Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Денесіне темекі басып, аузына арақ құйған": Түркістан облысында 6 адам ауылға қызбен кездесуге келген жігітті соққыға жықты деп айыпталды

6 жігіт ұрып-соққанФото: Orda.kz

Өткен жылдың қараша айында Түркістан облысы Мақтаарал ауданында алты жігіт 30 жастағы Азиз Құралбаевты қатыгездікпен өлтірді. Жігітті өлімші етіп сабап, үстіне темекі басып, кейін аузына алкоголь құйған. "Қанды оқиға" болған түні Азиз қалыңдығымен кездесу үшін көрші ауылға барған екен. Оқиғаға қатысты күдіктілер ұсталғанымен, қазір екеуі ғана кісі өлтіру бойынша айыпталып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Марқұмның ағасының әйелі Мөлдір Үсенбаеваның айтуынша, Азиз өзін өлтірген адамдармен сөзге келмеген, таныс та болмаған (қалыңдығы да оларды білмеген). Ол көрші ауылға жай ғана қызымен кездесу үшін барып жүрген.

Оқиға болған күні Азиз үйіне қайтып келе жатқан. Жолда бірнеше жігіт оны тоқтатып, көліктен түсуін талап еткен. "Біздің қызбен неге кездесіп жүрсің?" деген сарындағы әңгіме қозғаған. Азиз жағдай ушығып кетуі мүмкін екенін түсініп, кетіп қалуға тырысқан. Бірақ олар соңына түсіп, көлігін тоқтатып, сыртқа шығарып, өлімші етіп сабаған. Ол ес-түзсіз жатқан күйі үш ай ауруханада жатып, есін жимастан қайтыс болды.

Бастапқыда алты адам оны ұрып-соққан соң, ес-түссіз күйде далаға тастап кетпек болған. Алайда кейін ойларын өзгертіп, ауруханаға жеткізген.

"Азиз өте жақсы адам еді. Ешкімге жамандық жасаған емес. Оны бәрі мейірімді, жанашыр адам ретінде танитын. Біз үшін ол өз баламыздай еді. Неге оның осы қылмыскерлердің қолынан қаза табуы керек болды? Тек көрші ауылға қызымен кездесуге барғаны үшін бе? Бұл қалай болғаны?", – деді Мөлдір Үсенбаева. 

Марқұмның отбасының айтуынша, қаскөйлер Азизді ұрып қана қоймай, қорлап, азаптаған. Үстіне темекі басып, есінен танған кезде аузына алкоголь құйған.

"Тұтас қанға боялған, оның денесіне сұмдық нәрселер жасалған. Ешқандай құрмет те, аяушылық та болмаған. Қалай адамға мұндай қатыгездік жасауға болады, түсінбеймін", – дейді Үсенбаева. 

Тергеудегі күмәнді жайттар

Күдіктілер ұсталғанымен, бұл әділ шешім шығаруға кепіл бола алмаған. Істі жүргізіп жатқан адвокат Нұртуған Өмірзақов тергеуде көптеген заңбұзушылық болғанын, күдіктілердің әрекеттері қасақана дұрыс емес баппен сараланғанын айтады.

"Бастапқыда алты күдікті де Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша айыпталды. Өйткені сол кезде Азиз тірі болып, куәлік бере алатын. Кейін ол қайтыс болған соң, бап өзгертілді. Бірақ нәтижесінде екеуі ғана кісі өлтіру бойынша айыпталды. Тағы екеуі тек бұзақылықпен шектелді, қалған екеуі тіпті куәгерге айналып шыға келді. Бұдан бөлек тағы бір заңбұзушылық болды: тергеу барысында күдіктілердің жауабы 24 сағат ішінде базаға енгізілуі керек еді. Ал тергеуші оны алты айдан соң ғана енгізген. Сотта ол мұны базаның істемегенімен түсіндірді. Жарайды, база бір-екі күн істемей қалуы мүмкін, ары кетсе бес күн, бірақ алты ай бойы емес қой?!" – деді адвокат.

Мөлдір Үсенбаева алты адамның үстінен іс қозғалмағанына таңғалып, күйініп отыр. 

"Бұл қандай заң? Алтауы жабылып ұрды, бір адам қайтыс болды. Ал қазір "кісі өлтіргендер" екеу ғана. Бұл қалай болуы мүмкін? Неге сот жүйесі қатыгез қылмыскерлерге соншалықты жұмсақ қарайды?", – дейді ол. 

Қызығы, тергеу кезінде айыпталушылардың екеуі қылмыстарын видеода мойындаған. Олар нақты кімнің соққыға жыққанын, кімнің темекімен денесін күйдіргенін, кімнің аузына алкоголь құйғанын айтып берген. Бірақ адвокаттың сөзінше, бұл мойындаулар сотта есепке алынбады.

"Тергеуші бұл мойындаулардың еш мәні жоқ деді. Оның айтуынша, кейінгі жауаптарында күдіктілер сөздерінен бас тартқан. Неге? Жасырын тергеу барысында алынған мойындаулар неге ескерілмейді?", – деді адвокат Нұртуған Өмірзақов.

Қазір сот процесі әлі жүріп жатыр. Алайда марқұмның туыстары мен адвокаттары алаңдаулы. Олардың айтуынша, тергеу мен сот істің барлық мән-жайына жеткілікті назар аудармай отыр. Ал қылмыскерлер жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін.

Мақтааралдағы істі судья Мұхтар Жолдасбеков жүргізіп жатыр. Түркістан облыстық соты жағдайға ресми пікір білдірді. 

"Тараптар жарыссөзге дайындалу үшін уақыт сұрады. Уақыты әлі белгіленген жоқ. Сот отырысы ашық түрде өтеді. Соңғы жарыссөз 11 қыркүйек күні болды", – делінген хабарламада. 

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 20 Қыркүйек, 2025 16:16
Талқылау