Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ұрпақтар келісімшарты” жобасы несімен тиімді?

Мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып жатқан “Ұрпақтар келісімшарты” жобасы қолында дипломы бар жас мамандар үшін тәжірибе жинап, ресми жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Бүгінде аталмыш жоба аясында қызмет етіп жатқан жастар жетерлік. Мамандардың қазіргі жағдайы мен қалай жұмыс істеп жатқанын Stan.kz тілшісі біліп қайтты.

Камила Өстемірова

20 жастағы Камила Өстемірова – “Ұрпақтар келісімшарты” жобасының қатысушысы. Ол Семей қаласында орналасқан Д.Қалматаев атындағы мемлекеттік жоғарғы медицина колледжінің түлегі. Бойжеткеннің сөзінше, оқуын тәмамдағаннан кейін жұмысқа орналасу мәселесі туындаған.

“Мен колледж бітірген соң жедел-жәрдем станциясына қызметке тұрғым келді. Тәжірибе болмағандықтан, жұмыс табу оңайға соқпады. Содан “Ұрпақтар келісімшарты” жобасы туралы естіп, өз бағымды сынап көрдім”, – дейді бойжеткен.

Қазір Камила өзі қалағандай Семей қаласында жедел-жәрдем станциясында үш айдай уақыт қызмет етіп жатыр. Бұрын-соңды еш жерде жұмыс істеп көрмеген маман бұл мекемеде өзінің кәсіби біліктігін шыңдап, медицина саласында білім көкжиегін кеңейтті.

“Маған менің мамандығым өте қатты ұнайды. Жергілікті тұрғындарға күтім жасап, қажетті көмек пен қамқорлық көрсетуге бар күш-жігерімді саламын. Үлкен кісілердің алғысы мен батасын алғандағы сезім өте бөлек. Аталмыш жоба менің өміріме көптеген өзгеріс әкеліп, көмегін тигізді. Менің тәлімгерім Ирина Грибенченкоға алғысымды білдіремін. Білікті де тәжірибели маман ретінде өз білімімен бөлісіп, менің кәсіби тұрғыда қызмет етуіме септігін тигізді. Алғашқы көмек көрсетуді, жұмыс істеу барысында бұйрықтармен жете таныстырды. Ол кісі өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, мақсаты айқын фельдшер деп сеніммен айта аламын”, – дейді Камила Өстемірова.

Бойжеткен бұл мүмкіндікті сәтті пайдаландым деп санайды. Оның айтуынша, аталмыш жоба жұмыс таба алмай жүрген жастарға мемлекет тарапынан берілетін тамаша қолдау.

Жандос Тілеубек Қарқаралы ауданы Томар ауылдық округінде дүниеге келген. Ол мал дәрігері білімін алған. Әке-шешесі мал асырап, күтумен айналысқандықтан, ол бала кезден шаруашылық ортада өседі. Есейе келе малға қызығып, жоғарғы оқу орнына оқуға түседі. Мамандықтың қыр-сырларын игерген Жандос туған ауылына келіп, еңбек жолын бастайды.

“Мамандық бойынша жұмысқа тұру менің басты ниетім болатын. Университет бітірген соң “Ұрпақтар келісімшарты” жобасы арқылы осы жаққа келіп жұмысқа орналастым. Қазіргі уақытта Томар деген мекенде ауыл әкімінің аппаратында ветеринария саласының маманы болып жұмыс істеймін”,   – дейді жас жігіт.

Жандос Тілеубектің басты мақсаты ауылға өзінің аз болса да көмегін тигізу, еліміздің ауылдық жерлерін көркейту.

“Жұмыс барысында әр түрлі қызықты мағлұматтар алып, заңмен жұмыс істеу сияқты көптеген пайдалы нәрсені үйрендім. Бас мамандардан алатын білім көп. Қазіргі мақсатым – кәсіби біліктілігімді шыңдап, ары қарай өсіп, даму”, – дейді ол.

Маманның тілегі, “Ұрпақтар келісімшарты” сынды бағдарламалар көп болса екен. Себебі кез-келген Қазақстанның азаматы елі, жері үшін күш-жігерін салып, аянбай еңбек етуі қажет.
“Қолында дипломы бар жас мамандарға білім алуға, дамуға кеңес беремін. Болашақ жастардың қолында. Олардың еңбегі еленіп, елімізге пайдасы тиіп жатса, керемет емес пе? ”, – деп түйіндеді ойын жоба қатысушысы.

Талқылау