Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Зейнетақы алайын десе құжаты жоқ": Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер үйінде жарық, су және газсыз тұрып келген

Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер жарығы, газы мен суы жоқ үйде тұрып жатыр. Оның үстіне Валентина Бердинаның құжаттары жоқ болғандықтан, зейнетақы да алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Дегенмен көршілері зейнеткерді аш қалдырмайды екен. Ол тоңып қалмасын деп отын жинап, пеш жағып беретін көрінеді. 72 жастағы зейнеткер қыс жақындап қалғандықтан пешіндегі оты үзілмес үшін отынды балтамен өзі шабады екен. 

“Менің төлейтін ақшам болмады. Күйеуім қатерлі ісікпен ауырып, 22 жыл бұрын қайтыс болды. Сосын олар бәрін өшірді. Бір әйел үйге келіп, баламмен бірге тұратынын жеткізді. Ол жарық үшін ақша төлегенін айтады. Дегенмен маған түбіртектерді көрсетпеді. Мен оған сендім. Алайда ол төлемеген болып шықты”, – деді зейнеткер.  

Валентина Петровна осы үйде туып, отбасын құрып, екі баласын дүниеге әкелген екен. Бірақ қартайған шағында жалғыз қалыпты. Зейнеткер қызын көптен бері көрмеген. Ал ұлы анда-санда келіп тұрады екен. Бірақ әйел олардан көмек күтпейді.

Валентина Петровна зейнетақы алсам бәрі оңайырақ болар ма еді дейді. Бірақ оның қолында тек туу туралы және неке туралы куәліктері бар. Сондықтан ол жәрдемақы немесе зейнетақы ала алмайды.

“Көршілерімнің бәрі – қазақ. Олар мені аш қалдырмайды. Кеше қой сойылды. Олар маған соны әкеліп берді. Мен әлі де жер жыртып, өзім жұмыс істей аламын. Бірақ олар мені жұмысқа қабылдамайды”, – дейді зейнеткер. 

Жақында еріктілер зейнеткерге келіп, коммуналдық қарыздарын төлеп беріпті. Электр қуаты мен газбен жылыту кез келген күні қолжетімді болады. Бірақ зейнетақыны рәсімдеу қиынға түседі дейді. 

"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекске сәйкес, қалада еңбекке жарамды жастағы балалары болғандықтан, Валентина Бердина бізден көмек ала алмайды. Балалары ресми түрде бас тартқан жағдайда ғана мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Сонда Валентина Петровна жалғызбасты деп танылып, әлеуметтік қызметкермен қамтамасыз етілуі мүмкін”, – дейді Ақтөбе қалалық әлеуметтік көмек орталығының директоры Нәзия Шаяхметова.

Талқылау