Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ересек ұлының көзінше іш киіммен жүреді": "Мамасының баласына" тұрмысқа шыққан келіншектер жаға ұстарлық оқиғаларын айтып берді

мамасының баласы

Фото: ЖИ

Қазақстандық келіншектер анасынан ажырамаған күйеулерінің, баласының есеюіне мүмкіндік бермейтін енелерінің бейәдеп әрекеттерін “Мамсик форум” парақшасында ашық жаза бастады. Сөздерінше, кей енелер әлі күнге дейін ұлдарының қаражатты қайда жұмсайтынын қадағалайды, бірі ұлының көзінше іш киіммен жүреді. Stan.kz тілшісі “Мамсик форум” парақшасын жүргізетін коуч Роза Әшірбаевамен тілдесіп, аталмыш форумда келіншектер талқылайтын проблеманы, “мамасының баласына” тұрмысқа шыққан қыздар не істеу керегін сұрап білді. 

Қазақстандық әйелдер күйеуі мен оның анасы арасындағы жаға ұстарлық қарым-қатынастарын баяндап берді.

“40 жастағы күйеуім анасынан сұранады”

“Күйеуімнің жалғыз демалысы бар, сол демалысты анасы ұлымен жеке өткізгісі келеді. Жұбайым екеуміз ересек болсақ та, бір жерге шығарда анасынан сұранып шығуымыз керек. Сол үшін бір жерге барсақ, тығылып барамыз. Отбасыдағы барлық шешімді қабылдағысы келеді. Түнде есігімізді ашып қояды. Сол үшін кейде қонақүйде жалдауға мәжбүрміз, себебі басқаша қосыла алмаймыз. Күйеуім анасының көзінше маған жақындамайды. Мамасы ұлын өзі тамақтандырғысы келеді”, – деп жазды келіншек.

“Күйеуімнің көзінше жалаңаш жүреді”

“Ақыл тоқтатқан шағымда 31 жастағы үйдің кенжесіне тұрмысқа шықтым. Енем кенжесін қатты жақсы көреді, екеуі жеке сырласатын. Енем күйеуім екеуміздің арамызға түсіп, мені жаман етіп көрсеткісі келді. Жұбайым жұмыстан келетін кезде өтірік ауырып қалады немесе үй жинап кетеді. Ол күйеуім “неге анама істетесің?” деп маған ұрысады. Енем бетіме ештеңе айтпайды, бірақ күйеуіме менің үстімнен шағымданады екен. Бір күні енем суға түсуге кіріп кетті де, жуынатын бөлмеден жалаңаш шықты. Күйеуім екеуміз шай ішіп отырдық. Киінуін өтінгенде, “не болыпты, сол жерден шықтың” дейді. Күйеуімді бөлмесіне шақырып ала береді”, – деді тағы бір әйел.

“Анасы екеуі жұп сияқты, күніне 7-8 рет сөйлеседі”

“Тұрмысқа шықпай тұрып, оны “мамасының баласы” деп ойламаппын. Себебі бұған дейін бөлек тұратын. Үйленген соң “қайдасың?”, “қашан келесің?” деп іздейтін болды. Бұған дейін бәрін өзі шешетін жігіт енді анасының сөзінен шықпайтын болды. Кейін бөлек шықтық. Содан кейін екеуі күніне 10-15 рет сөйлеседі. Күйеуіме күніге “анаңды сағынған шығарсың, үйге келіп кет, бірге тамақ ішейік” деп жазады. Сөйтсем күйеуім жұмыстан шыққан соң, анасына барып, 2-3 сағат сол жерден тамақ ішіп барып үйге келеді екен. Ал мен баламен оны күтіп отырамын. Ұлым өскен соң, үшеуі бірге қыдыратын болды. Ұлымды өз атына жаздырып алып, анасы дегенге өз атын қойғысы келді, бірақ келіспедім. Екеуі 15-20 минут видеоқоңыраумен сөйлеседі. Үйдегі барлық әңгіме, менің сырларымды анасына жеткізеді екен. Екеуінің ренжіскендері де жұп сияқты – жылау, шу шығару, манипуляция, талып қалу. Менен қызғанады. Күйеуім мені жақтаған кезде 3-қабаттан секірмек болып қорқытқан”, – деді қазақстандық келіншек. 

“Менімен жарысып, үйлену тойымызға ақ көйлек киіп келді”

“Күйеуіме менің орныма басқа әйел тапсын деп басқа қыздардың фотосын жіберетін. Тойға дайындық кезінде үйлену тойында тек қалыңдық ақ көйлек киюі керек деп айттым. Бірақ ерегесіп, ол да ақ көйлек киді. Онымен қоса қонақтарды да ақ киіп келуге көндірген. Ата-анам бал айына шетелге саяхат сыйлады. Енем ұлына ренжіп, оны да алып кетуін талап етті. Қонаққа келген кезде күйеуімнің көзінше іш киіммен жүреді”, – деді әйел.

Роза Әшірбаева осындай тектес хаттар жиі келетінін айтады. 2 тамызда ашылған “Мамсик форум” парақшасына қазір 60 мыңдай оқырман жазылып үлгерген.  

“Өз парақшамда оқырмандарыммен әңгіме-дүкен құрып отқам. Қыз-келіншектер “мамасының баласы” яғни анасымен сепарация өтпеген ер адаммен қарым-қатынастары туралы жазды. Олар "бөлісіңізші, басқа қыздар да білсін" деп өтінді. Бір хикаяны шығарғанымда бірнеше хат келе бастады. “Жеке өмір жоқ, енем отбасымызға араласады” деп мұңын шаға бастады. Бұл проблеманы көтеріп жүрдім, кері байланыс көп боп кетті. Бір күні өте көп хат-хабар келгендіктен “не істеймін, бөлек парақша ашайын ба?” деп әзілдеп айттым. Барлығы қолдай кетті, бір күнде 3-4 мың оқырман тіркелді. Бір айда 70 миллион оқылым болды. Мыңнан астам хикая жарияланды, әлі де шықпағандары қаншама”, – деді ол.

“Мамасының балалары” қайдан пайда болады?

Айтуынша, “Мамасының баласы” синдромы – Орта Азияға тән дәстүрлі қоғамның көрінісі. Бұл Қазақстаннан бөлек, Кавказ елдері, Қытай, Түркия, Қырғызстан, Корея елдерінде кеңінен таралған дейді.

“Келін ұстау, есейген баламен бірге тұру керек” деген түсініктегі елдерде бұл проблема көптеп байқалады. Себебі әйелдің реализациясы жоқ, көбіне үйдегі қызметпен шектеледі. Әйел баласы арқылы бағаланады, өз тұлғалығын сонымен көрсетеді. Яғни ана баласының жетістігімен ғана мақтана алады. Қазірдің өзінде ақша тауып, мансап қуған қыздар бар, олар білім саласында, саясатта мықты болса да, күйеуге шықпаса, жетістіктері нөлге айналады. “Қасыңда күйеуің болмаса, отбасы құрмасаң, одан не қызық?” деп айтады.  Ал ұл туса, “алтын құрсақты ана” деп үстемдігі өседі. Сол үшін ана ұл балаға жармасып, жібергісі келмейді”, – деді ол.

Сөзінше, күйеуінен, өмірлік серігінен жылулық сезінбегендер ұл баласы арқылы мауқын басуға тырысады.

“Күйеуінен қамқорлық көрмегесін ұлын серігі етіп алады. Себебі күйеуі бала тәрбиесіне араласпайды, сыртта жүреді, әйелінің көңіліне мән бермейді. Сол үшін ұлынан эмоциалық қамқорлық іздейді. Кейін ұлы өз серігін тапқан кезде қызғаныш туады”, – деді Әшірбаева.

Роза Әшірбаева ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың ішінен ең сорақысы – тән шекарасының сақталмауы дейді. 

“Ұлы үйленген болса да, өзінің де күйеуі болса да, тән шекарасын қоймағандардың болғаны жаға ұстатады. Анасының омырауын ұстаудан ұялмау, бір-бірінің көзінше шешіну мен естіген ең сұмдық оқиғалар”, – деді ол.

Сөзінше, бала болашақта анасынан ажырамаған адам болып өспес үшін тәрбиесіне ер адамдарды көбірек араластыру керек.

“Ұл бала әкеге жақын болғаны жөн. Өміріне ағалары, атасы, т.б. ер адамдар араласқаны дұрыс. Жалғызбасты аналар ұл өсірген кезде осы туыс ер адамдармен араластыру керек. Ұлын спортқа беріп, тәлімгері, ұстазы етіп ер адамды таңдаңыз. Аналарға айтарым, балаға проблемаңызды айтып, мұңыңызды шақпаңыз. Бала бала болып қалу керек, ол сіздің серігіңіз емес. Одан қамқорлық күтпеңіз. Бала сізге көмектесе алмайды, сіздің мұңайғаныңыз оған ауыр тиеді”, – деді коуч.

Роза коуч анасынан сепарацияланбаған ер адамдар депрессияға жиі түсетінін айтады. Себебі өзі шешім қабылдап үйренбегендіктен, өзін түсіне алмайды. Сол үшін аутогрессия яғни өзіне ішкі агрессиясы пайда болатынын айтады. 

“Мамасының баласын” қалай анықтаймыз?

Роза Әшірбаев Кеннет Адамстың “Женат на маме” кітабын оқуға кеңес берді. Кітапта ер адамның “мамасының баласы” екенін түсіну үшін 10 сұрақтан тұратын тест көрсетілген. Егер 5 немесе одан көп сұраққа “иә” деп жауап берсеңіз, анаңыздан ажырамағандығыңызды көрсетеді.

  1. Анамның айтқанын істемесем, өзімді кінәлі сезінемін;
  2. Анама аптасына бір реттен көп хабарласамын, өйткені "солай болуы тиіс" деп санаймын;
  3. Анам жиі менің қарым-қатынасым туралы пікір білдіреді;
  4. Бір қиындық туса, бірінші жарыма емес, анама жүгінемін;
  5. Анама “жоқ” деп айту қиын;
  6. Анам менің жеке өмірім туралы шамадан тыс көп біледі;
  7. Мен анамды "қорғауға" немесе оған эмоциалық тірек болуға тиіспін деп сезінемін;
  8. Кейде анамның менің шешімдеріме қаншалықты әсер ететінін серігімнен жасырамын;
  9. Мен серігіммен уақыт өткізгенде анам ренжіп, қызғанады;
  10. Жұбайымды не сүйіктімді анамнан жоғары қойған кезде өзімді кінәлі сезінемін.

Ал қыз-келіншектер “мамасының баласымен” отау құрғанын түсіну үшін төмендегі тестен өтіп көруді ұсынады:

  1. Маған оның анасы біздің қарым-қатынасымыздағы "үшінші адам" сияқты көрінеді;
  2. Ол маңызды шешімдерді сирек жағдайда ғана анасының кеңесінсіз қабылдайды;
  3. Анасы кез келген уақытта қоңырау шалса, бәрін тастап, міндетті түрде жауап береді;
  4. Анасымен жеткілікті сөйлеспесе немесе көңіл бөлмесе, өзін кінәлі сезінеді;
  5. Кейде оның анасымен бәсекелесіп жүргендей боламын;
  6. Анасымен сөйлескеннен кейін ол ашуланшақ, тұйық немесе салқын болып кетеді;
  7. Анасы шектен шықса да, оны қорғай береді;
  8. Анасы мені сынаса, ол араша түспейді;
  9. Біз оның анасының мүддесін  қарым-қатынасымыздан жоғары қойғаны үшін жиі ұрысамыз;
  10. Маған ол анасына әлі де тәуелді, ересек ер адам ретінде толық "бөлініп" үлгермеген сияқты көрінеді.

5 не одан көп сұраққа “иә” десеңіз, күйеуіңізде  “мамасының баласы” белгілері бар.

Айта кетейік, жақында мәжілістің жалпы отырысында анасын туған күнімен құттықтаған Ардақ Назаров көпке жақпай қалды. Желі қолданушылары оның әрекетін сынға алып, “анасының баласы” деп атаған еді. 

ардақ назаров

Фото: Видеодан скриншот

Одан бұрын Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов  өзінің құрметіне ұйымдастырылған кеште анасымен қол ұстасып шыққан видеосы тараған еді. Сметов анасымен бірге қол ұстасып, ал жары артында келе жатады. Барлық жерде спортшы әйелі емес, анасының қолын ұстап жүретінін көпшілік байқапты. Ол да “мамасының баласы”, “бөпе жігіт” деген атқа қалды. 

Елдос Сметов анасымен

Видеодан скриншот

“Қорықпа балам, мамаң келеді қасыңда. Батыл қыздарға емес, “бөпе” жігіттерге күлу керек. Неге қазақ жігіттері жұбымен жүрмейді? Қолына баласын алып алады. Жан-жағында ата-анасы. Әйелі сонша баланы туып, оны күтіп-батап, жанында мотиватор болып отырған жоқ па? Ата-аналар біліңдер, бала — қонақ. Өз өмірлеріңізді таңдаған жарыңызбен өткізіп үйреніңіздер", — деді Роза Әшірбаева. 

“Біртүрлі екен, Келіншегімен шығу керек қой. Ал анасы мен әкесі бірге шығуы керек”, “Бойдақ болса бір жөн. Бес баласы бар. Өмірлік жарымен шыққаны дұрыс қой”, “Ата-анасымен қол ұстасып бірге шыққаны әлдеқайда әдемі көрінетін еді. Әкесінің артында келе жатқаны біртүрлі ерсі көрінеді” – деп жазды желідегілер. 

Желіде “мамасының баласы” ретінде кейбір оқырмандар Қайрат Нұртас, блогер Қыран Талапбек, актер Шәріп Серікті көреді. 

Қайрат Нұртас, Шәріп Серік

Фото: Гүлзира Айдарбекова, Жанар Айжанова, Шәріп Серіктің жеке парақшаларынан

Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова оның продюссері болғандықтан, үнемі қасында жүреді. Сол себепті халықтың сынынажиі  ұшырайды. 

Ал Қыран Талапбектің экс-жары Айжұлдыз Айдарбекова екеуінің араларына енесі араласқанын тілге тиек етті. Дәл сондай жағдайды Шәріп Серіктің бұрынғы әйелі Say Mo да келтірген еді. Екі ару бұрынғы күйеулерін меңзеп, “Мамасының баласы” деген ән жазатындарын айтты. Желі қолданушылары содан кейін екі ер адамды солай атап кетті. 

Жақында Алматы алаңында “Қайрат” ФК-ға қарсы ойнаған “Реал Мадрид” ойыншысы Джуд Беллингем де “мамсик” атанғандардың бірі.

Беллингем сүйіктісі және анасы

Тікелей эфирден скриншот

Футболшы сұхбаттарының бірінде анасы әлі күнге дейін оның төсегін жинайтынын айтқан еді. Сондай-ақ жаттығуына үнемі анасы алып келеді дейді. Онымен қоса Беллингем мен оның сүйіктісі бірге отырған кезде анасы Дениздің көзқарасы көптің талқысына түсті. Фотода анасының “болашақ келінін” жақтырмайтыны байқалған. 

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 08 Қазан, 2025 14:31
Талқылау