"Зергерлік бұйымдарға инвестиция салуға үгіттеген": Қызылордада "Qnet" пирамидасын ұйымдастырғандар 7 жылға сотталды
Қызылордада "Qnet" пирамидасын ұйымдастырғандар 6 және 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу барысында күдіктілер азаматтарды жалған саяхат карталары мен зергерлік бұйымдарға инвестиция салуға үгіттегені анықталды. 51 адам 63 миллион теңгеден астам қаражат салған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Shutterstock.сom
Қаржы мониторингі агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті тергеу жүргізді. Күдіктілер азаматтарды көп деңгейлі маркетингтік желі мен электронды коммерцияға инвестиция салуға, оның ішінде жалған "QVI tripsaver" саяхат карталарын және зергерлік бұйымдарды сатып алуға үгіттеген.
Қатысушылардың салымдары 840 мыңнан 4 миллион теңгеге дейін ауытқып, міндетті шарт ретінде басқа қатысушыларды тарту талап етілген. Тергеуден кейін қаржы пирамидасына 51 адам қатысып, олар 63 миллион теңгеден астам қаражат салған.
Сот шешімімен пирамида ұйымдастырушылары кінәлі деп танылып, 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар Астана қаласынан 301 миллион теңгелік 7 пәтер және "Toyota Camry" автокөлігі тәркіленді.
Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін "Baiqa, piramida!" Telegram-боты іске қосулы.
Еске салайық, бұған дейін "HAS" қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталғанын жаздық. Павлодарда бір топ азамат өздерін акциямен айналысатын компания ретінде таныстырған. 5 мыңнан аса азаматты алдаған компания өкілдері жауапкершілікке тартылды. Олар азаматтардан алынған 1 миллиард теңгеден астам қаржыға пәтер, көлік, жер учаскесіін сатып алған.