"Ұлым әскерде қызмет етіп жатыр": Депутат сарбаздардың өлімін болдырмау үшін нақты шаралар қабылдауды талап етті
Фото: Sinenkiy / Getty Images
Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттар әскердегі сарбаздарға жасалатын қатыгездік оқиғаларына алаңдаушылық білдірді.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл мәселені депутат Наталья Дементьева көтерді. Ол қазіргі уақытта ұлының да әскерде қызмет етіп жатқанын айтып, соңғы кездері әскери бөлімдерде сарбаздардың өлімі мен суициді жиілегенін атап айтты.
"Бұл оқиғаларды жеке қайғылы жағдай ретінде қарастыруға болмайды. Бұл — жылдар бойы шешілмей келе жатқан әскердегі тәрбиелік жұмыстағы жүйелі проблеманың айғағы. Мұндай жағдайлар қоғамның тек Қарулы күштерге емес, жалпы мемлекеттік институттарға деген сенімін төмендетеді", – деді депутат.
Ол сондай-ақ Қорғаныс министрлігінен нақты шаралар қабылдауды талап етті.
"Қашан бейбіт уақытта сарбаздардың өлімі тоқтайды? Қай уақытқа дейін аналар ұлдарын әскерге жіберуге қорқып отырады?" деп сұрады Дементьева.
Қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазықбаев армияда психологиялық көмекті күшейту жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
"Қарулы күштер қараусыз қалған балалар, мектептегі жағдай, есірткінің таралуы сияқты қоғам мен отбасындағы жақсы да, жаман да құбылыстармен бетпе-бет келіп отыр. Қазір әскери және азаматтық психикалық денсаулық орталықтарының мүмкіндіктерін барынша пайдалану шаралары қолға алынған. Сонымен қатар жасанды интеллект негізінде жасалған Telegram-боттар іске қосылып, әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына тәулік бойы анонимді көмек көрсетуде", — деді ол.
Оның айтуынша, қорғаныс ведомствосы жоғары оқу орындарындағы психологиялық әдістемелерді зерттеп, оларды әскери жүйеге бейімдеу мүмкіндігін қарастыруда.
Алайда, вице-министрдің жауабы Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның көңілінен шықпады.
"Егер бұл мәселені тек психологтар арқылы шешуге болатын болса, әлдеқашан шешілер еді. Негізгі жұмыс сіздердің әскери бөлімдеріңіздің ішінде жүргізілуі керек", — деді ол.
Айта кетейік, соңғы аптада бірнеше қайғылы жағдай болды. Маңғыстау облысындағы Шекара қызметі департаментінде мерзімді қызметтегі сарбаз қаза тапты. Алматы облысының Наурызбай ауданында шекарашы әскери қызметші менингококцемиядан көз жұмды. Жетісу облысында Десанттық-шабуылдау әскерінің сарбазы оқу-жаттығу кезінде атыс қаруынан жараланып, қаза болды. Барлық фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, қызметтік тексерістер жүргізілуде.

"Қанды Қаңтар" алдында газ бағасын көтеруді қолдаған мұнай сарапшысы тағы сынға қалды: Енді жолақыны қымбаттатуды ұсынды
