Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зерттеушілер өмірді 24 жылға ұзартуға мүмкіндік беретін сегіз әдетті атады

Америкалық зерттеушілер өмірді 24 жылға ұзартуға мүмкіндік беретін сегіз әдетті атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Америкалық тамақтану қоғамының жыл сайынғы басты жиналысы "NUTRITION 2023" форумында ұсынылған "Миллион ардагер" бағдарламасының зерттеуіне сәйкес ғалымдар өмірді ұзартатын ең тиімді сегіз әдетті атады. Зерттеуге 40 пен 99 жас аралығындағы 720 мыңға жуық соғыс ардагері қатысты. Мамандар қатысушылардың әрбірінің өмір салтын зерттеп, қандай әдеттердің өмір сүру ұзақтығына оң әсер ететінін анықтады. Олардың деректеріне қарағанда, осы сегіз әдетті жүзеге асыру 40-тан асқан адамдардың өмірін 24 жасқа, 50-ден асқандардың өмірін 21 жасқа, 60-тан асқандардың өмірін 18 жасқа ұзартады.

Демек, өмірді ұзартудың ең тиімді жолы – дене шынықтыру. Зерттеудің жетекші авторы Суан Май Нгуеннің айтуынша, тұрақты түрде жаттығу жасайтындардың өмір сүру ұзақтығы жаттығу жасамайтындармен салыстырғанда 46 пайызға артады.

Өмір сүру ұзақтығы бойынша тізімде екінші орынды есірткіге тәуелді емес адамдар алды. Зерттеуге сәйкес, есірткі тұтыну өмір сүру ұзақтығын 34 пайызға қысқартады. Темекі шегуден бас тарту өмір сүру ұзақтығын арттыруға көмектеседі. Сарапшылар темекі тартпайтындар темекі шегетіндерге қарағанда орта есеппен 29 пайызға ұзағырақ өмір сүретінін атап өтті. Олар кез келген жаста жаман әдетті тастау денсаулыққа үлкен пайда әкелетінін қосты.

Ұзақ өмір сүрудің төртінші әдісін зерттеушілер стресссіз өмір деп атады. Ғалымдардың айтуынша, бүгінде АҚШ-та көптеген адамдар денсаулығына кері әсер ететін күйзеліске ұшырайды. Дегенмен, әрбір адам ішкі күйзелісті тудыратын жағдайларды өзгерте алады және күйзелісті "жақсылыққа" айналдыруға мүмкіндігі бар. Стресссіз жүру өмір сүру ұзақтығын 22 пайызға арттырады.

Тағы бір пайдалы әдет, өсімдік негізіндегі диета. Мұндай диета негізінен өсімдік тағамдарынан тұрады: көкөністер, дәнді дақылдар, жаңғақтар мен тұқымдар, сондай-ақ бұршақ пен жемістер. Нгуен мұндай диета еттен толық бас тартуды білдірмейтінін атап өтті. Бұл диетаны ұстанатын адамдар 21 пайызға ұзағырақ өмір сүреді.

Алкогольді шамадан тыс тұтынудан бас тарту өмір сүру ұзақтығына әсер етеді. Нгуеннің айтуынша, ішімдік ішпейтін адамдар үнемі ішетіндерге қарағанда 19 пайызға ұзағырақ өмір сүреді.

Зерттеушілер жетінші пайдалы әдетке ұзақ ұйқыны қосты. Күніне кемінде жеті немесе тоғыз сағаттық ұйқы өмір сүру ұзақтығын 18 пайызға арттырады.

Ғалымдар жақындарымен жақсы қарым-қатынастағы адамдардың үнемі жалғыз жүретіндерге қарағанда бес пайызға ұзақ өмір сүретінін айтты. Әлеуметтік оқшаулау, әсіресе егде жастағы адамдар арасында жиі кездеседі дейді сарапшылар.

Талқылау