ҰҚК екі террорлық актінің алдын алды - Тоқаев
Қазақстанда Ұлттық қауіпсіздік қызметі жыл басынан бері екі террорлық актінің алдын алды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев комитеттің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік органдарының екі мыңыншы жылдары терроризм мен радикалды діни экстремизмге қарсы күреске қосқан үлесіне тоқталды. Сондай-ақ Сыртқы барлау қызметінің ұлттық мүддені қорғау жолында өз міндетін табысты орындап келе жатқаны және Комитеттің "А" арнаулы қызметі мен Шекара қызметінің жұмыстары туралы айтты.
"Жыл басынан бері Комитет қызметкерлерінің тиімді жұмысының арқасында экстремистік әрекеттерге қатысқан және терроризмді насихаттаған 42 адам ұсталды. Екі терролық актінің алдын алды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Ұлттық қауіпсіздік органдары полициямен бірлесіп, бірқатар аса қауіпті қылмыстық топты құрықтады, бандиттік ұйымдардың 22 мүшесі тұтқындалды. Нәтижесінде 700-ге жуық қару-жарақ, 54 граната, 17 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Жарты жылдың ішінде елімізде 15 есірткі лабораториясы, 23 халықаралық және 40 аймақтық есірткі каналдары жойылды, 3 есірткі плантациясы әшкереленді. Шетелдік серіктестермен бірлесіп, халықаралық есірткі тасымалына қарсы күрес аясында 14 халықаралық арнайы операция жүзеге асырылды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
