыстан құралған.
Зейнетақы жинағын қалай тиімді көбейтуге болады?
Ең алдымен зейнетақыны жоспарлау керек. Зейнетақыны жоспарлау – бұл сіздің болашақта қанша зейнетақы алатыныңызды алдын ала есептеп, оны көбейту немесе жеткілікті ету үшін не істеу керегін анықтау процесі. Мысалы, сіз қанша жарна құясыз, инвестицияны қалай қолданасыз, ерікті жарна ретінде қанша қосасыз – соның бәрін есептеп, болашақтағы зейнетақыңыздың деңгейін жоспарлайсыз. БЖЗҚ зейнетақыңызды жоспарлауға көмектесетін екі құрал ұсынады - "Зейнетақы калькуляторы" және "Дербес зейнетақы жоспары”.
Зейнетақы калькуляторы адамның жинағы мен болжамды жарнасының негізінде болашақ зейнетақысының болжамды мөлшерін есептейді. Калькулятордың екі түрі бар. "Ағымдағы" – бұл алдағы жылы зейнеткерлікке шығатын азаматтар үшін қарапайым есептеу. "Болжамды" – болашақтағы зейнетақыны есептейтін өзгермелі калькулятор. Бұл түрі базалық, міндетті, ерікті жарнаның бәрін ескеріп, болашақта жағдай жақсарса, бір қалыпта болса немесе күрт нашарласа, зейнетақы мөлшері қандай болатынын шамалап есептеп береді. Зейнетақы калькуляторының көмегіне биылғы 9 айда 726 адам жүгінген екен.
Дербес зейнетақы жоспарының зейнетақы калькуляторынан айырмашылығы – азаматтың зейнеткерлік болашағын өз қолына алуға мүмкіндік береді. Оның көмегімен зейнетақы жинақтарының ағымдағы көлемін ескере отырып, зейнетақы төлемдерінің қажет сомаға сүйеніп, болашақта аударып отыруға тиісті жарналардың қажет мөлшерін есептеуге болады. Ал автоматтандырылған дербес хабарламалар жүйесі жинақтаудың дербес жоспарының іске асырылуын бақылауға мүмкіндік береді. Салымшылардың жеке зейнетақы жоспарын сауатты жасауына көмекші бола алатын осы құралды пайдаланушылар саны да күн санап артып келеді. Мәселен, 2024 жылдың 9 айында бұл қызмет түрін 19 мыңға жуық адам пайдаланса, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 95 мыңнан асқан.
Ерікті зейнетақы жарнасын салуға болады. Қарттығыңызды қазыналы, берекелі етуді жоспарласаңыз – ерікті зейнетақы жарнасын аударып, зейнетақы жинағындағы соманы арттыруға болады. Ерікті жарнаны тек өзініңізге емес, жақыныңыздың, тіпті кішкентай балаңыздың шотына аудара аласыз. Ерікті зейнетақы жарналарының бір артықшылығы – жарна мөлшері мен төлеу кезеңділігін, жинақталған зейнетақы қаражатын алу тәртібін әр азамат өзі белгілейді. Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есептелетін шот автоматты түрде ашылады. Ерікті жарна аударғысы келетін азаматтың жеке басын растайтын деректемелер мемлекеттік базадағы дербес деректер арқылы анықталады. Кейбір отандасымыз ерікті түрде жарна аударуды бірнеше жыл бұрын бастап кеткен. Мысалы, 2020 жылғы 1 қыркүйекте ерікті жарна есепке алынатын шот саны 42 276, ондағы ерікті жарна мөлшері 2 млрд 122 млн теңгеге тең болса, 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 458,30 мың шот ашылып, онда 9,218 миллиард теңге жиналған. Бұл жарнаны жұмыс беруші де қызметкерінің шотына сала алады. Оған ешқандай салық салынбайды және корпоративтік табыс салығын есептегенде шегеріледі.
Жинақты инвестициялауға болады. Салымшылар өзінің міндетті жинағының 50%-ын және ерікті жинақтарының 100%-ын жеке компанияларға басқаруға беріп, инвестициялай алады. Ұлттық банк пен инвестициялық портфельдерді басқарушы компаниялар зейнетақы жинақтарын әртүрлі қаржы құралдарына орналастыра отырып, кіріс табуға ұмтылады. Демек, салымшының ақшасы тек сақталып қана қоймайды, уақыт өте көбейеді.
Қорытынды. Қарттық шақ – адам өмірінің ең қымбат кезеңдерінің бірі. Оның қамсыз әрі тыныш өтуі үшін бүгіннен бастап қамданған абзал. Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы жүйесі – болашақтағы тұрақтылықтың сенімді кепілі. Ең бастысы – қаржы сауатын меңгеріп, ерте жастан жүйелі түрде қор жинауды әдетке айналдыру керек. Сонда ғана әрбір азамат қарттығын абыроймен, толыққанды деңгейде, берекелі етіп өткізе алады.

Қазақстан қалаларында қоғамдық көлікпен жүру құны қанша
