Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қаражат талан-таражға түсіп жатыр": Сарапшылар Ұлттық қор табысын қалай арттыруға болатынын айтты

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Ұлттық қорының табысы басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін мәлімдеп, бұған көңілі толмайтынын ашық айтты. Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, Ұлттық қорды басқаруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. Ұлттық қордың активтерін басқарудың тиімділігі неге төмен және бұл мәселені қалай шешуге болатынын Stan.kz тілшісі экономист-сарапшылардан сұрап көрді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың табысы басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін айтты. Сондай-ақ, Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, Ұлттық қорды басқаруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.

"Ұлттық қордың кірістілігі соңғы 10 жылда жылдық 1,6%-ды құрады, ал ұқсас Сингапур қорының кірістілігі – 6,4%, норвегиялық қордың кірісі 7,5% -ды құрады. Бұл басқаруға уәкілетті органдар тарапынан айтарлықтай тиімсіздікті айқын көрсетеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент пікіріне байланысты сарапшылар да өз ойларын білдірді. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, Ұлттық қордағы қаражат негізсіз талан-таражға түсіп жатыр. Ұлттық қорды пайдаланудың тиімсіздігіне ол мамандар да жауапты екенін айтып отыр.

“Қазір инвестициялық кірістілік 1,5% деңгейінде ғана болып тұр. Бұған дейін бұл көрсеткіш 2,5%, 3%, 4%-ға дейін жеткен. Орташа көрсеткіш 2,5 %-дың төңірегінде жүр. Ал дамыған мемлекеттерде тура осындай қорлардың инвестициялық кірістілігі 7%, 8%, тіпті 10%-ға дейін барады. Осы ретте біздегі Ұлттық қорды пайдалану өз дәрежесінде жүріп жатқан жоқ деген шешімге келеміз. Бұл жерде жұмыс істеп жатқан мамандардың біліктілігіне де күмән келтіруге болады”, –  деді Мақсат Халық. 

Сарапшы мемлекет Ұлттық қордан аударылып жатқан қаражатты шектеу қажеттігін айтады. Сондай-ақ бюджет тапшылығын болдырмаудың жолдарын қарастыру керек. 

“Бюджетке соңғы екі жылдың өзінде 4,5 триллион ақша аудардық. Яғни бұл 10 триллионға жуық қаражат. Оның барлығы елімізге, экономикамызға құйылып жатыр. Тиісінше, бұл жоғары инфляцияның бір себебі болып отыр. Демек ақшаның мақсатсыз артуынан теңгенің құнсыздануы да артып жатыр. Мәселен, неге көрші елдер Қырғызстанда, Арменияда инфлияция деңгейі біздікіндей емес? Яғни бұл жерде бюджетті дағдарысқа қарсы басқару саясатын дұрыстап жүргізу керек. Біз Ұлттық қордағы қаражатты тек қана дағдарыс кезінде пайдаланамыз деп шешім қабылдағанбыз. Сондай-ақ бұл болашақ ұрпақ қоры саналады. Аталмыш функцияны атқару керек”, – дейді Мақсат Халық.

Президент инвестициялық кірістіліктің 50 %-ын түсіру туралы сыны өте орынды дейді маман.

“Меніңше, бюджетті дағдарысқа қарсы басқару саясатын жөндеу керек. Ұлттық қордан ақша айналымын тежеу керек. Бюджет тапшылығын жабудың өзге де жолдарын қарастыру керек. Салық саясатын жандандыру одан басқа қорды басқарып, тиімділігіне көңіл бөлу керек. Ол жердегі мамандардың біліктілігін тексерген жөн”, – деді экономист Мақсат Халық. 

Ал экономист Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, Норвегия әлемдегі Ұлттық қорларды өздерінің кірістіліктерін тиімді ұйымдастырған мемлекет ретінде белгілі. Сарапшы Қазақстанда Ұлттық қорға кіріс әкелетін табыс көздері дұрыс іріктелмеген дейді. 

“Біздегі бір кемшілік – табыс әкелетін салаларды іріктеу кезінде Ұлттық қордың құрамында жылжымайтын мүлік немесе ІТ салаларына бағытталған қаражат жоқтың қасы. Қордың құрылғанынан бастап осы уақытқа дейін инвестициялық кірістіліктің мөлшері теңгемен айтатын болсақ 27, 28 триллион теңгеге жеткен. Бұл соманың 80%-ы яғни 22, 23 триллион теңге қаражат теңгеміздің құнының долларға шаққандағы төмендеуі кезіндегі болатын курстық айырманың есебі болған.
Біз инвестициялық кірістілік деп айтсақ та, оның өзі ұлттық валютамыздың құнының төмендеу нәтижесінде болған жағдай. Бұл да өз кезегінде біздегі инвестициялық кірістіліктің төмен екенін көрсетіп отыр”, – дейді маман.

Ұлттық қор жұмысының тиімділігін арттырудағы ең басты алғышарт ретінде маман шет мемлекеттерге салған қаражаттың әр тиынына дейін жоғары табыс әкелетін кәсіпорындардың акцияларына бағыттау деп отыр.

“Яғни осыны жоспарлайтын Ұлттық банк қай мемлекетте қанша қаражат салынуы керек, қандай компаниялардың акцияларын сатып алу керек дегенді анықтап, қаражатты ірі табыс әкеліп отырған кәсіпорындарға салған жөн. Сол арқылы елдегі көлеңкелі экономиканы да алдын алуға мүмкіндік бар”, – деді Бауыржан Ысқақов. 

Талқылау