World Boxing жеке деректері тарап кеткені үшін Иман Хелифтен кешірім сұрады
Фото: Getty Images Sport
Халықаралық World Boxing ұйымы алжирлік Олимпиада чемпионы Иман Хелифтен ресми түрде кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған себеп — жақында ұйымның гендерлік тестілеу енгізілетіні туралы мәлімдемесінде спортшының аты аталып, оның жеке деректерінің құпиялығы бұзылған.
World Boxing президенті Борис ван дер Ворст Алжир бокс федерациясына арнайы хат жолдап, ұйымның Иман Хелифтің жеке ақпаратының қауіпсіздігін сақтай алмағанын мойындады.
Бұл оқиға 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында Хелифтің жеңісінен кейін туындаған дау-жанжалдың жалғасы болды. Сол кезде оның жыныстық сәйкестігіне қатысты сұрақтар пайда болған еді. Жағдайға жауап ретінде World Boxing 18 жастан асқан барлық спортшыларға міндетті генетикалық тестілеу енгізілетінін хабарлады. Тест сілекей, қан немесе мұрын/ауыз қуысынан алынған жағынды арқылы жүргізіледі.
Бұған дейін БАҚ-та Иман Хелифтің кариотипі ер адамға тән хромосомалық жиынтықты көрсеткені туралы ақпарат тараған болатын. Осы жаңалықтан кейін жазушы Джоан Роулинг Иман Хелифті Олимпиада алтынынан айыруға шақырды. Айта кетейік, бұл оқиға оның медициналық есебі жарияланғаннан кейін орын алған еді.
Қазіргі уақытта Иман Хелиф те, Алжир бокс федерациясы да жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ. Дегенмен бұл оқиға спорттағы этика, спортшылардың құқықтары мен жеке өмірді қорғау мәселелері төңірегінде кең ауқымды пікірталас тудырды.

Қай айларда шетелге саяхаттау арзан
