Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлытау облысында балабақша тәрбиешілері жыныс мүшесінен қан кеткен қызға бес сағат бойы көмек көрсетпеген

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында "Айналайын" балабақшасының тәрбиешілері жыныс мүшесінен қан кеткен төрт жасар қызға бес сағат бойы көмек көрсетпеген. Баланың анасы немқұрайлылық танытқан тәрбиешілерге шара қолдануды сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

10 қарашада Үміт Байдалинованың төрт жасар қызы балабақшада жарақат алған. Айтуынша, ол баланы еш ауру-сырқатсыз жіберген. Сағат 11-лерде бала орындықтың қырына жыныс мүшесін соғып алып, жарақат алған. Алайда тәрбиешілер қыздың анасына да, медбикелерге де оқиға туралы хабарламаған. Бес сағат бойы ешқандай шара қабылданбаған.

“Бейнебақылау камерасында күтуші Әминаның іш-киімі мен колготкиін шешіп, отырғызып қойғаны көрінеді. Ол солай бұты жалаңаш боп отырған. Содан соң қағаз беріп, “сүрт” деген. Үйге келгенде қарасам, іш киімі қан-қан. Қарап ,жуындырайын деп жатқанда, нығыздалған қағаз шықты. Осыдан кейін қызым мазасызданып, кіші дәретке бара алмай қалды”, – деді ол.

Бұл жағдайды Әминаның анасы 4:45-те білген. Оған екінші ауысымдағы тәрбиеші ғана не болғанын айтыпты. Ол бірден келіп, қызын қалалық ауруханаға апарыпты. Гинеколог тексерген кезде қыздың жыныс мүшесінен ұйыған қан шыққанын айтады. 

“Осыдан кейін арыз жаздық та, бейнебақылау камераларының жазбасы түсіріп алдық. Алайда ісіміз білім басқармасына жіберілді. Осы бойынша прокуратураға да шағымдандық, олар істі қайтадан полиция департаментіне жібереді, олар білім басқармасына сілтейді. Мәселе сөгіс берумен шектелді”, – дейді ана.

Төрт жасар қыздың әкесі Марлен Мырзаәлі қызының сол кездегі жағдайын айтып қынжылды. Ол кінәлілер өз жазасын алғанын қалайды.

“Осыған дейін түнде оянып жылаған емес. Ал сол күні түнімен қиналып, жылап шықты. Көз жартылай ашылып, дұрыс ұйықтай алмады. Кіп-кішкентай қызды гинекологқа кім қаратқысы келсін?! Ол әлі ештеңе түсінбейді. Біз немқұрайлылық танытқан адамдардың жауап бергенін талап етеміз”, – деді әке.



Бүлдіршінге алғашында төменгі жыныс мүшесінің көгеруі диагнозы қойылған. Дәрігердің жазбасы бойынша,вульваның шырышты қабаты мен қынаптың вестибулялары гиперланған, вульвадан бөлінетін сұйықтық ақшыл. Балалар гинекологы қызға вульвит диагнозын қойды. Яғни соққыдан соң мүшеге инфекция кіріп кеткен.

Алайда камераны қарау кезінде тәрбиешілердің балаларға қол көтергені түсіп қалған. Тәрбиеші олардың басынан ұрып, қорқытып отырғызып қойған. Алайда ол балалардың ата-анасы кешірім беріпті. Үміт Байдалинова баласы екі жаста болған кезде де балабақшада осы тектес шу болғанын айтады.

“Екі жас жеті ай кезінде балабақшадан арқасы көгеріп, тырналып келді. Денесі қызарып кеткен. Тәрбиешілерінен сұрағанда, олар ештеңе білмейміз деп ақталды. “Киім ауыстырып жатқан кезде мүмкін тырнап алдым” деді. Бұл кезде де камераны қарап тексергіміз келді, алайда тізерлеп кешірім сұрап келгесін кешірдік”, – деді төрт жасар қыздың анасы. 

146 бүлдіршіні мен 11 тәрбиешісі бар балабақша басшылығы мен медбике оқиға туралы білмегендерін, оларды ешкім ескертпегенін айтады. Ал бір тәрбиеші төрт жасар Әминаның өзін кінәламақ боп, оның қыңыр мінезді қыз екенін айтты. 

“Мен оған орындыққа теңселме деп ескерттім. Тыңдамады, қоймады. Бір баламен орындыққа таласып қалды да, қырсықты. Теңселме деген сайын орындықта тербеле берді”, – деді екінші ауысымдағы тәрбиеші Айдана Алшынбекқызы .
Ал тағы бір тәрбиеші Мәдина Сәрсенбеқызы аса қатты жарақат болмағанын айтты. 

"Ойыншықты жинап жатқанда, оның жылап жатқанын естідім. “Құлап қалдым” деді. Бірақ бәрі айтқандай қан болған жоқ. Сол үшін жай құлаған шығар деп ойладым. Қызарып тұрғасын дымқыл қағазбен сүрттім. Бұл туралы екінші тәрбиешіге ескертуге ұмытып кеттім, себебі жиналыс болды. Ал мен қатынап істегесін асығыс болдым. Енді менің жұмыстан шығуымды талап етіп отыр”, – деді ол.

Талқылау