Заңгер болуды армандаған қазақстандық зейнеткер 74 жасында диплом алды
Фото: видеодан кадр
74 жастағы алматылық Валентина Проскурина жақында Тараздағы университеттердің бірінде диплом алды. Оның алғашқы мамандығы – инженер-экономист. Мектепке дейінгі тәрбие саласында еңбек еткен сарапшы енді сұранысқа ие заңгерлердің бірі атанғысы келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Валентина Проскурина университетте жекеменшік балабақшалардың қызметін реттеу мәселесі бойынша жазған дипломдық жұмысын үздік қорғап шыққан.
Ол екі жылдық оқу барысында бірде-бір рет сабақтан қалмаған екен. Осы уақыт аралығында құқықтану саласында дәріс ала жүріп, білім көкжиегін кеңейткен. Валентина Павловна жас деген жаңа нәрсеге ұмтылудың шегі емес, сан ғана екенін, білімге деген құштарлықтың шегі болмайтынын дәлелдеп берді.
"120 жыл өмір сүргім келеді, белсенді, бастамашыл және еңбекке қабілетті болғым келеді", – дейді зейнеткер-түлек.
Айта кету керек, университет ректоры Валентина Павловнадан бес жас кіші екен. Ол ректорлық қызметінде мұндай жағдайға алғаш рет кез болған
Валентина Павловна Алматыда тұрып, осы қалада жұмыс істейді. Ол – бухгалтерлік есеп бойынша 20-дан астам кітап пен мақала авторы. Тоғыз немере мен екі шөбере сүйіп отырған бақытты әже енді магистратураға түсуді ойлап жүр.

"ҚазҰУ студенттеріне несие алдырған": Белгілі айтыскердің қызы алаяқтық жасады деп айыпталды
