Тоқалыңыз бар ма? Мұхамеджан Тазабеков көпті мазалаған сұрақтарға жауап берді
Қоғам қайраткері, дінтанушы, Мұхамеджан Тазабеков әрдайым көпшіліктің талқысында. Оның өткені мен бүгіні туралы сұрақ қойып жататын оқырмандар аз емес. Осы ретте айтыскер ақын өмірлік көзқарасы, отбасы мен дін туралы сөз етті.
Бұл туралы “Талқылайық” бағдарламасында айтылды.
Мұхамеджан Тазабеков жайлы айтылар әңгіме көп. Бірі оны адасушылық бағытта жүрді десе, енді бірі көп әйелі бар деп сөз етеді.
“Менің бір ғана әйелімнен алты балам бар. Бір ғана заңды әйелім бар. Екі-үш әйелі бар деген жалған әңгіме. Бар нәрсені жоқ деп жалтармаймын ғой. Тоқал алатын жоспарым да жоқ. Егер тағдырға жазылған болса, онда болады. Егер қуып жүрсең де, сол нәрсені аңсап жүрсең де, маңдайыңа жазылмаса, онда ол болмайды. Менің әртүрлі миссиям бар. Қоғам қайраткері ретінде, отбасындағы мақсатым бар. Отбасында жақсы әке болу, жақсы күйеу болу. Жақсы адамға тұрмысқа шыққан екенмін деп әйелің сүйсінетін жолдас болу. Сонымен қатар қоғамға пайдаңды тигізу”, – деді қоғам қайраткері.
Айтыскер ақын өзінің дін жолында қателескенін мойындайды. Алайда бұл адасушылық емес деп ақталды.
- Тазабек: Алла сынаса, талибансыз да, полигонсыз да балаңды құшақтатып, туған үйіңнен түн жарымда бас сауғалатады
- Журналист Арман Сқабылұлы: Тазабековтің әрекеті - таза саясат, уақытша "манёвр"
“Мен адасқан жоқпын. Мен қателестім. Қателік барлық адамда өмірінің соңына дейін болады. Сауд Арабиясына да өз еркіммен танысу, білу мақсатында барған адаммын. Мені ешкім зорлаған жоқ. Тек дінге қатысты кейбір мазалаған сұрақтарға кей молдалар жауап бере алмады. Кейін сырттан оқып келгендер бәрін түсіндіріп берді. Сонда бәріне жауап тапқандай болдым. Мұсылмандар діни басқармасымен біргемін. Бір ұстанымдамыз”, –деді Тазабеков.
Айтуынша, әркім дін жолына әртүрлі бағытта келеді. Бірі ораза ұстап бастаса, бірі намаз оқиды. Енді бірі басқаша жолмен келеді. Осы ретте “мүфтият саясаттың құралы ма?” деген журналист сұрағына жауап беріп өтті.
“Саясат барлық жерге араласады. Саған да, маған да, діни басқармаға да, басқа салаға да. Оны жоққа шығаруға болмайды”, – деді ол.
Қоғам қайраткері Қазақстан тарихындағы әр мүфтидің еңбегі бар деп есептейді. Алайда өзін мүфти болуға лайық деп есептемейді.
Айта кетейік, Тазабеков өзі араласып жүрген салафизмнің жат ағым екенін түсініп, Матруди ақидасын мойындағанын мәлім етті. Дегенмен оған сенбестік танытқандар бар. Бұл да бір жат ағымның әдісі деп болжады кейбірі.