Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда заңды бұзған құрылыс компанияларына жұмыс істеуге тыйым салынады

компанияФото: gov.kz

Заңды өрескел бұзған құрылыс компанияларына жұмыс істеуге тыйым салынады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, саларда сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін нарық қатысушыларының біліктілігі мен жауапкершілігін арттыру маңызды. Қазірде салада шамамен 80 мыңға жуық лицензия тіркелген. Олардың 58,5 мыңнан астамы (58 554) құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге;16,5 мыңнан астамы (16 556) жобалауға; 5 мыңнан астамы (5 191) құрылыс алдындағы зерттеу жұмыстарына берілген.Бұл көрсеткіш құрылыс нарығының ауқымын көрсетеді.

"Алайда, талдау нәтижесінде көптеген компаниялар мен лицензиялардың тек қағаз жүзінде ғана бар екені анықталды.Олардың басым бөлігінде өндірістік база да, білікті инженерлер де, нақты жобаларға қатысу тәжірибесі де жоқ. Мұндай жағдай сапа мен қауіпсіздікті төмендетіп қана қоймай, мемлекеттік тапсырыстарға жалған компаниялардың қатысуына жол ашып, саладағы еңбек нарығының шынайы жағдайын көрсетпей отыр. Аталған мәселені шешу үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара біріккен (интеграцияланған) лицензиаттардың электрондық тізілімі құрылады", - деді министр.

Нағаспаевтың айтуынша, ол берілген барлық рұқсаттарды қайта қарап, заң талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Сәйкес келмейтін компанияларды тізілімге енбейді. Осылайша  адами фактор мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяды.

"Сонымен қатар, тағы бір өзекті мәселе ол – қазіргі аттестаттау тәртібі сарапшылар мен инженерлердің нақты біліктілік деңгейін толық әрі тиімді көрсете алмай отыр. Осыған байланысты негізге халықаралық тәжірибені, соның ішінде Еуроодақтың озық тәжірибесіне сүйене отырып, құрылыс инженерлерін сертификаттау жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл рәсімді мемлекет емес, нарықтың өзі, яғни тәуелсіз ұйұмдар жүзеге асыратын болады. Бұдан бөлек, тәртіпті күшейту үшін ереже бұзған компанияларға қатысты ортақ жауапкершілік енгізіледі. Егер ірі заң бұзу факті анықталса, мұндай компанияларға құрылыс саласында жұмыс істеуге тыйым салу көзделуде", - деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Құрылыс кодексінің жаңа жобасы аясында бұдан былай құрылыс құжаттарына сәйкес келмейтін нысандарды салуға рұқсат берілмейтінін жазған болатынбыз.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 08 Қазан, 2025 14:04
Талқылау