Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде қалдырды
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Ұлттық банктің мәліметінше, биыл шілдеде инфляция аздап өсті. Дегенмен ол Ұлттық банктің болжамы аясында қалыптасты. Айлық инфляция мен оның орнықты бөлігі едәуір қарқын алған. Халықтың инфляциялық күтіуі маусым айында өскеннен кейін өзгеріссіз қалды. Дамыған елдердегі орталық банктердің тежеу саясаты нәтижесінде жаһандық инфляция баяулап келеді. Фискалдық ынталандыру көлемінің өсуі, тұрғын-үй коммуналдық қызметтерінің (ТКҚ) реформасы аясында тарифтер өсуінің жалғасуы, орнықты ішкі сұраныс, сондай-ақ жоғары инфляциялық күтулер есебінен экономикада проинфляциялық қысым күшейді.
“Ортамерзімді келешекте инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұзақ уақыт бойы ұстап тұруды талап етеді. Тәуекелдер теңгерімі проинфляциялық жаққа ауып, 2024 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлемені бүгінгідей деңгейде сақтау ықтималдығын арттыруға себепші болып тұр”, – деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Жылдық инфляция 2024 жылғы шілдеде 8,6%-ға дейін өсіп, Ұлттық банктің болжамы шегінде қалыптасты. "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын іске асыру аясында реттелетін қызметтер бағасы өсіп келеді. Нарықтық қызметтер құнының айтарлықтай көтерілуі, өңдеу өнеркәсібіндегі өндірушілер бағасының өсуі және айырбастау бағамының әлсіреуі есебінен инфляция қарқын алды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының төмендеу динамикасы баяулады.
Жаһандық инфляция жетекші орталық банктердің тежеуші ақша-кредит саясатының әсерінен баяулап келеді. Азық-түліктің әлемдік бағасы жылдық мәнде төмендей түсті. Алайда оның қарқыны баяу. Шілдеде астық бағасы солтүстік жартышардағы ұсыныстың маусымдық өсуі мен күн райының қолайлы болуына байланысты мол өнім алуға қатысты күтулердің жақсаруы нәтижесінде төмендеу үрдісін жалғастырды. Астық бағасы біртіндеп төмендейді деп болжанып отыр.
“2024-2025 жылдарға арналған инфляция болжамы тиісінше 7,5-9,5% және 5,5-7,5% аралығында сақталды. 2026 жылы инфляция 5-7% деңгейінде болуы мүмкін. Ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу 2026 жылы базалық инфляцияның 5%-ға дейін баяулауына ықпал етеді”, – деп мәлімдеді банк.
Ортамерзімді келешекте инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұзақ уақыт бойы ұстап тұруды талап етеді. Тәуекелдер теңгерімі проинфляциялық жаққа ауып, 2024 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлемені осы деңгейде сақтаудың жоғары ықтималдығына себеп болды.