Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

16 жыл бойы өткізіліп келеді: Министр ҰБТ форматының өзгермегенін айтты

Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 20-30 маусымда өтетін ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

ҰБТ

"16 жыл бойы өткізіліп келе жатқан ҰБТ-ға осыған дейін 1 млн 800 мыңға жуық адам қатысты. Жалпы ҰБТ форматы биыл өзгеріссіз қалды. Тапсыратын пәндер, сұрақтар, ұпай саны, уақыты бұрынғы форматта. Биыл тестілеуге қатысуға 117 242 адам өтініш берді. Оның 96 мыңнан астамы – биылғы мектеп түлектері, 20 мыңнан астамы – колледж және шетелдік білім беру ұйымдарының бітірушілері", - деді Аймағамбетов. 

Биыл ҰБТ 20-30 маусым аралығында 169 тапсыру пунктінде өтеді. Оның айтуынша, тестілеуді өткізуге және бақылау мақсатында аймақтарға министрліктің арнайы өкілдері жіберілген. Ал тестілеу материалдары құпия режимде өңірлерге жеткізілген.

Министр құрамына құқық қорғау органдарының, қоғамдық бірлестіктердің және БАҚ өкілдері енген мемлекеттік комиссиялар құрылып, жұмысын бастауға әзір екенін айтты. Аудиториялар 100% ұялы телефон сигналдарын өшіретін құралдармен және бақылау бейнекамераларымен жабдықталған.

Естеріңізге сала кетсек, күні кеше жаңа білім және ғылым министрінің тағайындалғаны туралы хабарлаған болатынбыз. 

Талқылау