Қазақстанда ұшақ пилоттарының жалақысы қандай: Отандық ұшқыш жұмысы, жалақысы мен ырымдар туралы
Бортына ондаған, жүздеген жолаушыны салған ұшақ пилоты болу үшін қайда оқып, қандай қасиеттерге ие болу керек? Елімізде ұшқыштарды қай жерде дайындайды және олардың нәпақасы қандай? Stan.kz тілшісі отандық ұшқыш Алмат Ержанғалиевпен сұхбаттасып, барлық қызықтырған сауалдардың жауабын алды.
- Алмат, бұл салада жүргеніңізге қанша жыл болды? Инстаграмыңызда бұл салаға келуді жоспарламадым дедіңіз. Қай жерде бұл кәсіпті меңгеруге болады?
- Мен "Фоккер 100" ұшағының екінші пилотымын. Бұл салада жүргеніме 7 жылдан астам уақыт өтіпті, 4,5 жыл университетте білім алдым және әуе компаниясында жұмыс істеп жүргеніме 2 жылдай болды. Университетте білім алып жүргенде 3 курста ұшып бастадым. Пилот болам деген мүлде ойымда болмаған, айтқандай. Барлық дерлік мектеп түлектері секілді кім болам, қандай ЖОО таңдаймын деп басым қатып, көп ойланып жүрдім. Маған қарапайым бухгалтер, заңгер секілді "түсінікті" мамандықтар ұнамайтын. Оларды жаман демеймін, бірақ өзіме қызық болмады. Ерекше қызық болған пилот мамандығы еді. Пилотқа жеке аэроклубтарда, ұшу мектептерінде, ЖОО-да (Академия гражданской авиации) немесе әуе компаниялардың пилот даярлайтын бағдарламасымен (мысалы "Эйр Астаның" Аb-initio) оқуға болады. Ондай қатып қалған қағида жоқ, 5 жасынан бастап дегендей, әркім өз қызығушылығына қарай. Мысалы, мен университет қабырғасынан жүргенде қызыға бастадым. Кейбіреулер мектеп кезінен жеке аэроклубтарда ұшып бастайды (Алматы, Астанада ондайлар көп).
- Тікұшақты 12 жылдан бері тізгіндеп келеді: Қазақ қызы қалай ұшқыш атанғанын айтып берді
- Шетелдік мамандардан 15 есе аз жалақы алады: Отандық ұшқыштар неге жұмыс таппай шетел асады
- Ұшқыштың бойында қандай қасиеттер болуы керек? Жұмыс нарығында сұраныс көп па?
- Пилот болу қатаң жауапкершілікті талап етеді. Бірбеткейлік болу керек, лидерлік қасиет болу керек, әрине, дисциплина, тәртіп.
Пилоттар арқашан жетіспейді деп жатады, бірақ та жұмыс табу оңай емес. Қаншама оқу орнынан түлеп шыққан ұшқыштар жұмыс таба алмай кезіп жүр, өкінішті орай. Менің ойымша, өзіміздің пилоттардың елімізде қадірі төмен.
- Алмат, ұшқыштардың нәпақасы қандай? Ел ішінде ұшатын, әлемде ұшатын, құпия болмаса?
- Бәріне осы сұрақ қызық. Пилоттардың жалақысы әр түрлі факторларға байланысты, ұшқан уақытқа, географияға (әуе компанияның алыс-жақын жерлерге ұшатыны), әуе компанияның өзіне де байланысты. Еліміз бойынша статистика кездестірмедім, жобалап айтсам екінші пилот орташа 400-600 мың алады деп ойлаймын ("Эйр Астанада" шамамен 3000 евродан бастап, "Скат" ұшқанға қарай, "Қазақ эйр" - 700 мың тг). "Бек Эйрда" (қазір бұл компания былтыр жыл соңында орын алған әуе апатынан кейін жабылып қалды - ред.) да ұшқанға байланысты. Шетелде $4000-10 000 шамасында. "Аэрофлот" - 320-350 мың рубль, "Эмирейтс" - $8000, "Этихад" $9000 төлейді естуімше. Статистика бойынша пилоттардың жалақысы орташа жалақыдан 2-3 есе жоғары болады дейді. Қаншалықты шын екенін білмеймін.
- Айына шамамен қанша сағат ұшасыздар?
Бұрын орташа алғанда айына 50-60 сағат ұшатынбыз. Қазір ұшпаймын. Былтыр орын алған әуе апатынан кейін жұмыссыз қалдық. Пилоттың жұмыс күні әртүрлі уақытта басталады, түнгі 3 болсын, мейлі кешкі 10 болсын. Әдемі формамен кеңсеге келген соң, экипажбен қөрісесің, рейс алдында 1 сағат ұшу алдындағы брифинг болады, ауа райын, жүк тиеу, жағармай, барлық жағдайлар талқыланады. Сосын медициналық тексеруден өтіп, ұшаққа келген соң ұшақты ұшуга дайындайындайсың.
- Алмат, ұшар алдында сыйынасыз ба? Әлде бәлкім ырым-нанымдарға сенесіз?
- Мен ырымшыл адам емеспін деп ойлаймын. Мұсылман болғаннан кейін "Бисмиллях" деп, Талғат Бегелдинов атамыз сияқты әр ұшу алдында, әр іс жасар алдында дұға айтып отырамын.
- Ұшқыш болуды армандайтын жастарға қандай кеңес бересіз? Не үйрену керек, неге ден қою керек?
- Болашақ ізбасар жастарымызға талмай еңбек етіп, спортпен айналысып, оқу оқып, өзін дамытудан жалықпасын дер едім. Мектепте барлық пәнді жақсы оқу керек, бірақ негізгі күшті физика, математика, ағылшынға койған жөн деп ойлаймын. Барлық жаңа, мықты техникалар шет елдерде шығады, сол үшін ағылшын тілін білу міндет. Сосын, әрине, авиация саласына қызығушылық болуы керек.
Дайындаған: Жанар ЖАНСЕЙІТ