"Ұлым мен жолдасым Киевте қалып қойды": Украинадағы қандасымыз елдегі жағдай туралы айтып берді
Ресейдің Украина жеріне басып кіргеніне бір айға жуық уақыт болды. Украина азаматтарының бір бөлігі бас сауғалап, шетелге өтіп кетсе, ендігілері өз мемлекеттерінде қалуды жөн көрген. Елден кетпегендердің арасында этникалық қазақтар да баршылық. Киевтегі қандасымыз Алмагүл Кенжебаева Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Украинадағы жағдай туралы айтып берді.
– Өзіңіз жайлы айтып берсеңіздер. Украинаға қалай келдіңіз?
– Өзім Аралдың тумасымын. Алматы қаласындағы АМУ-ды бітіріп, Арал қаласында мектепте жұмыс істедім. Күйеуім Аралдағы судың проблемалары бойынша арнайы бағдарламамен Қазақстанға келген. Сол кезде танысып отбасын құрдық. Осы жақта әкесіне қарайтын адам болмай, біз Украинаға көшіп келдік. Бұл жаққа қоныс аударғалы өз мамандығыммен жұмыс істемедім. Қызылорда облысындағы Шиеліден осында жерлестеріміз бар.
– Қазіргі жағдайларыңыз қалай? Ресей Украинаға шабуыл жасағанда қайда болдыңыздар?
– Украинаның астанасы Киев қаласының тұрғынымын. Қазіргі кезде Киевтен кеткеніме он шақты күн болды. Черкассы деген қаласына қызым екеуміз уақытша орналастық. Соғыстың алғашқы күндері елшілікпен байланысқанбыз. 24 ақпанда таңғы бестен бастап шабуыл жасалған соң, қайда барарымызды білмей қалдық. Қаланың өзінен шығуға 7 сағат керек. Адамдар 20 км кептелісте тұрды. Елшілік бірінші күні мүмкіндіктің болмайтындығын айтты. Тура ертесі президент мобилизациялау үшін жарлық шығарды. Ұлым 19 жаста. Украинаның азаматы әрі 2-курс студенті. Өзім әлі де Қазақстанның азаматымын. 16 жыл тұрсам да, отбасымда жалғыз мен ғана бөлек. Жолдасымның түп атасы Киевтен шыққан. Ол – институтта ғылыми қызметкер. Қызым да туризм саласы бойынша 4-курста оқиды. Соғыс болғаннан кейін бәрін де демалысқа жіберді. Елшіліктегі консул балаларды шекарадан өткізбейтінін айтты. Көмекшілері әлі де жолдарын қарастырып көреміз деді. Жалпы балаларым Қазақстанда туған ғой. Елде 5 жыл тұрдық. Туу туралы куәліктері де бар. Бірақ бәрібір шығармайды дейді. Балаларымды тастап қайда кетемін? Жолдасым мен ұлым Киевте қалып қойды. Оларды қызым екеуміз көндіре алмадық. Екі көлікпен Черакссыға аман-есен жеттік, қазір танысымыздың үйіндеміз. Бұл жерде соғыс болып жатқан жоқ. Бірақ күні-түні сиреналарға тыным жоқ.
– Сонда жолдасыңыз бен ұлыңыз әскери іс-қимылдарға қатысуда ма?
– Жоқ. Оларға үйден шықпа дейміз. Күйеуім әскерге мобилизациялау жасынан өтіп кеткен. Баламның жасы келіп тұр. Менің уайымым осы. Киевтен бір 100 шақырымдай жердеміз. Әзірге азық-түлік жағынан тапшылық туындамады. Киевте дүкендерге барғанда ұн, қант, күріш болмай қалған. Бар болған күннің өзінде кезекке тұру керек. Ал мына жақта бәрі бар. Бағалары қаз-қалпында. Мариуполь қаласын естіген боларсыздар? Соғыстың бірінші күнінен бастап әлі де ұрыс жүріп жатыр. Білуімше, ол жақта да қазақ қыздары бар. 1 наурыздан бері әлі күнге дейін хабар жоқ. Аналары уайымдап отыр. Ол жақта су да жарық та жоқ. Құдайға шүкір, қандастарымыз қаза тапты деген суыт хабар естімедім.
– Киевке шабуыл жасалғанда қала тұрғындары не істеді?
– Киев оң және сол жағалауға бөлінеді. Оң жағалауда жаңа инфрақұрылымдар бой көтерген. Сол күні таң ата ұйқым келмеді. Телефонымды оқысам, көбі оқ атылды деп жазып жатты. Бастапқы кезде мүлдем түсіне алмадық. Біздің терезеден оң жағалау көрінеді ғой. Өзіміздің ауданымыз аман-есен екен. Ұлым балконнан әскери ұшақ өтті деді. Бір кезде дабыл қағылып, метроға қашу керектігі хабарланды. Ал мектеп пен метро жүгіріп бартындай жер емес. Тұрғын үйіміздің жертөлесіне тығылдық. Ал әскерде қызмет ететін көршіміз “далада жүріңдер, үй құласа, жертөледен шыға алмай қалуларың ықтимал” деп деп айтты. Сол күні далада түнедік. Кейіннен үйімізге кірдік. Бірінші күннен кейін етіміз үйренді. Терезелерді қараңғылап, көршілермен кезекші болуды ұйғардық. Харьков пен Мариуполь қалаларына қарағанда біздікі шүкір. Қанша адамның қаза болғанын бір Құдай біледі. Адамдарды эвакуациялау жұмыстары да өте қиын.
– Украинадағы қандастармен жақын араласып тұратын ба едіңіздер?
– Әрине! Біз бір-бірлерімізбен жиі хабарласып тұрамыз. Киевтегі қазақтардың барлығын танимын деп айта аламын. 6-7 отбасы жақын туыстар сияқты болып кеткенбіз. Ешқайсысы да Қазақстанға кеткен жоқ. Өйткені отбасылары осында. Төл мерекеміз Наурызды жыл сайын атап өтетінбіз. Бәріміз жиналып жылқы сойып аламыз. Желтоқсан айында елшілік қазақтарды жинап жиын жасайтын. Украинаның да азаматтарын қалдырмаймыз.
– Украина халқы билік басындағылардан не күтіп отыр?
– Біздің президент расымен соғыстан бұрын басқа, қазір басқа адам болып шықты. "Соғысқа дейін бәрі оны сайқымазақ" деуші еді. Мемлекетті басқару ешқандай да қолынан келмейді деп айтатындар да табылды. Қазір қайта ол халықты айналасына біріктіре алды. Ешқайда қашып кеткен жоқ. Күнде видео түсіріп, елде екендігін хабарлап жүр. Халық президентке қолдау білдіруде. Ресей Украинаны менсінбей, осылай қарсы тұрады деп күтпей, басып кірді ғой. Екі елдің территориялық тұтастығы мен халық санынан да сәйкес емес. Олар осыған сеніп шабуыл жасады. Біздікілер де өз ұстанымдарынан қайтатын халық емес. Жеңеміз деген үміттеміз!
Қазір қалалардың ішінде территориялық қорғаныс шебтері құрылған. Оған да еріктілер жазылып, кезек-кезек қала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Бірінші күндері әскери комиссариат та ұзын сонар кезек болды. Әрине, мұндай болады деп ойламадық, дегенмен ешкім қашқан жоқ. Сыртқа кеткендер де қайтып келуде.
– Қазақстандағы туыстармен хабарласып тұрсыз ба? Қазақстанға келгілеріңіз келе ме?
– Атажұрттағы туыстармен байланыстамыз. Жос-жараң хабарласып, "ақша жағынан көмек қажет болса айт, сендердің тілеулеріңді тілеп отырмыз, қолымыздан келгенше көмектесуге әзірміз" деп жатыр. Қазіргі жағдай енді осы ғой. Қазақстандағы қаңтар оқиғалары кезінде басқа елдегі қазақтарымыз Telegram желісіне топ аштық. Қазір тобымыз Украинадағы қандастарға ауысты. Қазақтар қонақжай халықпыз ғой. "Бәрі не керек болса да айтыңдар" дейді. Бұндай топтарымыз да тек бейбіт күндерді еске алатын болсын. Аяғы енді тәтті болар деген сенімдемін.
Ал енді Қазақстанға келу туралы айтар болсақ, балаларымыз қайда жүрсе, біз де сонда боламыз ғой. Қазақстанға балалар есейіп барғанда менталитеттің басқа екендігін айтты. "Ол жақта біз тұра алмаймыз" дейді. Өйткені олар Украинадағы еркіндікке үйренген. Ешқандай да азаматтардың құқықтары шектелмейді. Бейбіт митингке шыға аламыз. Ол үшін ешкім ұрып соқпайды. Расымен де демократияның нағыз алаңы. Өзім желтоқсан оқиғасына қатысушымын. 2004 жылы мұнда революция болды. Кішкентай балаларымды қоларбаға салып, алаңға барғанмын. Барлық революцияны өткізіп жатырмыз. Енді міне соғысты да көрдік. Қазақстандағы ағайындар да көмектерін аяп жатқан жоқ. Украина біз үшін де күресіп жатыр деп айтады. Сөзбен қолдаса да көмек қой. Гуманитарлық жағынан да жәрдемдесіп жатыр. Бастысы соғыс аяталса екен. Қалғанын көре жатармыз.
– Осындай кезде уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рахмет! Амандықта болыңыздар!
Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК