Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлым бес уақыт намазын оқитын. Террорист ете ме деп қорықтым": Қаңтарда ұлынан айырылған жалғызбасты ана тергеудің қалай жүріп жатқанын айтты

Қаңтар кезінде қаза болған 21 жастағы Бақберген Төлегеннің анасы Шолпан Өтегенова Рақымбердіқызы – Алматы қаласындағы дүкендердің бірінде сатушы. Жалғыз ұлынан айырылған ана әлі де кінәлілердің жазаланбағанын айтады. Ол Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында қаңтардағы қаралы күндерді есіне алып, ұлының қалай қаза тапқанын айтып берді. 

Шолпан Өтегенова – Алматы қаласындағы дүкендердің бірінде сатушы. Ұлы 5 қаңтарда жұмыстан шығып, досымен таксист болуға кеткен. Қаладағы абыр-сабырдан қашып жүріп, Алматы қаласына қарасты Жетісу аудандық полиция бөлімінің алдына келіп тоқтайды. Сол маңда атыс басталып, Бақбергеннің жамбасына тиген оқ күретамырын тесіп өткен. 

"Күнде сағат 11:00 шамасында досымен үйден шығып кететін. Екеуі бірге қалада таксист болатын. Досы көлікті өзі айдаған. Ол аман қалды. Балам көп қан жоғалтып, дер кезінде көмек алмаған ғой. Мен мұндай болады деп ойламадым. Күніге аман-есен келіп жүрген бала. Митинг болады дегенді бәріміз де естідік. Бірақ та Алматыда қаншама рет митинг болды, бәрі де тыныш өтті. Мұндай соғыс боларын білгенде, сыртқа жібермейтін едім.

Балам кішкентайынан қайсар болып өсті. Айтқанынан қайтпайтын. Бірақ оны сотқар немесе бұзық деп айта алмаймын. 11 жасында әкесі өмірден өтті. Содан бері өзім бағып, өз тәрбиемді беріп келдім. Оны қайта-қайта еске алу қиын. Қазіргі кезде әрең жүрмін (жылап алды). Маған үй салып беруді армандайтын. Кейін үйленіп қолыңызды ұзартамын деуші еді. Жас та болса қолынан талай нәрсе келетін. Құрылыста, "Barber Shop" шаштаразында көмекші болып істеген. Аяқ-қолына аллергия берген соң, шаштаразды тастап кетті. Соңғы рет даяршы болыпты. Пәтер жалдап тұрғанымызда электр сымдарынан жиі-жиі ақау шығатын. Соны өзі қорықпай жөндей беретін еді", – деп ұлын еске алады жалғызбасты ана. 

Анасының айтуынша, Бақберген "Сымбат" дизайн және технология академиясына оқуға түскен. Баласының құжаттары дұрыс болмай, дипломын алмаған. 

"Біз қандастармыз ғой. Сіңілдерім өз қолдауларын білдіріп жатыр. Өмір сүргім келмей, алты ай төсек тартып жатып қалдым. Ештеңеге зауқым соқпай қалды. Қазіргі кезде жақындарым жанымнан табылуда. Психолог маманға барып, аз да болса есімді жидым. Қызым 22 жаста. Ендігі жұбанышым тек сол. Баламның ісін құпия деп жатыр. Атқан адамды тауып бермейміз дейді. Бәрібір де өз адамдарын айтпайды ғой. Оның ісін бірнеше рет ауыстырды. Тергеушілер де қайта-қайта ауысты. Ішкі істер департаментінен прокуратураға, прокуратурадан қазір антикорға ауысты. Осы уақытқа дейін баламның ісін бір-біріне лақтырып жатыр. 

"Қазақстан халқына" қорынан келіп көмектесті. Әлі Қазақстан Республикасының азаматтығын алмадық. Бастапқыда өтемақыны алмайсыңдар деген. Астанаға екі рет барып қайттым. Бас прокуратура өкілдерімен жүздестік. Қайтып келген соң, бұлар алдыға жылжып бастайды. Ұлымның асын беремін деп, несиеге де кіріп кеттім", – дейді ол.

Қандасымыз жергілікті атқамінерлерден жәрдем жоқтығын айтады. Алдағы уақытта Астанаға тағы да баратындығын жеткізді. 

"Қаңтарда жақындарынан айырылғандардың әлеуметтік желіде тобы бар. Әртүрлі көмек беріліп жатыр. Әр өңірде билік түрліше қимылдап жатыр. Өскемендік бір анаға үй беріпті. Біздің Алматыдан ондайды естімедік. Тек көп балалы аналарға пәтер жалдап беруде. Осы қаңтардағы оқиға салдарынан сегіз нәресте әкесіз өмірге келді. Оларға да керек-жарақтыларын беруде", – деп қосты Шолпан Рақымбердіқызы.

Әйел ұлын атқан адамның жазаланғанын қалайды. Бақбергеннің ісі ҚР Қылмыстық Кодексінің 367-бабымен қаралған. ҚР Қылмыстық Кодексі 99-бап, “адам өлтіру” бойынша арыз жаз деп кеңес бергендер де бар. Қазір ол бойынша да арыз жазған. Брақ әзірге ешқандай да жауап жоқ.

"Сол күні досымен дүкен іздеп, су алмақшы болған екен. Атыс болған жерге тоқтап, айналадан дүкен іздейді ғой. Балама сыртқа шыққанда оқ ата бастапты. Көлікпен қашу үшін қайта отырғанда оқ тигенін байқапты. Досы көлікті бірден оталдыра алмай қалған. Жетісу аудандық полициясының қасында айналма көпір бар. Содан ары қарай бұлар өтеді. Досы да 19 жастағы бала. Ол да қорқып түсінбей қалған. Сол жерден көлік тоқтатып, айналадағылар көмектесіп таксиге салып жіберген. Өзі бірге мінбегенін, көлікте орын болмады деп түсіндіреді. 

Ұлымды алты күн іздедім. Досы сол күні түнде хабарласты. Бақбергеннің аяғына оқ тиіп, ауруханаға салып жібердік деді. Таң атқанша хабар болады ма деп күттім. Бірақ шыдай алмай, таңғы алтыда үйден шығып кеттім. Ауруханаларға үш-төрт рет қайтадан бара бердім. Қаңтардың оны күні ғаламтор қосылды. Сол кезде сіңілдерім әлеуметтік желілерге іздеуге жіберген. Сонда бір фельдшер хабарласып, жан тасырғандағы суретін жіберді. Үстіндегі қан болған киімдерін таныдым.

"Тәте сабыр етіңіз, балаңыз қайтыс болды, мәйтханаға барып іздеңіз" деді. Сіңілім мәйітті тану үшін кетті. Менің жағдайым нашарлап, әлім құрыған болатын. Қаңтардың 11-і күні жер қойнына тапсырдық", – дейді қандасымыз. 

Бақбергеннің досы да қиналған. Төрт-бес сағат сайын тергелумен болыпты. Қайғы болған күні бұлардың көлігінің алдына, қару-жарақ дүкенін тонаған "Лексус" автокөлігі келіп тоқтайды. Көліктегілермен марқұм жігіт амандасып, қалада не болып жатқанын сұраған екен. Құзырлы мекемелер осының барлығын да тексеріп шығыпты, араларында қандай да бір байланыс бар-жоғын анықтамақ болған. Бақбергеннің телефонын да алып кеткен. Кейіннен бұл қару-жарақ тонаушылармен олар бір-бірін танымайтыны анықталып, досы екеуі ақталған. Аман қалған досы, осы іске куәгер болған. 

"Қаңтар қоры" тегін қорғаушы берген. Бірақ ол ештеңе жасамады. Өзім қорғаушыға сеніп, өз уақытымды жоғалтып алдым. Қазір енді өзім жүгіріп жүрмін. Халқымыз жfйдан жай алаңға шыққан жоқ. Бәрін де қымбатшылық қысты. Ананың баладан айырылуын ешкімге де тілемеймін. Бейбіт митингінің аяғы қантөгіспен бітті. Мұндайды білгенде баламды жібермес едім ғой. Маған тергеушілер "балаңды неге жібердің" дейді. Мен қайдан білейін. Ондай атыс-шабыс боларын басқалар да қайдан білсін. Ғаламторды сөндірген кезде, қарапайым халық ақ пен қараны түсінген жоқ. Құзырлы мекемедегілер бәрін білді. Жоғарыдағылардың бәріне де, үкіметке де өкпем қара қазандай. Бір сәтке ойланса екен", – дейді ол.

Әкімшілікке үй мәселесімен барғанда, демеушілерді іздейтіндерін айтыпты. Әзірге "Қазақстан халқы" қорынан көмек келген. Асыраушысынан айырылғандығын айтып, барлық жерге арыз-шағымдарын қалдырған. 

"Баланыздың ісімен танысқыңыз келсе, психикалық аурулардың жоқтығы жөнінде анықтамаңыз керек дейді. Қаңтарда намаз оқитындарды ұрып-соғып алып кетті ғой. Мен ол кезде қорыққанымнан ешкімге айтпадым. Ұлым бес уақыт намазын да оқитын. Оны террорист ете ме деп қорықтым. Өзі түзу жолда жүретін. Ішімдік пен темекіге мүлдем жоламайтын. Тек қана намаз оқитынын жасырдым. Әлі күнге дейін өзімді жазғырамын. Неге ұлыма бөгет болмадым деп. Ешбір нәрсе баламның орнын баспайды. Балам алтын еді. "Анашым", "жәннатым" деп қана жүруші еді. Қазір денсаулығым қатты сыр беруде. Қан қысымым көтеріліп, қайта-қайта жедел жәрдем шақырамын", – деп көзіне жас алып сөзін аяқтады қайғыдан қан жұтқан ана.

 

Қадірәлі САРЫПБЕК

Талқылау