Қазақстанда қосылған құн салығын көбейткен жағдайда инфляцияға қалай әсер етеді
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салық түсімдерінің артуына байланысты қосымша инфляция 3 пайыз болатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Primeminister.kz
Үкімет отырысында министр салық түсімдерінің жыл сайын 4-5 триллион теңгеге өсетінін атап өтті.
"Бұл қаражат келесі мақсаттарға жұмсалады: Ұлттық қорға тәуелділікті азайту, мемлекеттік қарыз деңгейін төмендету, инфрақұрылымды, агроөнеркәсіптік кешенді, өңдеу өнеркәсібін және қорғаныс саласын дамытуға қосымша ресурстар бөлу. Айта кету керек, салықтардың көтерілуінен болатын инфляциялық әсер қысқа мерзімді болады және бір жылда жойылады. Қосымша инфляция 3 пайызға дейін болады деген болжам бар", – деді Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар үкімет басшысы Олжас Бектенов Салық кодексіне түзетулер енгізу жөніндегі заң жобасы 20 ақпанға дейін мәжіліске жіберілетінін айтты. Оның айтуынша, осы аптада өңірлерде кәсіпкерлердің, сарапшылардың және мәслихат депутаттарының қатысуымен талқылау өтеді.
"Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесуде салық реформасына қатысты мәселелерді бизнес өкілдерімен, депутаттармен және сарапшылармен жан-жақты талқылауды тапсырды. Осы талқылаулардың және қажетті келісу рәсімдерінің нәтижесінде 20 ақпанға дейін мәжіліске Салық кодексіне түзетулер енгізу жөніндегі заң жобасын және оған ілеспе заң жобасын ұсыну қажет", – деді Бектенов үкімет отырысында.
Айта кетейік, бұған дейін президент салық реформасына тоқталып, бір жағынан бизнесті қолайлы жағдаймен қамтамасыз ететінін айтты. Екінші жағынан салық саласындағы тәртіпті реттеп, бюджетке түсімдерді арттыратын оңтайлы шешімдер табуды тапсырған еді.
Еске салайық, бұған дейін ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин брифинг барысында қосылған құн салығы әсерінен тауар құнының өсуі мүмкін екенін жеткізді. Ал инфляция деңгейінің артуы уақытша құбылыс болады деп сендірді.
Бұдан бөлек үкімет қосылған құн салығының (ҚҚС) жалпы мөлшерлемесін 16% деңгейінде бекітуді және белгілі бір салаларға сараланған мөлшерлемелер енгізуді ұсынды. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, ҚҚС мөлшерлемелері 16%, 10%, 0% және толық босатуды қамтиды.
- Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ҚҚС төлеуден толық босатылады.
- Кейбір салалар үшін аралық мөлшер – 10%.
- Қазіргі таңда 10% мөлшерлеме қолданылатын салалар бизнес өкілдерімен талқыланып жатыр.