Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстанда Жеңістің 80 жылдығына арналған 1000 теңгелік банкнот айналымға шығады

Фото: nationalbank.kz

Қазақстан Ұлттық банкі 2025 жылғы 9 мамырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерейтойлық банкнотты айналымға шығарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі орталық банкке сілтеме жасап хабарлайды.

Банк өкілдерінің дерегінше, банкноттың таралымы 5 миллион данамен шектелген.

“Қаһарман отандастарымыздың ерлігіне құрмет таныту үшін Ұлттық банк ұлттық валютада мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарғалы отыр”, – делінген банк хабарламасында.

Дизайнына келсек, банкноттардың түсі – қоңыр-сарғылт. Алдыңғы бетінде Даңқ мемориалы бейнеленген. Сондай-ақ микро-оптикалық қорғаныс жолағы бар. Банкнота бұрышын өзгерткен кезде жолақта тереңдіктің, көлемнің және жылтырдың үш өлшемді әсері мен мәңгілік алау мен ұшып бара жатқан тырналар көрінеді. Тырналар силуэті – жақсылық пен үміттің бейнесі – өмірді суреттейді.

Екінші бетінде тарихи мұрағаттық фотосуреттердің үзінділерімен Қазақстан картасы және ерлік, табандылық пен батырлықтың символы ретінде Отан соғысы ордені бейнеленген.

Фото: nationalbank.kz

“Номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнот өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады. Сондай-ақ банктік шотқа салуға, Қазақстан Республикасының барлық банкінде аударуға және ұсақталуға міндетті”, – дейді Ұлттық банк өкілдері.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 08 Мамыр, 2025 13:42
Талқылау