Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұбайым қазақ тілін үйреніп жүр": Ұлыбританияда 14 жыл тұрған жерлесіміз ұлтаралық некесі, елде жұмысқа орналасу кезеңдерін айтып берді

Гүлзира Ричард – Ұлыбританияда тұрып жатқанына 14 жыл болған жерлесіміз. Ол он бес жасында Біріккен Корольдікке көшкен. Отанына қайта оралған соң ару жұбайын – француз азаматын жолықтырып, тұрмысқа шығады. Отандасымыз шетелде тұрса да, Отанынан жырақтамаған, жылына бірнеше рет елге келіп тұрады, қазақтың салт-дәстүрін сақтауға тырысады, баласы мен жұбайына қазақ тілін үйретуге атсалысып жүр.

Гүлзира Ричардтың ата-анасы 15 жасында бойжеткенді сапалы білім алу мақсатында Англияға оқуға жібереді. Осылайша, ару Оксфордқа түсуге дайындық колледжін, Шотландияның Абердин (University of Aberdeen) магистратурасын бітіреді. 

Лондондағы өмір: тұрғындары мен білімі

“Лондон қаласына ата-анам мектеп бағдарламасын меңгеруге жіберді. Қаладан он бес шақырым қашықтықта орналасқан жабық мектепте оқыдым. Сол кезден бастап өмірім толықтай өзгерді. Бастапқыда Қазақстанды қатты сағынатынмын. Тамағын, дәстүрін, достарымды ойлап, көңілім жабырқайтын. Уақыт өте келе ағылшындардан көп нәрсені үйрендім. Содан соң жоғары білімді де осы қалада алдым. Қазіргі уақытта жұбайым мен қызыммен бірге Ұлыбританияда тұрып жатырмыз. 

Жақында Қазақстанға бір ай болуға келдік. Алты айдай елде болмаппыз. Жалпы жылына екі рет келіп тұруға тырысамыз. Уақыт болса 3-4 рет келуге де болады. Жұмысым Лондон қаласында, алайда пандемия кезінде елдің кез келген түкпірінен жұмыс істеуге мүмкіндік туындады”, – дейді ол. 

Айтуынша, өзі елде болмаған уақыттан бері Алматы қаласының келбеті мен көшелері қатты өзгерген.

“Ұлыбритания мен Қазақстан жаныма жақын. Шетелде қанша жыл тұрсам да, Қазақстан жан жүрегімде. Қай жерге бармасам да, Алматыда өзімді үйдегідей сезінемін. 

Ұлыбританияда он бес жасымнан тұрып жатқандықтан өте керемет артықшылықтарын көрдім. Мектепті, университетті бітіріп, жұмысқа орналастым. Елде білім деңгей өте жоғары”, – дейді ол.

Гүлзираның айтуынша, Лондондағы қазақтармен 22 Наурызды тойлайды. 

“Әртүрлі ұлттармен достасып, шүйіркелесіп кеттім. Қазір өзге ұлттардан достарым өте көп. Ағылшындар – мейірімді халық. Лондон ұлтаралық қала болғандықтан, барлығымен тату-тәтті өмір сүреді. Әрине, Қазақстанға келгеннен соң сағынып өз ұлттық тағамдарымызды, бешбармақ, қуырдақ, бауырсақты жеп, сүтпен шай ішеміз”, – дейді ару. 



Ұлыбританиядағы жұмыс: сұранысқа ие мамандықтар, орташа жалақы, жұмысқа қабылдау кезеңдері

Гүлзира – қаржы сарапшысы. Лондонда трейдинг бағытында жұмыс істейді. Айтуынша, елде медицина, қаржы мамандықтары сұранысқа ие. Ал Ұлыбританиядағы жалақы – әлемдегі ең жоғары еңбекақы екенін тілге тиек етті.

“Қазақстандықтардың көбі шетелге көшіп жатқаны рас. Алматыдан басқа қалаларда да өмір оңалып келеді. Дегенмен, меніңше, Ұлыбританияда мүмкіндік көп. Жеке басым, жұбайым, жалпы жанұям Франциядан болғандықтан Еуропада көп уақытымызды өткізуге тура келеді. 

Ұлыбританияда жұмысқа тұру өте қиын. Орналасу үшін 5-6 кезеңнен тұратын сұхбаттан өту керек. Олар мүмкіндігінше өз ісінің мамандарын жинап, компанияға алады. Ұлыбританияда жұмысқа тұрар кезде сіздің білім деңгейіңізге қарайды. Білімі жоғарыларға, сәйкесінше, жалақы да жоғары ұсынылады. Елдегі орташа жалақы сіздің тәжірибеңізге байланысты. Шамамен 2 мың фунттан (1 183 800 теңге) басталады, орташа жалақы салық алынбай тұрып 21 мың фунтты құрайды(12 миллион теңге). 

Әдетте, Біріккен Корольдікте жұмысқа тұру 6-7 кезеңнен тұрады:

Бірінші кезең – онлайн түйіндеме жіберу. Өзіңіздің кім екеніңізді, қайдан келгеніңізді, қайда оқып, білім алғаныңыз, тәжірибеңізді жазып, компанияның сұрақтарына жауап жібересіз. 

Екінші кезең – HR маманы түйіндемеңізді қарап қабылдаса, онлайн тесттен өтесіз. Олар алуантүрлі болып келеді. Ең басты үш тест халықаралық компаниялар ұсынатын сынақтар. Келесі кезеңде HR маманы осы сынақтардың нәтижелері мен түйіндемеңізді бас менеджерге береді. Бұл кезеңде түйіндеме мен тесттерді қарап онлайн сұхбат өткізеді. Осы төртінші кезеңнен көбі өтпей жатады. Себебі әр компания өзінің талаптарына сай қызметкерлерді іздейді. Әр адамның өзінің адамгершілігі, көзқарасы мен ұстанымы сай келмесе оны компания жұмысқа алмайды. 

Бесінші кезең – халықаралық ұйымның талабына сай, кейс береді, сол жағдайда өзіңізді қалай ұстайтыныңызды, сұрақтарға қалай жауап беретініңізді тексереді. 

Алтыншы кезең  директорлар, менеджерлермен кездесу. Оларға қалай әсер ететініңіз өзіңізге байланысты. 

Жетінші кезең  жұмысқа орналасу. HR маманы сұрақтар қойып, компания туралы айтып береді. 

Ұлыбританияда жұмыс істегісі келетіндерге кеңесім: өз жаныңыз қалайтын ісіңізбен айналысыңыз, мақсат пен жоспар, ұстанымыңызға қарай әрекет етіңіз”. 

Ұлтаралық неке: қазақтар мен француздар дәстүрі

“Ұлтаралық некем жайлы көбі сұрап жатады. Шынымды айтсам, расымен де қызық жағдай болды. Қазақстанға алты айға келген кезім еді. Жұмысқа орналасып, түскі асқа шыққан кезде, қазіргі жұбайым сол мейрамханаға барып, мен отырған үстелдің жанына жайғасады. Осылайша, қасыма келіп, екеуміз танысып кеткен едік. Басында әке-шешем менің таңдауыма сәл таңырқады. “Досым бар, француз, тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады” деп едім, әкем ойланып-толғанып, “Қызым, өзің қара, жақсы бала деп ойлаймын” деп батасын берді. Әкеммен өте жақсы тіл табысып кетті. Жұбайым мейірімді жан, жақындарым, достарымның іші-бауырына кіріп кетеді, керемет қарым-қатынас орнатқан. 

Француздардың қазақтардан қатты айырмашылығы жоқ. Бұл, әрине, жанұяға байланысты. Мәселен, үйлену тойымызда 200 адам болды. Салтанат Францияның Шато сарайында өтті. Ең жақын құрбыларым, әпкем тойға келді. Жұбайым Қазақстанда орыс және ағылшын тілінде сөйлейді. Қазір қазақ тілін ақырындап үйреніп жүр. Қазақстан-британ университетінде мұғалімдерден меңгеруде. Қызым Қазақстанға келгенде қазақша, орысша түсініп, сөйлейді. Күйеуімнің отбасы мені өте жылы қабылады. Әрине, қазақ болып туған соң өз дәстүрімді сақтауға тырысамын. Алдағы уақытта жанұямызбен Қазақстанға келіп тұру жоспары бар”, – дейді Гүлзира Ричард. 

Талқылау