Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Зейнетақы алып отырмын деген аты ғана, ол ақша ешнәрсеге жетпейді": Отандық зейнеткерлердің зейнетақысына көңілі тола ма?

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап: зейнетақының ең төменгі мөлшері 43 272 теңге. Бұл ретте 7 пайызға артатынын көрсетуде. Бірақ зейнеткерлеріміздің айтуынша, зейнетақы өссе де «баяғы жартас, сол жартас». Жыл сайын қосылғанымен, әлі де мардымсыз болып тұр.

Осы ретте біз бірнеше зейнеткерге бейнетінің зейнетін көретін шақта зейнетақысы жетіп отыр ма деген сауал қойдық.

- Жалғыз зейнетақыңызға күн көре аласыз ба? Зейнетқыңыз сізге қаншалықты жетіп отыр?

Зейнепхан Қаналханқызы, зейнеткер 63 жаста: 
- Мен көпбалалы анамын. Бұрын тігін цехында еңбек еттім, одан кейін ауылымыздағы емханада жұмыс істедім. Зейнетақы алып отырмын дегені ғана болмаса, негізі ол ақша ешнәрсеге жетпейді десем де болады. Тек ай сайын азық-түлік аламын. Ал дәрі-дәрмек, ары-бері жүруге зейнетақының ақшасын жұмсап көрмеппін. Өйткені қазір ауырып қалсаң, дәрігерге қаралып, дәрі-дәрмек алуыңа 100 мың теңге кетеді.

Сөйтіп шалымыз екеуміздің зейнетақымыз тек тамағымызға әрең жетеді. Өйткені біз екеуміз ғана емес, ұлым мен келінім бар. Олар да жұмыссыз. Төрт-бес адамға 100 мыңға жетер-жетпес ақшаны бөліп көріңіз енді. Жете ме? Немерем бар. Оның памперсі, жейтін витамині, балаларға арналған ботқасы бар. Биыл зейнетақы өседі дегенге қуанған едім. Бірақ көңілім су сепкендей басылды. Сөйтсем, 3000-4000 теңге ғана қосылады екен ғой. Жаңалықтардан оқып қалдым, орташа зейнетақы 94 733 теңге деп қойыпты. Бірақ айналамдағы таныстарымның ондай зейнетақы алғанын өзім әлі көрмедім. Мысалы, мен 80 мыңнан аса ғана ақша аламын. Мемлекет сонда кімнің, қандай зейнетақысын есептеп отыр оны түсінбедім.

Тәңірберген Ермаханұлы, зейнеткер:
- Мен зейнетке ел қатарлы 63 жасымда шықтым. Оған дейін таңның атысы-күннің батысы Алла берген үш баламды өсіріп-жеткізу үшін белім бүгіліп, еңкейіп етумен болдым. Еңбектен қашқан емеспін, қашан да білек сыбана кірістім. Зейнетақым осы қаңтарға дейін 62 000 теңге болатын. Үкіметтің зейнетақымызға 7% қосылады деген үндеуін естіп, марқайып қалдым. Менікіне 4320 теңге қосылыпты, банкоматқа барып, 66000-ды қалтаға басып, шүкіршілігімді айтып қайттым.

Зейнетақы өскеніне қуанасың ғой, бірақ бір әттеген-айы – азық-түлігіңнің де бағасы шарықтап кетеді. Осыған қынжыламын. Базардағы бағаны бақылауға алса екен деген тілегім бар.

Жаздың аптабы, қыстың қара суығында бейнет кешіп жүріп еңбек еткенімді айта өттім ғой. Әйткенмен бейнетімнің бүгінгі күні өтеуі болар менің зейнетақым қатарластарыммен салыстырғанда орта деңгейлі деп есептеймін. Ең төменгі зейнетақы мөлшерін алатындар көп секілді біздің елде. 

Күнкөріс қажеттілігімді зейнетақы толық ақтайды дей алмаймын. Бойға қуат болар табиғи құнарлы тағамдардың құны қазір аспандап тұр. Бір дүкенге кіріп, азық-түлігіңді алып шығам дегенше, зейнетақыңды түгел бітіресің. Оның сыртында өзге де шығындар бар дегендей... Қарт кісілердің қара басы ғана болып, тек зейнетақы алып күн кешсе, бір айды бір айға әрең жалғайтын секілді. "Қарттарымыз - қазыналарымыз" деп жатады ғой халқымыз, сол құрметтеген қарттардың бейнетінің зейнетін көрер шақта әр тиынын санап, өмір сүргенін қаламас едім...

Бұған не себеп? Елдегі зейнетақы жүйесі қаншалықты әділ? Осы орайда, Stan.kz тілшісіне белгілі экономист Мақсат Халық жауап берген еді.

–    Зейнетақыны 7 пайызға өсіргенімен, бізде ресми инфляция деңгейі 7 жарым пайыз. Яғни, құнсыздану одан да көп болып тұрғанын білдіреді. Ал азық-түлік тауарларының қымбаттауы 11 пайызға жетіп отыр. Сондай-ақ, зейнеткерлеріміз зейнетақысын көбіне азық-түлік алуға жұмсайды. Сол себептен де зейнетақының 7 пайызға өскені мүлдем сезілмей жатқаны түсінікті. Өскенінің түк пайдасы жоқ болып тұр. Осы жылы пандемия болды. Қаншама ауру өршіп, бірнеше адам ауырып жатыр. Дәрі-дәрмек екі-үш есеге өсіп кетті. Осыны қарайтын болсақ, зейнеткерлердің зейнетақысы ештеңеге жарамай қалып отыр. Сондықтан мемлекет зейнетақыны 7 пайызға емес, 20 пайызға өсірсе деймін.

Осы сайлаудың алдында зейнетақыны «3 есеге өсіру» деген әңгіме айтқандар болды. Бірақ бұл нағыз популистік ой. Үш есе емес, 20 пайызға өсірсе де зейнеткерлерімізге сол зейнетақы жеткілікті болар еді. Алайда соңғы бір-екі жылда мемлекеттің әлеуметтік шығындары едәуір ұлғайған. Қазіргі уақытта бюджеттің 50 пайыздан астамын құрайды. Бұл да мемлекеттің әлеуметтік салаға көңіл бөле бастағанын көрсетеді. 2021-2023 жылдар аралығында мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға, дәрігерлердікін 30 пайызға өсіреміз деп отыр. Мұның барлығы бюджеттен шығын ретінде қарастырылуда. Ұлттық қордан осы мақсатта қосымша 1 триллион теңге аударым жасап отыр. Шын мәнінде бюджеттің ақшасы жетпейді. Бірақ ұлттық қордан да бөлініп осыны жеткізуге тырысып жатыр. Бірақ әлі де болса аздық етіп отыр. Өйткені нарықта ақшаның құнсыздануы өте жоғары.

Осыған орай мемлекет ақшаны құнсыздандырмаудың жолдарын ойластырып, бағдарламалар құруға ұмтылуы керек. Импортты алмастыратын тауарларды елімізде шығару, өндіріс ошақтарын көптеп ашу, зауыт, фабрикалар құру қажет. Ол үшін креслода отыратын емес, бізге нағыз жұмыс істейтін үкімет керек. Сол кезде ғана ақшаның құнсыздануы тежеледі, - дейді сарапшы.

- Басқа елдермен салыстырғанда біздің елдегі зейнетақы жүйесі, зейнетақы көлемі қаншалықты әділ, жеткілікті деп санайсыз?

- Салыстырмалы түрде қарасақ, зейнетақы жүйесі бізде әділ деп те айтуға болады. Мысалы: бұрыннан совет одағы кезінде жұмыс істесе де, оның еңбек өтілін есептеп, ынтымақтық, базалық зейнетақыны төлеп отыр. Әйтпесе кейбір мемлекеттер тек жинаған ақшаны ғана төлейміз деп, оны төлеуден бас тартты. Біздің мемлекет осы жағынан ұтқанымен, бірақ зейнетақының төмендігі көңіл көншітпейді. Оның себебін де айттық. Мысалы, дамыған елдерді қарасаңыз, инфляция бір-екі пайыздан аспайды. Ал бізде инфляция жылына 7-10 пайыз. Еліміздің азаматтарының зейнетақыға жинап жатқан қордағы ақшасын инфляция жеп қояды. Сөйтіп зейнетке шығатын кезде мардымсыз ақша алады. Сондықтан мемлекет осы мәселені шешу керек. Соңғы уақытта зейнетақы қорын сенімгерлік басқаруға береміз деп жатқаны осы проблеманы шешуге бағытталады. Әр адам жинаған ақшасын зейнетақы қорынан шешіп алып инвестициялық компанияларға, сенімгерлік басқармаларға беруге болады. Олар сіздің ақшаңызды тезірек көбейтіп, ұлғайтып бере алады. Қаражатыңыз 30 пайызға дейін өседі, кейін зейнетке шыққанда ол қаражатты қайтадан зейнетақы қорына аудара аласыз. Қазір сол үшін сенімгерлік компанияларды анықтап жатыр, атаулары әлі атала қойған жоқ. Екі айдың ішінде анықталып қалуы керек. Ұлттық банктен оған қойылған талап: ол қаржы нарығында бірнеше жылдық тәжірибесі бар компания болуы керек. Және ертеңгі күні аяқ астынан банкрот болып, азаматтар наразылыққа шығып кетпейтіндей компания болғаны дұрыс деп қарастырып жатыр.

Басқа елдерде адамдар табысының көп бөлігін зейнетақы қорына аударады. Сингапур, Швейцария елдерінде зейнетақы қорына жұмыс беруші 20 пайыз аударып отырса, азаматтар өздері ерікті түрде табысының 17 пайызын аударады. Сондықтан да салған ақшасы тез жиналады, әрі өседі. Бір жақсы жағы қажет кезде адамдар зейнетақы қорынан ақшаларын шешіп ала алады. 

- Қазір зейнетақы жүйесінен сомасы жеткілікті азаматтарға бір бөлігін шешіп алу рұқсат етілді. Бұған көзқарасыңыз. Дұрыс шешім бе?
–    Көзқарасым жақсы. Азаматтарға өз таңдауын жасауға мүмкіндік беріп жатыр. Бұған дейін зейнетақы қорындағы ақшамызды тек зейнетке шыққанда және басқа елге көшкенде ғана ала алатынбыз. Бірақ зейнетақы қорындағы ақшасын біздің азаматтар саналы түрде қаншалықты пайдалана алады? Шын мәнінде, өз қажеттілігіне жұмсай ала ма? Өйткені ақшаңызды шешіп алғаннан кейін ол жерде ең төменгі шегі ғана қалады. Кейін зейнетке шыққанда ең төменгі зейнетақыны аласыз.

Бірақ байқағаным, зейнетақысын шешіп алғалы жатқан 721 мың адамның көпшілігі оқыған, кәсіби маман, оңын-солын білетін азаматтар екен. Сондықтан зейнетақы қорынан алған қаржыны дұрыс нәрсеге жұмсайды деп сенемін. Бірақ бұл жерде білім саласын да қалдыруы керек еді. Өйткені қазіргі пандемия кезде жастар, яғни студенттер жұмыссыз қалды көбіне. Олардың ақылы оқуы бар дегендей. Сол себептен ата-анасының зейнетақыны шешіп алуға мүмкіндігі болса, неге баласының оқуына жұмсамасқа деп ойлаймын. Алдағы уақытта әлі де осы жағынан өзгерістер енгізсе деймін. 

 


Дайындаған: Анар ДӘУКЕН


 

Талқылау