"Ұшағы мен қызметкерлері қатаң бақылаудан өтетін": Қарлығаш Жақиянова Сара Алпысқызы туралы естелік жариялады
Фото: nazarbayev.kz
АҚШ-та тұратын қазақстандық саясаткер Ғалымжан Жақияновтың әйелі Қарлығаш Жақиянова өмірінің қиын кезеңінде Сара Алпысқызының өзіне қамқорлық танытқанын айтып, естеліктер жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарлығаш Жақиянова соңғы уақытта Сара Алпысқызының денсаулығына қатысты қауесеттер желдей есіп жүргенін айтты. Ал ол Сара Алпысқызымен байланысты өз оқиғасын айтып берді.
“2003 жыл еді. Мен Күшмұрын түрмесіне саяси көзқарастары үшін сотталған күйеуіммен кездесуге бара жатқанмын. Мен онымен үш айда бір рет қана кездесе алатынмын. Әуежайға бара жатқан жолда біреу маған қоңырау шалып, әлдекімнің менімен сөйлескісі келетінін айтты. Ол дәл өзі еді. Менімен үнемі жылы, достық қарым-қатынаста болған, бірақ бірнеше айдан бері байланыс үзілген жан. Осындай қиын жағдайда ол хабарласады деп күтпеген едім. Ғалымжан сотталғаннан кейін, бізден көбі теріс айналды”, – деп жазды Қарлығаш Жақиянова.
Автордың айтуынша, Сара Алпысқызы үшін оған қоңырау шалу оңайға соқпаған болу керек деп санайды.
"Қарлығаш, қалайсың?" деді ол. Таныс әрі мейірімді дауысын естіген сәтте толқып кеттім, үн қатуға шамам келмей қалды. Тамағыма өксік тығылды. Ол мұны сезіп: "Бекем бол, жаным. Сен мықтысың. Есіңде болсын, мен әрдайым сенің жаныңдамын” деді. Бұл қысқа ғана әңгіме болды, бірақ маған өте ұзақ сияқты болып көрінді. Сол жылы алғаш рет мен өзімді жеңіл сезіндім, жүрегімде ерекше толқу пайда болды. Дәл бір қанат бітіп, ұшып бара жатқандай күй кештім. Арадан біраз уақыт өткен соң, ол маған қайта хабарласты. Өскеменге, Белуха тауына – менің туған өлкеме барғалы жатқанын айтты. Бірге баруды ұсынды. "Бұл сапарға мен үшін ең жақын адамдар ғана барады және мен сенің де бірге болғаныңды қалаймын" деді ол. Ол мұны не үшін істегенін нақты білмеймін, бәлкім, осылайша мені қолдағысы келді, туған жерімде күш жинап, өмірімнің ең қиын сәтінде рухани демалсын деген болар. Бұл сапарды жүзеге асырудың қаншалықты қиын екенін түсіндім. Оның ұшағы мен қызметкерлері қатаң бақылаудан өтетін. Таңғалғаным – оның күйеуінің Ғалымжанның сотталуына тікелей қатысы болса да, Сара Алпысқызы осы қадамға барды. Бұл оның өзіне де қауіпті еді”, – делінген жазбада.
Сөйтіп Өскеменге барғанда оны Ғалымжан Жақияновпен жұмыс істеген жергілікті шенеуніктер қарсы алған. Алайда қуана қарсы алғандар көп болмаған.
“Сол сәтте бір адам “Қарлығаш апай, бұл сіз бе?” деп сұрады. Мен "Сонар" ансамблінің жетекшісі Ғибратты бірден таныдым. Сол кеште әртістер өнер көрсетіп, шара соңында Ғибрат сахнаға шығып: “Құрметті Сара апай, мен шын жүректен қуанып тұрмын. Біз Ғалымжан ағамыз үшін қатты алаңдаймыз. Соған қарамастан, сіз бізге Қарлығаш апайды әкелдіңіз – бұл мені таңғалдырды. Сізге алғысым шексіз” деді. Сонда Сара Алпысқызы: “Өмір — керемет, десе де күрделі дүние. Неше түрлі жағдайлар болады. Бірақ біз қандай жағдай болмасын адам болып қалуымыз керек. Достықты қадірлеп, қай жерде шындық барын ажырата білуіміз қажет” деп жауап берді”, – дейді Жақиянова.
Автор Сара Алпысқызын адамгершілігі мықты, ары мен жаны таза тұлға деп сипаттап, өмірінде болғаны үшін алғыз білдірді. Сондай-ақ ол Сара Алпысқызының түсіне кіргенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Сара Назарбаеваның Ұлттық госпитальде ауыр халде жатқаны хабарланған еді. Кейіннен Ұлттық госпиталь Сара Назарбаеваның сырқатына қатысты пікір білдірген. Аурухана пациенттің диагнозына, денсаулық жағдайына, емдеу әдістеріне және нәтижелеріне қатысты басқа ақпаратты, медициналық құпияны негізге ала отырып, жария етпейтінін мәлімдеген.

"Жиырмадан асқан жігіттер қырындайды": Қызының қатарласындай жас көрінетін 40 жастағы қазақстандық әйел желі жұлдызына айналды
