Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҰБТ тапсырушы үміткерлерді енді екі камера бақылайды

Қазақстанда қаңтар айында басталатын Ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп жатыр. Ол 26 қаңтарда басталып, 22 ақпанға дейін жалғасады. Биылғы ҰБТ-дағы басты жаңалық – қосымша екінші камераның орнатылуы болды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің жедел кеңесінде белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Биылғы жылы тестілеу "бір компьютер – екі камера – бір тестілеуші" қағидасы бойынша өткізілуде. Министр Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, алдыңғы камера Face ID арқылы тестілеуге қатысатын адамды сканерлейді.

"Биыл тестілеудің қауіпсіздігін, ашықтығын және әділдігін қамтамасыз ететін жаңа элементтер енгізілуде. Осындай жаңалықтардың бірі – қосымша бақылау камерасын орнату. Егер бұған дейін бір камера болса, енді екінші камера орнатылады, бақылау құралы адамды анықтайды және белгілі бір уақыттан кейін компьютерде кім екенін жазып алады, осылайша біз тестілеудің барлық кезеңінде сол адам компьютердің алдында отырғанын немесе отырмағанын біле аламыз", – деді білім министрі.



Министрдің айтуынша, тестілеуді бастау және оны аяқтау үшін компьютерде адамды тану жүйесі іске қосылады.

Айта кетейік, жедел кеңес отырысында министр қаңтар және тамыз айларында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуден өту бағасын төмендетуді де тапсырған болатын. 2012-2021 жылдар аралығында ақылы ҰБТ 2 242 теңге болса, бүгінгі күні 5 640 теңгеге өскен.

Сонымен қатар қаңтар айында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен талапкерлердің 34%-ы межелік балды жинай алмағаны туралы жазылған.

Ақберен Амангелді
Бейсенбі, 03 Ақпан, 2022 16:35
Талқылау