Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұшақтан өзім күтіп аламын": Түрік аспазына шапан жапқан Түркістан әкімі қазақстандық кәсіпкерлерге қандай құрмет көрсететінін айтты

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бұған дейін түркиялық кәсіпкер әрі аспаз Бурак Өздемирге не үшін шапан жауып, сыйлық бергенін түсіндірді. Сондай-ақ шетелдік кәсіпкердің Түркістанда мейрамхана ашу туралы ұсынысына қалай жауап бергінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

әкім

Бурак Өздемир Түркістанға облыс әкімінің шақыртуымен келген. Облыс әкімі кәсіпкер өңірге келіп таңқалып кеткенін айтты. 

“Оны Ташкентте жүргеннен кейін біз бері қарай шақырдық. Шақырғаннан кейін ол келісімін беріп, Түркістанды көріп, өзі таңқалып кетіп отыр. Оның берген мәліметі бойынша Түркістанға келгеннен кейін мыңдаған адамдар  оғанжазған. Түркістан қай мемлекет, қай елде, ол не деген жер, қандай қасиеті бар мекен,- деп сұрақ қойыпты. Оның әлеуметтік желіде 70 миллионнан астам оқырманы бар, Тик-ток-та 50 миллиондай оқырманы бар. Осылардың барлығы көріп отырғанын айтты. Ендігі кезекте мейрамхана ашуымыз керек деп өз ұсынысын айтты”, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы мейрамхананы түркиялық кәсіпкердің өзі ашпайтынын айтты.   

“Ол өзі ашпайды, франшизасын береді. Біз одан қазір сұрап отырмыз. Соның франшизасымен мейрамхана соғатын кәсіпкерлер болса қолдауға дайынбыз. Ол өз франшизасын беремін деп уәде берді, – деді ол. 

Әкім шетелдік кәсіпкерге не себепті шапан жапқанын да түсіндірді. 

“Шапан жабуға келсек, келгеннен кейін ол Түркістанымызды насихаттап жатыр. Түркі мемлекеттеріндегі жастар да танып, сол арқылы біздегі кесенені көріп жатыр. Түркістан деген осындай түркі мемлекеттерінің рухани астанасы бар екенін осы адам арқылы біліп жатқандар да бар. Ондай танымал азаматтарды біз әрқашанда шақырамыз және шапан жабуға да дайынбыз”, – деп толықтырды өңір басшысы.

Дархан Сатыбалды “осындай құрметті қазақстандық кәсіпкерлерге көрсетер ма едіңіз” деген сұраққа да жауап берді. 

“Ал қазақстандық кәсіпкерлерге келетін болсам, мен ондай қабылдауға шақырмаймын, мен олардың алдына өзім барамын. Ауданда кішкентай цех ашатын болса да, мен ол кәсіпкерлерге барамын. Өзім олармен сұхбаттасып, қандай көмек керек екенін сұраймын. Қазіргі таңда Түркістан облысының өзінің кірісі 147 миллиард деп айтып отырмыз ғой. Соның 55 пайызы мемлекеттік бюджеттке қарап отырған мекемелеріміз беріп отыр екен. Қалған жеке меншіктердің табыс салығы арқылы беріп отырғаны 45 пайыз ғана. Сондықтан мен оларды қолдамасам, ертеңгі күні олар өндіріс ашпаса, біз қалай өзіміздің кірісімізді арттырамыз?! Ол күнтәртібіндегі ең бірінші мәселе мендегі”, – деп атап өтті өңір басшысы.   

Әкім қазақстандық кәсіпкерлерді тіпті ұшақтан тосып алып, құрмет көрсетуге дайын екенін жеткізді. 

“Әрбір кәсіпкер қазақстандық болатын болса, мен өзім олардың алдынан шығып, олардың алдына баруға дайынмын. Керек десеңіз кейбір кәсіпкерлер ұшақпен ұшып келген кезде өзім күтіп аламын”, – деді Дархан Сатыбалды ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркиялық әлемге әйгілі аспаз Бурак Өздемир Түркістанға турист ретінде келіп, сол жерден жеке мейрамхана ашатынын айтқан еді. 

Талқылау