“Ямагата Мухунури, Иван Чёрный”. Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы жарыстарда неліктен лақап атпен күрескен
Бүгін күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының туған күні. 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел деген ауылда дүниеге келген палуанның бағындырған белесі көп. Бірақ көптеген жарыста ол орыс патшалығының саясатына байланысты лақап атпен күресуге мәжбүр болған. Stan.kz ақпарат агенттігі тарихтан жеткен деректерді жинақтады.
Фото: ашық дереккөзден
Қажымұқан Мұңайтпасұлы бала кезде ел назарына түсіп, жиын-тойларда жауырыны жерге тимей “бала балуан” атанып кеткенін ел жақсы біледі. Десе де үлкен жарысқа ол цирк қожайыны Злобин, естелік деректерде “Ваня ағай” деп аталатын азаматтың тікелей түрткісімен келді. Ол Қажымұқанның ерекше қасиетін бағалап, Санкт-Петербордағы мектепті ашқан атақты Лебедевке хат жазған. Сол арқылы қазақ батыры балуандық өнерге бет бұрды.
Қажымұқан Мұңайтпасұлының тұңғыш рет әлемдік деңгейде жарқ еткен шағы — 1906 жыл. Балуан Алманияда өткен дүниежүзілік сайыста әлем чемпионы атанады. Десе де дәл осы додада қазақ халқының атын шығарған азаматты орыс патшалығы ұната қоймайды. Салдарынан күш атасы көптеген жарыста лақап есімдермен күресуге мәжбүр болған.
Бірінде орыс палуандарының атын жамылса, енді өзге жарыстарда жапонша есіммен күресті. Өйткені сол кездегі саясат бойынша жапондар да жақсы күреседі деген жарнамалар жақсы жасалатын. Осылайша ол татами төрінде Ямагата Мухунури де, Иван Черный да, Қара Мұстафа да болды.
Фото: ашық дереккөзден
Ямагата Мухунури Қажымұқанның ең алғашқы лақап аты. Дәл осы есіммен қазақ балуаны Харбин қаласында өткізілген “джиу-джитсу” турнирінде өнер көрсетті. Әрі жеңімпаз атанды. Абыройы асқақтаған Қажымұқанды тіпті жұрт "Маньчжурия" чемпионы атап кетті. Тіпті Октябрь революциясына дейін ол осы "Мухинура" деген лақап атпен шығып жүрді. Әрі Қажымұқан қатысқан чемпионаттарды ұйымдастырушылар, сол замандағы жағымпаз баспасөз өкілдері, біресе “жапон” деп, біресе “маньчжур” деп, мүмкіндігінше “қазақ” екенін айтпауға тырысты.
Мәселен, 1909 жылы Қажымұқан атақты эстон балуаны, әлем чемпионы Георг Лурихтың тобында күресіп жүреді. Лурих өз тобының жетекші балуандары жөнінде айта келіп, Қажымұқан туралы: “Шығыс ұлы жапон “Мухинура” ол сирек кездесетін мықты балуан. Күресте қайтпайтын бірбеттігі, далаға тән қайсарлығымен және ызақорлығымен ерекшеленеді” — деген естелік жазып қалдырған.
Сонымен қатар Қажымұқанның “Иван Чёрный”, “Қара Мұстафа” деген де лақап аттары болды. Ол 1909 жылғы халықаралық палуандар жарысына “Қара Мұстафа” деген атпен шыққан. Сөйтіп бүкіл дүние жүзіне балуанның неше түрлі лақап аттары тарай бастайды.
Осылайша дүниежүзінің 28 мемлекетін аралап, сол жерлердің мықты-мықты балуандарымен белдесіп, қоржынына 56 медаль салған Қажымұқан Мұңайтпасұлы тек қазақ тарихында ғана тау тұлға болып қалыптасты. Егер шын мәнінде ол өз атымен күрессе оның Қажымұқан Мұңайтпасұлы деген есімі әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазылар еді.
Фото: ашық дереккөзден
Қажымұқан Мұңайтпасұлы патша үкіметі құлағаннан кейін біраз қудалауға ұшырады. “Патшадан талай медаль алған” деген айыппен Түркістан өңірінде, Өзбекстан жерінде бас сауғалады. 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Ленин туы колхозында қайтыс болды. Бүгінде Темірлан деген ауылда, қабырының басына ескерткіш орнатылған.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
