"Ажырасқан әйел унитаз секілді": Өзбекстандық әнші Юлдуз Усманованың пікірі желіні шулатты

Өзбек эстрада әншісі, композитор, ақын және продюсер, Өзбекстанның халық әртісі Юлдуз Усманова ажырасқан әйелдер туралы өткір пікірлер айтып, басы дауға қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Өзбек эстрадасының примадоннасы”, танымал әнші Юлдуз Усманова әйелдерге ажырасуға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, ажырасқаннан кейін ер адамдар жалғызбасты әйелдерге жабысады. Сондай-ақ өнер иесі ажырасқан әйелдерді тұрмыстық затқа теңеді.
“Ажырасқан әйелдерге бәрі жабысады. Олар унитазға ұқсайды, оған кез келген адам келіп қажетін өтеп кетеді. Әйелдер, өздеріңізді сыйлаңыздар”, – деді ол.
Әнші әйелдерді қандай жағдайда болса да ажыраспауға шақырды.
“Сондықтан ажырасуға болмайды. Шешімін табыңыздар, бірақ ажыраспаңыздар. Иә, кейде ер адам жаман болады, мұндай кезде онымен бауырыңыз бен әкеңіз сөйлесіп, орнына қояды. Бірақ ажырасуға болмайды, жолдарды табыңыздар”, – деді ол.
Әншінің бұл пікірі желі қолданушыларын ашуландырды.
“Ақымақ”, “Адам өзі қандай болса, жұртты да солай қабылдайды”, “Ал сен ше? Қызың ше? Ол бірнеше рет ажырасып, қай баласының әкесі кім екенін шатастырып жүр! Күйеуі бар деген аты үшін ғана өзіңнен кішкентай ер адамдармен бірге тұрасың”, “Қалай қызық, өзбек эстрадасының примадоннасы, әндері мәдениетіміздің бөлігі болып кеткен адам осылай айтып отыр. Кейде үнсіз қалған дұрыс”, “Юлдуз бен оның қызы неше рет ажырасқанын айтып жіберіңіздерші”, – деп жазған олар.
Айта кетейік, бұған дейін желіде Әсия есімді блогер-косметологтың ажырасқан әйелдерге қатысты пікірі қызу талқыға түскені хабарланған еді.
"Адамдар келсе айт, жылауға дайындалайық": Қазақстандықтар жаназа кезінде бастан кешірген жағымсыз жайттары туралы баяндады