Ұлытау облысында қаза болған жеті кеншінің отбасыларына жалақыларының 10 еселенген мөлшері беріледі
Ұлытау облысының әкімдігі мен "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС Жомарт кенішінде мерт болған қызметкерлердің отбасыларына көмектесетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Istock.com
Ұлытау облысының әкімдігі кен орнында қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарына психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсететінін мәлімдеді. Қайғылы оқиғаға байланысты өңір басшысы Дастан Рыспеков көңіл айтты.
"Қайғылы оқиға баршамыздың жүрегімізге ауыр тиді. Бұл жағдай – бірнеше отбасы үшін орны толмайтын қаза. Мерт болған кеншілердің туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Бұл қасірет баршамыз үшін оңайға соққан жоқ. Қаза тапқандардың отбасыларына қажет көмек көрсету үшін барлық тиісті шара қабылданады", – делінген көңіл айту жеделхатында.
“Қазақмыс” моральдық зиянды өтеу үшін қаза тапқандардың отбасыларына жұмыскердің орташа жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшерін береді. Сондай-ақ жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға 2 миллион теңгеден астам қаржы төленеді екен.
“Асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлем, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан жұмысшылардың несие және қарыздарын жабу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған”, – деп мәлімдеді корпорацияның баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін Ұлытау облысындағы кеніште жеті жұмысшы үйінді астында қалғаны айтылған еді. 18 ақпан таңда жеті қызметкердің денесі табылды.